Жыл басынан бері ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің тексеру қорытын-дысы аясында табиғи монополиялар туралы заңнама нормаларын бұзушылықтарды жою туралы 4 ұйғарым енгізілді. Табиғи монополиялар туралы заңнама нормаларын бұзғаны үшін 9 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 28 млн теңгеге айыппұл салынды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы аясында 15,3 млрд теңгеге жуық қосымша инвестиция тартылғанын мәлім етті. Айтуынша, 2027 жылға дейін инвестицияның жалпы көлемі шамамен 64 млрд теңгені құрамақ.

– Департамент Павлодар облысы бойынша 55 табиғи монополиялар субъектісінің қызметін 87 қызмет бойынша реттейді. 2024 жылдың басынан «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы шеңбе-рінде 3,3 млрд теңге сомасында 1 инвестициялық бағдарлама бекітілді. «Павлодар-Водоканал» ЖШС электр энергиясын сатып алу және тасымалдау бағасының өсуіне байланысты тарифті көтеруге өтінім берді. Жағдайды сараптай келе, басқарма есепке алу аспаптары бар жеке тұлғалар үшін сумен жабдықтау қызметтерінің бағасын 58 теңгеден 72,85 теңгеге, есепке алу құралы жоқ жеке тұлғалар үшін 87,04 теңгеден 108,8 теңгеге дейін көтеруге рұқсат берді, – деді Н.Нұрмұратов.

Сондай-ақ, басқарма басшысы монополистер бірінші сорғы станциясынан екіншісіне дейін бес шақырымға жуық магистральді су құбыры желісін салуды өз міндетіне алып отырғанын айтты. Бұл қызмет көрсету сапасын арттырады. Бұдан бөлек, 20-ға жуық монополист максималды тариф бойынша жұмыс істейді. Жалпы сомасы 48,5 миллиард теңгеге 18 инвестициялық бағдарлама бекітілген. Айта кетейік, бүгінгі таңда тариф белгілеу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында тарифтердің жоспарланып отырған өзгерістерін жария талқылауға және халықпен кері байланыстың тиімді тетіктерін енгізуге бағытталған ережелер заңнамалық түрде бекітілгенін атап өту қажет.

А.МҰҚЫШЕВ.