Аймағымызда қоғамдық көліктерді жаңарту мәселесі жүйелі негізде жүзеге асуда. Келесі жылы автопарктің жаңару көрсеткіші 90, 2026 жылы 100 пайызға жеткізілмек. Ал трамвай өткелдерінде күрделі жөндеу жұмыстары қашан басталады? Тұрғындар жаңа трамвайлармен қашан қатынайды?
Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиын барсында талқыланды. 2023-2024 жылдары Павлодар және Екібастұз қалаларындағы автокәсіп-орындар 211 жаңа автобус сатып алды. Жыл соңына дейін Павлодар қаласына тағы 32 автобус жеткізіледі деп күтілуде.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкировтің айтуынша, қалалық қоғамдық көлік бағыттарының желісі оңтайландырылды. Павлодарда 6 бағыт және Екібастұзда Лесхоз кенті мен 3-шағын ауданға дейін 2 бағыт ұзартылды.
Биыл жыл соңына дейін Павлодарға қосымша 12 жаңа шағын класты автобус
және сыйымдылығы үлкен бірінші класты 20 автобус жеткізіледі деп күтілуде. Бұл
ретте 32 жаңа автобустың келуімен автопарктің жаңару көрсеткіші
82 пайызды құрайды. Бұл жоспар жыл соңына дейін орындалмақ.
– Жолаушылар тасымалының тұрақты жұмысы мен тарифтердің қолжетімді деңгейін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен облысішілік, қалаішілік және ауданішілік 171 маршруттың 126-сы жалпы сомасы 5,9 миллиард теңгеге субсидияланады. Бұдан басқа, Павлодар қаласында 1,5 миллиард теңге сомасына 14 трамвай маршруты субсидияланады, – деді Қанат Қашкиров.
Бұл ретте, Асайын Байханов Ақсу қаласы тұрғындарынан аптап ыстық күндері автобустарда кондиционердің жұмыс істемегені туралы шағым көп түскенін айтты.
Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов тасымалдаушы компа-нияға аталған мәселе бойынша талап қойылғанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінгі күні Ақсуда 26 автобус бар және қоғамдық көліктер бағдарлама бойынша жаңартылуда. Тасымалдаушы компания қалалық бюджеттен 202 миллион теңге, ауылдарға жеті маршрут бойынша 26 млн
теңге субсидия алады.
– Субсидиялау – міндет емес, бұл – мүмкіндік. Жоғарғы деңгейде қызмет көрсетсе, олардың субсидия алуға құқы бар. Ал қызметтің деңгейі төмен болса, онда субсидияны қысқарту керек.
100 пайыз жаңа автобус болу керек деген міндеттеме жоқ. Бастысы, автобустар қолайлы құралдармен жабдықталуы керек. Әсіресе, ыстық күндері қоғамдық көлікте кондиционер болуы тиіс, – деді Асайын Байханов.
Аппараттық жиында Қанат Қашкиров Павлодарда биыл жеті трамвай өткелі күрделі жөндеуден өтетінін мәлімдеді. Қалған сегіз өткел 2025 жылы жөнделмек. Сондай-ақ, 2 жыл ішінде «Еуропа қайта құру және даму» банкінен алынған қаражат арқылы аккумуляторлық батареялармен жүретін автономды 25 жаңа трамвай сатып алынады. Бұдан бөлек, жолаушылар тасымалының тұрақты жұмыс істеуі және тарифтердің қолжетімді деңгейін қамтамасыз ету мақсатында биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1,5 млрд теңге сомасына 14 трамвай маршруты субсидияланады.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.