Түркияға — тікелей рейс

Мам 29, 2025

Павлодар қаласындағы әуежай сәуір айында жөндеуге жабылғанын білесіздер. Қазіргі таңда мұнда қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жөнделгеннен кейін Павлодардан еліміздің Алматы және Астана қалаларына, Түркияның Анталья қаласына тікелей рейстер ашылады деп күтілуде.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаевтың арнайы жұмыс сапары барысында белгілі болды.

— Әуежайды жаңғырту аясында ұшу-қону жолақтары, жермен жүру жолдары, перрон қайта жаңартылады. Жарық-дабылды жабдығының жүйесі ауыстырылады, периметр бойымен жарықтандыру, бейнебақылау жүйелері, қоршау орнатылады. Бүгінгі таңда жұмыстар кестеге сәйкес іске асырылуда. Екі ауысыммен бұл нысанда 32 техника және 75 жұмысшы тартылған, — делінген министрліктің ресми сайтында.

Жоғарыда аталған үш қалаға жоспарланған рейстен бөлек тағы да қосымша халықаралық бағыттар ашу бойынша жұмыстар пысықталуда.

Министр Ертіс өзені арқылы өтетін еліміздегі алғашқы экстрадозды көпір құрылысының барысымен де танысты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан көпірдің ұзындығы –
691 метр. Қазіргі таңда Алты тіреудің төртеуі салынып қойған. Алдағы маусым айында мердігер компания аралық құрылысты бетондауды бастамақ.

Көпір құрылысының қарқыны тиісті кестеден асыра орындалып жатқаны белгілі болды. Министр мердігер компанияға жұмыстарды мерзімінен бұрын аяқтау міндеті қойылды.

Жаңа көпір төрт жолақты болады. Бұл 60 жылдан астам уақыт пайдалануда болған ескі көпірді алмастырады. Жоба сәтті іске асса, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырады, көліктік байланысты жақсартады, автомобиль жолдарының өткізу қабілетін жоғарлатады деп күтілуде. Айта кетейік, көпірді қазақстандық мердігер ұйым салып жатыр. Мұнда 220 маман және 61 арнайы техника жұмылдырылған. Мамандардың мәлімдеуінше, жаңа көпір ескісінен 5 метрге жоғары, бұл Ертіс өзенімен кемелердің қауіпсіз қатынауын қамтамасыз етеді. Көпір салушылар мониторингтің заманауи жүйесін орнатуды көздеп отыр.

Г.МАҒЖАН.