Павлодар қаласындағы Айманов көшесі, 29-үйдің тұрғындары бірнеше тәулік бойы қатты суықта отыр. Пәтерлер мұздай болып, қабырғалар салқындап, адамдар үй ішінде жылы жамылғыларға оранып, бар амалын жасап, тоңбаудың жолын іздеп отыр. Тұрғындар бұл жағдайға қатысты әлеуметтік желілерде қалалық әкімдік пен коммуналдық қызметтерді шұғыл әрекетке шақырды.
Тұрғындардың айтуынша, коммуналдық қызмет өкілдері бірнеше рет «мәселені тез арада шешеміз» деп уәде бергенімен, нақты нәтиже әлі жоқ. Әр жаңа күн тұрғындарға үміт сыйлаудың орнына, тек уәде сөздер мен «қызметкерлердің тексеру жұмыстары» деп аталған ресми әрекеттермен ғана өтуде.
Мұны одан әрі ушықтыратын фактор – үйдің Ертіс өзеніне жақындығы. Ауадағы жоғары ылғалдылық салқынның күшін еселей түсіп, адамдардың төзімін сынап отыр. әсіресе, балалар мен қарттар осы суықтан қатты зардап шегуде. Тұрғындар әлеуметтік желі арқылы қала әкімдігі мен облыс әкімдігіне нақты іс-қимыл жасауға шақырып, өз алаңдаушылық-тарын білдірген.
Қала әкімдігі ресми түрде жауап беріп, тұрғындардың өтініші ескерілетінін айтты.
– Бұл мекенжайда апатты жағдай анықталған жоқ. Қызметкерлер тексеру үшін шығады, – деді.
Ал, «Павлодар жылу желілері» компаниясы өз кезегінде тексеру жүр-
гізіп, жылу қондырғысының барлық пара-метрлері нормативке сай екенін айтты. Алайда тұрғындар үшін бұл ресми ақпарат – қағаз бетінде ғана, ал пәтерлердің суық ауасы нақты сезіліп отыр.
Әлеуметтік желілерде тұрғындар ренішін білдіріп: «Жылу жоқ, қызмет әлі келмеді. Мүмкін біз оларды өзіміз әкелеміз бе?» – деп жазуда. Олар үшін ең бастысы – тексеру емес, жылу. Тұрғындар жылуды сезіну үшін нақты әрекет күтуде.
Қаладағы коммуналдық қызметтердің кешігулері тұрғындардың күнделікті өміріне қатты әсер етуде. Пәтерлерде тоңып отырған адамдардың көңіл-күйі алаңдаушылық пен үрейге толы. Әсіресе, балалар мен қарттар үшін бұл ауыр. Олардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін әр сағат маңызды.
Алдағы күндерде мәселенің қалай шешілетіні көпшіліктің назарында. Тұрғындар қалалық әкімдік пен коммуналдық қызметтерден жылуды тездетіп қамтамасыз ететін нақты шешімдерді талап етеді. Әзірге Айманов көшесі, 29-үйде тұратын адамдар мұздай пәтерлерде шыдамдылық пен төзімнің шегінде тұр.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
