Елімізде коммуналдық қызметтердің тарифі жыл сайын өседі. Оның көлемін жергілікті атқарушы билік пен монополистік кәсіпорындар белгілейді. Бұдан  жапа шегетін – халық. Осы орайда, Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының  басшылығы  тариф көлемін бекітуде халықтық кеңес құруды ұсынып отыр. «Әділ тарифтер» атты петиция жариялады. Оған сәйкес, тариф бағасын көтеру кезінде жергілікті билік өкілдері, кәсіпорындар халықтық кеңеспен ақылдасуы тиіс. Кеңес мүшелері келіскен жағдайда ғана коммуналдық қызметтерге төленетін қаражат көлемі артады. Тариф көлемін бекітуде халықтық бақылау кеңесін құру дұрыс па? «Әділ тарифтер» петициясы қолдау таба ма? Осы мәселені «Алаңның» талқысына салып көрдік.

Сергей АГАФОНОВ, Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі, петиция авторы (пікір әлеуметтік желіден алынды):

— Қоғамдағы коммуналдық қызметті тұтынушы – халық. Олардың ішінде қоғам қайраткерлері, журналистер, сала сарапшылары, белсенді азаматтар бар. Міне, осы кісілердің басын қосып, халықтық бақылау кеңесін құру қажет. Олар тариф бағасын көтеру мәселесіне тікелей араласып, ойларын ашық айтуы тиіс. Сонымен қатар, кеңес мүшелерінің пікірі ескерілуі шарт. Нысандарды аралап, тексеріс те жүргізуі мүмкін.

Ұйымдастырылған қоғамдық бақылау халық жағдайын назарға алуы керек. Тарифтен түсетін ақшаны игеруді бақылаумен айналысатын адам бұл жұмысты тиісті деңгейде атқармайды. Сондықтан қоғамдық бақылауды арнайы кеңес қолға алғаны жөн. Қазір шағын және орта бизнес саласында да тариф көтерілуде. Бұл жағдай тек тұрғындардың қалтасына салмақ салады. Сол себепті осы мәселені ескеру керек. Петицияда биыл 1 сәуірде жұмысын тоқтатқан жеке энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың лицензияларын тоқтата тұру мәселесі қайта көтерілді. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасында энергетика нарығында мүмкіндігінше бәсекелестік болуы тиіс.

Нұрлан НҰРМҰРАТОВ, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысы:

— Бұл ұсыныс халыққа жариялылықты, ашықтықты көрсету үшін айтылып отыр. Бізде өңірлік тарифтік комиссия жұмыс істейді. Оның құрамында БАҚ өкілдері, білімді, тәжірибелі азаматтар бар. Олар тұрғындардан түскен өтінімдерді департамент өкілдерімен бірге қарап, қоры-тындылайды. Шешім шығару кезінде олардың пікірі ескеріледі. Тариф мәселесінде қоғамда барынша ашықтықты қамтамасыз етуге тырысамыз. Есептер мен ұсыныстар «Монополист» базасы электронды порталына түседі. Кез келген үшінші тұлға порталға кіріп, ақпаратты оқи алады.

Жалпы, өз басым қоғамдық бақылау кеңесінің құрылғанын, жүйеде ашықтық болғанын қолдаймын. Бірақ оның құрамындағы адамдар білімді әрі тәжірибелі болуы тиіс. Мысалы, біз шешім шығаратын кезде өңірлік комиссия мүшелері келіп, өз ойларын айтады. Біздің де ұсынысты ескереді. Қоғамдық бақылау кеңесі де тәртіпке бағынып жұмыс істеуі тиіс. Мәселе орын алғанда ауызша емес, жазбаша жауап бере алуы керек. Міне, осындай талаптардан қашпағаны абзал. Қорытынды ресми, қазғаз жүзінде шығарылады. Мемлекеттік қызметші туралы заңға сәйкес, біз өкілеттілікті қоғамға немесе жеке тұлғаға бере алмаймыз. Сондықтан шешім шығару билігі мемлекеттік органда болуы тиіс.

Бақытжан АЙТПАЙҰЛЫ, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Жыл сайын қаңтар және шілде айында елімізде тариф көтеріледі. Тіпті, соңғы уақытта екі-үш ай сайын бағаны өсіруді шығарды. Ақылы жолдар, су, жылу басқа да коммуналдық тарифтерге баға қосылуда. Тұрғындар амалсыздан төлеуге мәжбүр. Бұған дейін қыс пен жазда төленетін коммуналдық қызмет ақысында өзгеріс болатын. Қазір жаз айындағы коммуналдық қызмет ақысы қыста төлеген шығынмен тең. Яғни, баға өсіп жатыр. Біздің атқарушы органдар мен монополист кәсіпорындар тарифті өсіруді жақсы меңгерген. Ал қызмет сапасын кім бақылайды? Осыдан бір ай бұрын аймақта қатты жел тұрып, тұрғындар бір тәулік жарықсыз қалды. Аудан-ауылдарда жаңбыр, жел тұрса болғаны, жарық өшеді. Құрылыс жұмыстары басталса, суды өшіреді. Жаз бойы ыстық сусыз отыратын ауданның   бірі – Усолка. Сондықтан сапаға да мән беру керек. Ал құрылатын халықтық бақылау кеңесіне тариф мәселесінде билік берілген дұрыс. Олардың пікірі тек тыңдалумен шектелмеуі керек. Егер бекітілетін тариф көлемі олардың көңілінен шықпаса, бағаны өсірмеу қажет. Сонда ғана әділетті тариф орнайды.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.