Өмірде «болдым, толдым» деуден ада адам болады. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Білімін тереңдетіп, білетінін еселеуге құштар. Жан-жақты зерттеуді жанына серік етеді. Қоғамға пайдасын молынан тигізуге әрдайым асық. Түйгенімен, көп жылғы тәжірибесімен бөлісіп, кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтудан аянбайды. Бағдар беруге де барын салады. Жасап жүрген әрбір әрекеті арқылы өшпес із қалдырып жатқанын өзі де аңғармайды. Есесіне, ел-жұрт біледі. Ел аузынан түспейді. Осындай жандардың бірі — медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Павлодар облысының Құрметті азаматы Сағит Баймұханұлы Иманғазинов.  Ел ағасымен тілдесудің сәті түсіп, өзі елу жылға жуық еңбек еткен денсаулық саласы төңірегінде аз-кем әңгіме құрған едік.

 

— Сағит Баймұханұлы, ақ желеңді маман атану оңай емес. Көп адам бұл мамандыққа баруға жүрексінетіні де рас. Адам өміріне деген үлкен жауапкершілік жатыр мұнда. Сондықтан, әңгімемізді сіздің осы салаға аяқ басқан сәттеріңізден бастасақ…

— Медицинаны меңгеру жан қалауым еді. Бірақ, бұл мамандықты таңдауыма себепші болған жандарды да айтқаным жөн болар. Менің дәрігерлікке баруым ата-анам, мектептегі мұғалімдерім үшін ойламаған жағдай еді. Себебі, Павлодар қаласындағы педагогикалық немесе индустриялды институттарға құжаттар тапсырмақ ойда жүргенмін. 1970 жылдың сәуірінде ұстазымыз Гауһар Мейрамқызы түлектерге бағдар беру мақсатында қаладағы абыройлы адамдармен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге келгендердің арасында Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген дәрігері Роза Сұлтанова барды. Әлі есімде, алдымен сөзді Роза Әбдірахманқызы бастады. Ол өзінің дәрігерлік мамандығын шексіз сүйетінін, сырқат адамға қол ұшын беріп, демеу көрсету өмірдің бір ләззаты екенін сондай бір сүйіспеншілікпен баяндап берді. Әңгімесі әсерлі еді. Маған ой салды. Осы кездесуден кейін дәрігер мамандығын таңдаймын деп шештім. Сөйтіп, сол жылы Семей медицина институтына оқуға түсіп кеттім. Жалпы, қай мамандыққа барсаң да алдыңнан шыққан алғашқы ұстаздардың қабылдауы, кәсіптің қыр-сырына бірден сүңгіте білуіне көп дүние байланысты ғой. Осы орайда менің жолым болды.

— Жүздеген хирургиялықота жасағаныңызды білеміз. Сіз жасаған жылдары қажетті құрал-жабдықтар да жұтаң еді ғой. Сондай жоқшылықта адам жанына араша түстіңіздер. Есіңізде қалған, жоқтан бар жасап, әйтеуір адам өмірін аман алып қалған оқиғалардың бірін еске түсірсек…

— Ол рас. Еңбек жолымыздың көп бөлігі аса қажетті жабдықтарға қол жеткізу арман болған кездер еді. Еңбек жолымның басында 20 жыл бойы Павлодар қалалық №1 ауруханасында күн-түн демей, хирург болып еңбек еттім. Хирургия ол мамандық қана емес, мен үшін өмірімнің бір бөлшегі іспетті. Қиындығы көп хирургияда нендей жағдайлар болмады десеңізші! Солардың біріне тоқталсам. Бірде жарақат алған адамға шұғыл түрде ота жасалды. Іш құрылысына зақым келіп, қансырап ауруханаға түскен еді. Жедел ота кезінде көк бауыры алынып, зақымданған тіндері тігіліп, операция аяқталар кезеңінде сырқаттың жағдайы күрт төмендей бастады. Дереу қан құю керек болды. Қан тапшылығы болған соң, операция үстелінің жанына арба қойылып, соған мені жатқызып, жарты литрге дейін тамырдан-тамырға қан құйылып, адам өмірін сақтап қалдық. Сөйтіп, донор болып та шыға келдім. Бұндай жағдай хирургияда кездесіп тұрады ғой, дегенмен, хирургтың аяқасты қан тапсыруы өте сирек жағдай. Айтарым, әрбір сақталып қалған адам өмірі қол жетпейтін құбылыс деп танимын. Міне, хирургияға тағы да оралдым, бірақ, қазір ұстаз ретінде.

— Медициналық біліміңіз де, тәжірибеңіз де баршылық. Ғылыми тұрғыдан да зерттеу жүргізіп, түрлі тақы-рыпқа терең үңілесіз. Сіздің ойыңызша, қазіргі Қазақстан медицинасының бет алысы қалай? Не бар, не жетіспейді?

— Шынын айтсақ, бүгінгі медицинада түйткілді тұстар баршылық.  Бұл жайында жақында өткен Мәжілістің парламенттік сағатында кеңінен талқыланды. Кемшіліктер мен шығу жолдары аталды. Басты кемшілік, қаржы тапшылығы екеніне көпшіліктің көзі жетті деп ойлаймын. Денсаулық саласында орын алған олқылықтар қаржылық менеджмент деңгейінің төмендігі мен білікті менеджер-басшылардың аздығы деп түсінемін. Ал дәрігерлердің біліктілігі — өз деңгейінде. Осымен 30-40 жыл бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда заманауи қондыр-ғылар мен емдеу технологиялары өте жоғары деңгейде дамып келеді. Бұл салада дамыған елдермен үзенгілеспіз. Жас әріптестерім әлемдік тәжірибеден қалып жатқан жоқ. Бәрін меңгерген. Мені қуантатыны да — сол. Енді мұны бағалай білу де өте маңызды. Енді біздің өңірімізге байланысты айта кетсем, емдеу мекемелерінің қаржылық берешектеріне аудит жүргізіліп, сарапталса деген ұсынысым бар. Себебі, білуімше, көптеген аудандық емдеу мекемелерінің қаржылық берешектері 120 миллион теңгеден жоғары. Ал олардың айлық қаржыландыру мөлшері — 55-60 миллион теңге мөлшерінде ғана. Қаржының 85-90% қызметкерлердің жалақысын айыру үшін жұмсалады. Бұл мекеменің толық-қанды жұмыс жасауына мүмкіншіліктің төмендігін көрсетеді, берешекті жабу емдеу мекемелері үшін мүлде мүмкін емес. Үлкен емдеу орындарында қаржылық берешек деңгейлері одан да жоғары. Бірақ, сол туралы ақпарат жоқтың қасы. Егерде, дереу шаралар қолданылмаса, жағдай өте мүшкіл болатын түрі бар. Келесі мәселе — қаржыны тиімді жұмсау. Ол үшін ұйымдастырушылық өзгерістер мен қаржыландыру желісін оңтайландыру қажет сияқты. Сол Парламенттік сағатта Мәжілістің Комитет төрағасы А.Аймағамбетов мырза өзінің қосымша баяндамасында денсаулық саласында «Жартылай қаржылық қор ұстау» керектігін тілге тиек етті. Бір ғажабы, сол технология алғаш рет республика көлемінде Павлодар өңірінде туындап, енгізіліп, өзінің өміршең-дігін айғақтаған еді. Өкініштісі, түрлі себептермен тоқтатылған-ды.

— Медицинада қаншама жыл жұмыс істеген соң жанашырлық танытып отырғаныңыз аңғарылады. Саланы дамыту үшін тағы қандай ұсыныс-тілектеріңіз бар?

— Денсаулық сақтау саласында қарама-қайшылықтар орын алып отырғанын байқаймын. Мәселен, қаржыландыру орталықтандырылған. Ол әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) желісі арқылы жүргізілсе, ал денсаулық сақтау органдарының басшыларын жергі-лікті билік тағайындайды. Алайда, жергілікті биліктің қаржылық көмек көрсетуге құқығы жоқтың қасы. Халық денсаулығы алдыңғы шепте болған соң, соған қалайда бір оң ықпал жасауда жергілікті басқару органдарының мүмкіншілігін арттыру тетігін ойластыру да өзекті деп санаймын. Бұл Үкімет деңгейінде ескерілсе деген ойым бар. Әлбетте, айта салу оңай. Ал оны тиісті деңгейде атқару — күрделі шаруа. Бастысы, әркім өзіне жүктелген салмақты сезіне біліп, талмай, қажымай еңбек етуі қажет.

— Шерхан Мұртазаның «Дәрігердің үшінші қаруы» деген әңгімесінде дәрігерлердің жылы сөзі де ем екені айтылады. Осы тұрғыдан, қазіргі дәрігерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

— Сөзіңіздің жаны бар. Бірақ, қазіргі кезде дәрігерлердің науқас-тармен тілдесіп отыруына да уақыт тапшы. Қағазбастылық деген бар. Компьютерге бар ақпаратты енгізу де уақыт алады. Салдарынан өзара сұхбаттасу ұзаққа созылмайды. Ол рас, дәрігердің сөзі де – ем. Сондықтан орайын тауып, науқасқа жылы сөз айтуды, жігерлендіріп жіберуді ұмытпаған абзал.

— Кезінде әлеуметтік ауру саналатын туберкулез індетінің өңірімізде өршуімен күреске үлес қосты дегенді естігеніміз бар. Бұл жұмысты қалай жүргіздіңіздер, қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

— Туберкулез індеті 1994-1998 жылдары темір тордың ар жағында белең алған еді. Осы уақытта DOTS -терапиясын республикада алғашқы болып енгізудің басы-қасында тұрып едім. Ол кез — облыстық ішкі істер департаментінің медицина бөлімін басқарған тұсым. Нәтижесінде, сотталғандар арасында туберкулезден өлім мөлшерін бір жылдың ішінде ондаған есеге азайта алдық. Кейін 1998 жылы осы терапияны жаппай елімізде қолдану туралы Мемлекет басшысының арнайы Жарлығы шықты. Бұл уақытта облыстық денсаулық сақтау департаментіне басшылыққа келген едім. Сөйтіп, DOTS-терапиясын аймағымызда тұрғындар арасында туберкулезбен күреске кеңінен қолдана бастадық. Туберкулезді қатаң қадағалауға мүмкіншілік туды. Нәтижесі де байқала бастады. Оны сол кездегі мамандар жақсы біледі.

— Хирург-дәрігер, медицинада басшылық қызметтен бөлек, оқытушылық бағытта біраз жыл табанды еңбек еттіңіз. Сол көп жылғы еңбегіңіздің жемісі болар, Семей медицина университетінде өзіңіздің атыңыздағы ғылыми мектеп ашылған екен…

— Ол рас, бұл мектеп шәкірт тәрбиелеудегі еңбегіме, ғылыми жолдағы ізденісіме берілген баға болды. 2018 жылы Семей медицина университетінде «Денсаулық сақтау мен денсаулық теориясы мен тәжірибесі» атты ғылыми мектеп менің атыма берілді. Ғылыми ізденістен қол үзген емеспін. Бұл салада 450-ден астам ғылыми мақалам жарияланды. Оның ішінде 12 монографиям, 22 өнертабыстық және тиімді модель патенттерім, 9 оқу құралым бар. Ғылыми жетекшілігіммен
1 докторлық, 4 кандидаттық және 2 PhD докторлық, 4 магистрлық диссертациялар қорғалды. Әлі де талай шәкірттерім ғылыми еңбектермен айналысуда.

— Өңіріміздің емдеу саласына қосқан үлесіңіз де еш кетпеген болар…

— Еңбектің еленгені кім-кімді де қанағаттандырып, ерекше сезім сыйлайтыны сөзсіз ғой. Әр жылдары медицинаға қосқан үлесім өз бағасын алып жатты. 2001 жылы ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін кеудеме тақтым. 2001 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы, 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерейтойлық медальдарымен марапатталдым. 2020 жылы ҚР Денсаулық сақтау саласының «Еңбек ардагері» медалі, 2021 жылы Павлодар облысы әкімінің, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталары табысталды. 2023 жылдың қазан айынан бастап «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атандым.

— Аракідік қолыңызға қалам алып, ойларыңызды қағазға түсіруді әдетке айналдырғаныңызды білеміз. Медицинадан ауылы алыстау бағытқа қалай барып жүрсіз?

— Мектептегі ұстаздарымның көрсеткен жолы, берген бағыты деп білемін. Өзім туып-өскен ауылым — кезіндегі Баянауыл ауданына қарасты Төрт Құдық елді мекенінде оқытқан мұғалімдерімнің санама құйғаны жадымда жаңғырып тұрады. Кейін Павлодар қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы гимназияда да ұстаздарымның мықтылығы деп білемін. Әйтеуір, осыдан 20 жылдай уақыт бұрын қолыма қалам алып, естеліктерді қағазға түсіре бастадым. Алғашқы жазғаным да осы білім нәрін сусындатқан алғашқы ұстаздарыма арналған еді. Одан кейін студенттік шақтағы қызықтарды жаза бастадым. Әсіресе, студенттік кезімізде қой қырқуға барғандағы қызықтар газетке жарияланып, әсерлі шыққан болатын. Ағайын-туыстар, дос-жарандар жайлы, үзеңгілес әріптестер туралы да естеліктерімді шаманың жеткенінше жазуға тырыстым. Әкем туралы, өзімнің қалай дәрігер, ғалым атанғанымды да еске алып, жаздым. Кейде жаным жабырқағанда да қолыма қалам аламын. Сөйтіп, 2013 жылы 60 жасқа толардан бір жыл бұрын бар жазғанымды жинақ етіп, «Есімде менің сол бір кез…» деген алғашқы кітабымды шығардым. Араға он жыл салып, «Шүкір…» атты тағы бір жинағым жарыққа шықты. Жалпы, екі тілде еркін жаза беремін. Жазғандарымды облыстық газеттерге жариялауға апарамын. Жариялауға соншалықты қолқа салып көрмеппін. Бірақ, барлық әңгіме-естеліктеріме редакциялық алқа оң бағасын беріп, оқырманына жолдап отырды.

Біреу білсе, біреу білмес, тоқсаныншы жылдары облыстық телеарнада денсаулық тақырыбында бағдарлама жүргіздім. Жалпы, журналистикаға біртабан жақын жандардың бірімін. Бүгінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесімін. 2013 жылдан бастап медицинаның мұң-мұқтажын, жетістіктерін дәріп-тейтін кәсіби журналистер мен медицина қызметкерлеріне «Алтын жылан» авторлық төсбелгімді табыс-тауды дәстүрге айналдырдым. Бұл төсбелгілерді өз қаражатыма арнайы алтыннан соқтырамын. Эскизін де өзім жасаған едім.

— Әңгімеңізге рахмет!

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.