Ертіс ауданында спорт саласын дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Жақында аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілмек. Құрылысы облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған нысан барлық стандарттарға сай салынған. Мұндай заманауи кешеннен талай чемпион тәрбиеленіп шығады деген сенім мол.

Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталған. Жобаның құны – 440,5 млн теңге. Мердігер – «ГрадСтройСервис» ЖШС. Қазіргі таңда негізгі құры-лыс жұмыстары аяқталып, нысанның аумағын абат­тандыру жұмыстары жүзеге асырылуда.

Спорт кешені жанында теннис корты, волейбол, стритбол және«Workout» алаңдары, қысы-жазы жұмыс істейтін шаңғы-роллер жолдары салынған. Сонымен қатар, қоғамдық шаралар өткізіп, жеңімпаздарды марапаттау орны да қарастырылыпты.

Кешеннің іші түрлі спорттық құралдармен жабдықталған. Ересектер мен жасөспірімдер, балалар түрлі тренажерда шынығып, бос уақытын тиімді өткізе алады. Ал волейбол, футбол, баскетбол ойнайтын спорт залы ауыл жастарын спортқа баулуға таптырмас мүмкіндік бермек. Мұнда тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат секілді үстел ойындары кабинеттері бар, сондай-ақ, медициналық және әдістемелік кабинеттер жұмыс істейді.

Нысанның екінші қабатында ауданда өткізілетін спорттық жарыстардың қатысушыла-рын орналастыруға арналған 56 орындық қонақүй кешені жабдықталыпты. Мұнда спорт-шылардың демалуына қажетті барлық жағдай жасалған. Нысан қысқы уақытта 350 кВт-тық екі пештің көмегімен кезек жылытылады. Алдағы уақытта 17 адам жұмыс істейді, оның үшеуі – бапкер.

Спорттық кешеннің аумағын көгалдандыру мақсатында 49 шырша, 40 қараағаш, 1000 шаршы метр көгал төселеді. Кешен аумағы шегенделіп, автотұрақ орын­дары асфальтталған.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салынуы аудан жастарының спортқа деген қызығушылығын оятып, бапкер-лердің балалар арасынан аудан, облыс, ел намысын қорғайтын сайыпқырандарды тәрбиелеп шығаруына жол ашады.

Торғын ОРАЗАЛЫ.