SONY DSC

Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы агросаланың дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан да, ауыл шаруашылығы – ел экономикасының сәтті дамуына ерекше серпін беріп отырған негізгі драйверлердің бірі екендігі даусыз. Успен ауданы – ауыл шаруашылығын жүргізуге өте қолайлы аймақ болғандықтан, жергілікті диқандар жыл сайын масақты дәнді дақылдар мен майлы дақылдар, картоп, мал азығы және көкөніс-бақша дақылдарын егіп, ел ырыздығына айналдырып келеді.

Мамыражай көктем келісімен егіс науқанын қызу бастап кеткен Успен ауданының диқандары бүгінде дала жұмыстарының бел ортасынан асырып үлгерді. Аудан әкімі Нұрболат Мақашевтің айтуынша, 2023 жылы аудан бойынша болжамды егіс көлемі 248,7 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. Оның ішінде дәнді дақылдар – 167,2 мың гектар, майлы дақылдар – 42,5 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 38,7 мың гектар, картоп – 3 мың гектар, көкөністер – 1 мың гектар.

– Экономиканың ең маңызды саласының бірі – ауыл шаруа-шылығы болғандықтан, өңіріміздің агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндет көп. Сондықтан ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту, нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында үлкен нәтижеге жету үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, Нұрболат Мақашев биылғы егіс науқанына 16,5 мың тонна тұқым дайындалғанын, бүгінгі таңда жергілікті шаруа- лар сұрып жаңартуға мән беріп, өнімділігі жоғары және элиталық тұқымдарды көбірек пайдаланатынын атап өтті. Мұндай агротехнологияларды қолдану егіннің молаюына ықпал ететіні мәлім.

– Шаруалар тұқыммен 100 пайыз қамтылды. Атап айтсақ, биыл астық – 16 мың тонна, майлы дақылдар – 4 мың тонна, мал азығы 1 мың тоннаны құрады. Оның ішінде репродукциялардың жалпы саны қамтылып, элиталық тұқымдар – 2 мың тонна, 1 репродукция 8,4 мың тоннаны құрады. Бүгінгі күні егіс алаңы 185 мың гектардан асты. Бұл – жоспардың 88 пайызы. Оның ішінде дәнді дақылдар – 146,5 мың гектар, майлы дақылдар 38,5 мың гектар жерге себілді, – деді ол.

Ауа райына ғана сеніп отыра берудің қажеті шамалы екенін жақсы білетін аудан басшысы соңғы жылдары диқандар егіс алаңдарындағы ылғалды сақтауға көбірек көңіл бөле бастағанын жеткізді. Бүгінде егістік алаңы бар қожалық иелері жер өңдеу технологиясын жақсарту мақсатында бірінші кезекте техникалық базаны жаңартуға көшкен. Несиелеудің әртүрлі нысандары мен лизингтік компаниялардың қызметтерінің арқасында мұндағы машина-трактор паркі жыл сайын жаңа заманауи техникамен толығуда. Ағымдағы жылы жалпы құны 1348,1 млн теңгені құрайтын 17 жаңа заманауи техника сатып алынды. Нұрболат Мақашевтің айтуынша, бұл бірінші кезекте жер өңдеу жұмыстарының сапасын арттырып қана қоймай, сондай-ақ, жұмыс барысын жылдамдата түсетін көрінеді.

– Биыл 162,4 мың гектар алқапта ылғалдандыру, сондай-ақ, 59 мың гектар алқапта көктемгі жер жырту жұмыстары жүргізілді. Егіс алдындағы өңдеу 50 мың гектарды құрады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тиесілі техникалық құрал-жабдықтардың дайын-дығы 100 пайызды құрайды. Жалпы, көктемгі егіс жұмыс-
тарына барлық модификациядағы 871 трактор, 360 соқа, 184 культиватор, барлық үлгідегі 1116 тырма, 603 тұқым сепкіш және 36 егіс кешені жұмылдыры-лады. Қазіргі уақытта егістік алқаптарында 219 техника жүр. Оның ішінде 39-ы – тұқымдық кешендер, – деді Н.Мақашев.

Бұдан бөлек, аудан басшысы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Успен ауданы бойынша операторлық қызметтерді есепке ала отырып, 3636 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінгенін атап өтті. Бүгінде оның 3551 тоннасы төленді, 3308 тонна экспортталды. Жөнелтудің төмен пайызы облыстың ауылшаруашылық тауар өндірушілерінде жанар-жағармай сақтауға қажетті контейнерлер санының болмауына байланысты, операторлар мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасында сақтау туралы келісім бар. Онымен қоса, көктемгі дала жұмыстарын жүргізіп жатқан жергілікті ауылшаруашылық тауарын өндірушілері биыл 769,6 млн теңгені құрайтын 20 жобаны жүзеге асыруға несие алды. Оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 592,6 млн теңгеге 14 несие берілді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 5 техникаға 611,3 млн теңге, «Техно лизинг» АҚ арқылы 2 техникаға 237 млн теңге берілді.

А.МҰҚЫШЕВ.

Успен ауданы.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.