Ыстық сусыз қалдыруға болмайды!

Мам 2, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Екібастұз қаласында биылғы жылыту маусымы ойдағыдай өтті. Ендігі ретте коммуналдық қызмет мамандары алдағы кезеңге дайындықты бастады. Гидравликалық сынақтар жүргізу уақытында көпқабатты үйлер мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар ыстық судан ажыратылды. Бірақ оларды ыстық су желісіне қайта қосу мерзімі созылып кететін түрі бар. Өңірге жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Асайын Байханов баламалы жолдарды қарастырып, ыстық суды ұзатпай беруді тапсырды.

Өткен аптада облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына барып қайтты. Сапар барысында кеншілер шаһарының коммуналдық мәселелеріне баса мән берілді. Атап айтқанда, жылу-электр орталығында жиын өтіп, 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының қорытындылары мен алдағы жылыту маусымына дайындық жоспарлары талқыланды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы, Екібастұзда жылыту маусымы штаттық режимде өтті. Жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде станцияларда техно-логиялық ақаулардың саны айтар-лықтай азайып, жылу желілерінің тозуы 1,5 пайызға төмендеді. 2025 жылы жалпы сомасы 10,9 млрд теңгеге жылу-электр станциясындағы 7 қазандық агрегатына, №3 түтін құбырына және негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар, Үкіметтің қолдауымен 11,3 млрд теңгеге 5 шақырым болатын ЖМ-2 және ЖМ-7 жылу магистральдарын қайта жаңарту жоспарлануда.

Бұл ретте қала билігі 14-20 сәуір аралығында қалада температуралық және гидравликалық сынақтар жүргізіліп, 179 ақау анықталғанын алға тартты. Оларды жөндеу жұмыстарына 25 авариялық бригада тартылды. Барлық анықталған ақауларды жойып, 700 көппәтерлі үйдің 518-іне және 64 әлеуметтік нысанға ыстық суды беру мамыр айының соңына дейін, ал қалған 182 көпқабатты тұрғын үй мен 24 әлеуметтік нысанды ыстық сумен қамту жылу магистральдарын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін жоспарланған.

Алайда мұндай жоспар аймақ басшысының көңілін көншітпеді. Асайын Байханов қалалық әкімдікке жылу желілері мекемесімен бірлесіп, жұмыс қарқынын жылдамдатып, қайта қалпына келтіру жұмыстары кезеңінде тұрғын үйлердің көп бөлігіне ыстық су берудің балама схемаларын қарастырып, ыстық суды қосу кестесін қайта қарауды тапсырды. Жаңа кесте сәуір айының соңына дейін ұсынылуы керек.

Облыс әкімі жиыннан соң қайта жаңартылатын учаскелердің бірі — ЖМ-2 жылу магистраліне барды. Бүгінгі таңда мұнда тиісті жұмыстар басталып кетті. Бригадалар жасақталып, қажетті жабдықтарға тапсырыс берілді. Жоспарлы іс тамыз айының соңына дейін аяқталуы керек. Одан соң аймақ басшысы кеншілер шаһарын абаттандыру жобаларымен танысты. Биыл Екібастұзда 160 мың шаршы метр автожол мен 70 мың шаршы метр квартал ішіндегі аумақ, яғни орта есеппен алғанда 20-25 аула жаңартылады. Сондай-ақ, қазір инженерлік коммуникацияларды жүргізу жұмыстары жалғасып жатқан жеке сектор көшелерінің 124 мың шаршы метр аумағындағы жол тегістеледі. Жұмыстардың барлығы аяқталғаннан кейін аталмыш көшелерді асфальттау жоспарлануда. Мұндай бағыттағы істер әлеуметтік нысандарының аумағында да жалғасады. Былтыр 24 мектеп пен перзентхананың жолы жаңарса, биыл 12 мектеп пен 12 балабақша аумағының асфальт жабынын ауыстыру жоспарлануда. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдар толығымен қалыпқа келтіріледі. Бұл жұмыстардың бір бөлігі өткен жылы жүргізілді және осы жылы толығымен аяқталатын болады.

Екібастұз қаласының аулаларында 50 балалар ойын алаңы, 15 футбол алаңы, 9 стритворкаут және 2 стритбол алаңы орнатылып, 20 аулаға асфальт төселеді. Көшелер мен квартал ішіндегі аумақтарды жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Өткен жылы жұмыстар 28 көше мен 45 аулада орындалды. Биыл қаланың 40 көшесі мен 168 ауласын қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, облыс әкімі алдағы уақытта көпфункционалды жаңа спорт кешені салынатын учаскеге барды. Спорт нысаны мемлекеттік — жеке меншік әріптестік аясында бой көтермек. Жалпы аумағы 11,2 мың шаршы метрде үш функционалды блок — мұз аренасы, жеңіл атлетика манежі және велосипедшілерге арналған трек болады. Кешенде
8 мыңнан астам бала хоккей, мәнерлеп сырғанау, жекпе-жек, гимнастика және велоспортпен шұғылдануға мүмкіндік алады.

— Екібастұз үшін бұл — өте маңызды жоба. Мұндай кешендер 1986 жылы «Жасыбай» спорт кешені салынғаннан бері бой көтерген жоқ. Екібастұзда мықты хоккей командасы, қысқы спорт түрлерінен чемпиондар бар және оларға мұз айдыны жетпейді. Кешен 5, 5 А, 9 шағын аудандарының маңында салынады, себебі бұл жерге қоғамдық көліктің қатынауы және қажетті тұрақ орындарын ұйымдастыру мүмкіндігі ескерілді, — деп атап өтті Асайын Байханов.

Жаздың соңына дейін жер учаскесін рәсімдеуді аяқтап, күзде инфрақұрылымдық жұмыстарды бастау жоспарлануда. Нысан 2026 жылдың соңына дейін тапсырылуы тиіс.

Сондай-ақ, аймақ басшысы 380-нен астам маман жұмыс істейтін «KEGOC» АҚ — «Солтүстік МЭС» филиалының өңірлік диспетчерлік орталығына барды. Орталық өңірлік және ұлттық маңызы бар 6 электр станциясын қоса алғанда Қазақстанның барлық солтүстік бөлігі бойынша электр энергиясын беру режимдерін басқарады. Әкім жаңа инвестициялық жобаларды, соның ішінде ферроқорытпа зауыттарын іске қосуға байланысты тұтыну көлемі өскен жағдайда электр энергиясын өндіру және транзиттеу мүмкіндіктерін білді. Жұмыс сапары №2 сорғы станциясының жұмысын тексерумен аяқталды. 2023-2025 жылдары мұнда толықтай реконструкция жүргізілген еді. Атап айтқанда, 52 бекіту арматурасы ауыстырылып, 6 жаңа сорғы орнатылып, автоматты басқару жүйесі енгізілді. Қазіргі уақытта іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде.

Өз тілшіміз.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.