water tap with hot water steam

Облыс орталығында гидравликалық сынақтардың кезекті легі басталды. Соның барысында жазда атқарылған жөндеу жұмыстарының сапасы тексеріліп, алдағы жылыту маусымына дайындық пысықталады. Анықталған ақаулар жойылғанға дейін қала тұрғындары ыстық судан қағылады.

Алдымен ыстық су №1 жылу-электр орталығына қосылған қаланың оңтүстік бөлігіндегі тұрғын үйлер мен басқа да нысандарда өшірілді. Мұндағы гидравликалық сынақтар 29 шілдеде басталып кетті. Шамамен бір апта аралығында осы желіге қосылған баспаналарда ыстық су
болмайды.

—  Біз алдағы жылыту маусымына қалалық коммуникацияларды дайындау бойынша ауқымды жазғы науқанды аяқтап жатырмыз. Сондықтан қаланың оңтүстік және солтүстік бөлігіндегі жылу желілерін гидравликалық сынақтардан өткізу керек. Бұл аралықта ыстық сусыз қалған қала тұрғындарының наразылығын жақсы түсінемін. Өзім тұратын үйде де қазір ыстық су жоқ. Бірақ жылу магистральдарын жазғы уақытта гидравликалық сынақтан өткізу — аса маңызды әрі қажетті шара. Осы арқылы Павлодарды қысқы мерзімге дайындап, болашақ жылыту маусымы кезінде апаттық тәуекелдерді азайту мүмкіндігін жасаймыз, — деді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.

Оңтүстік бөліктегі сынақтар осы дүйсенбіден бастап жүргізіліп жатса, солтүстік желілік аудандағы гидравликалық сынақтар шамамен 5 тамызда басталады. Оларды 10 тамызға дейін аяқтау жоспарда бар. Тұрғын үйлер жүйелердің сумен толтырылып, анықталған ақаулардың жойылуына байланысты ыстық сумен қайта қамтылады. Шаһар басшысы бұл бағыттағы жұмыстарға бір ай уақыт белгіледі. Яғни, гидравликалық сынақтар барысында байқалған барлық ақаулар алдағы 3-4 апта ішінде жойылуы тиіс.

Осы мақсатта жедел жөндеу бригадаларының саны артып, қаланың коммуналдық қызметтері қарқынды жұмыс кестесіне ауыстырылды. Олардың алдына қойылған нақты міндет — барлық жұмыстарды қысқа мерзімде әрі сапалы атқару. Қала әкімі тұрғын үйлерге ыстық судың кедергісіз берілуін қатаң қадағалайтын болады.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.