Ыстық су қашан беріледі?

Сәу 24, 2025

Облыстың 3 қаласында жылу желілерін темпера-туралық және гидравликалық сынау бойынша іс-шаралар жалғасуда. Жүргізілген сынақ жұмыс-тарынан бүгінде 32 зақым анықталған. Одан бөлек, алдағы жылыту маусымына дайындық аясында облыстың энергия көздерінде 46 негізгі жабдықты жөндеу жоспарланған.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқар-масының басшысы Ержан Иманзайыпов Өңірлік коммуникациялар қызме-тінде өткен брифинг барысында жылыту кезеңі облыстың үш қаласында аяқталғанын, ал аудандарда 21 сәуірге дейін аяқтау жоспарланғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, электр желілерінің сенімділігін арттыру мақса-тында облыста «ПРЭК» АҚ инвестициялық тарифі және мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруды теңгерімді тәртіппен бөле отырып, электр желілерін жаңғырту жөніндегі жол картасы іске асырылып жатқанын алға тартты.

— Гидравликалық сынақтар 10 сәуірде басталып, 28 сәуірге дейін жүргізіледі. Егер зақымдар болмаған жағдайда, көпқабатты үйлерге ыстық су беріледі. Бірақ ұзақ дегенде бір айдың ішінде су беріледі деп көзделіп отыр. Гидравликалық сынақтар температуралық талдаулардан өтті. Ал екінші кезеңі болмайды. Жаз бойы қала тұрғындары ыстық сумен қамтамасыз етіледі, — деді Е.Иманзайыпов.

Бұдан бөлек, басқарма басшысы облыстық бюджет есебінен 8 жобаны іске асыру көзделгенін алға тартты. Оның ішінде 3 жоба бойынша Баянауыл ауданының әкімдігі жобалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтап, бюджеттік өтінім ұсынған. Ал 5 жоба бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеу бірінші жартыжылдықтың соңына дейін аяқталады.

— Статистикалық көрсеткіш бойынша, 2022-2023 жылдардағы динамиканы есептегенде электр қуатын өшіру саны шамамен 61 пайызға өсті. Ал сол көрсеткіштің 30 пайызы Баянауыл ауданында орын алады. Бүгінде  электр желілеріне талдау жасалды. Барлығы 547 зақым тіркелді.
Яғни, жылдық көрсеткішке сәйкес, электр қуаты бір күнде екі мәрте өшірілген. Сол үшін жол картасы әзірленді. Жобалық-сметалық құжаттаманың құны – 2,5 млрд теңге. Жоба екі жыл ішінде іске асырылады. Болашақта шамамен 40 шақырым жаңа желілерді салу қарастырылады, — дейді Е.Иманзайыпов. Сонымен қатар, энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде облыстың жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге 44,6 шақырым электрмен жабдықтау желілерін қайта жаңарту және күрделі жөндеу жөніндегі 6 жобаны іске асыру жоспарланған.

Айта кетейік, жаңа жылыту маусымына дайындық аясында 394 қазандықты жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 364 қазандыққа ағымдағы жөндеу, ал 30 қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Айдана БОРАНБАЕВА.