Қазандықтар жөнделеді

Сәу 10, 2025

Салаға жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек, өңірде 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымы штаттық режимде өтті. Апаттық жағдайлар орын алған жоқ. Биыл жылу құбырларын қандай жөндеу жұмыстары күтіп тұр? Жылумен жабдықтау желілерінде гидравликалық сынақтар қашан басталады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповты әңгімеге тарттық.

— Ержан Бейбітұлы, биыл облыс бойынша жылыту маусымы қашан аяқталады? Гидравликалық сынақтар қашан басталады?

— 2024-2025 жылдардың жылыту маусымы 2025 жылдың 14 сәуірінен бастап аяқталады. Жылыту маусымын тоқтату туралы шешім Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңы негізінде және сыртқы ауаның тұрақты оң орташа тәуліктік температурасына байланысты қабылданды.

Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін облыс қалаларының жылу желілеріне температуралық және гидравликалық сынақтар жүргізіледі. Атап айтсақ, Павлодарда температуралық сынақтар
15 сәуірден, гидравликалық сынақтар 24 сәуірден басталады. Екібастұзда температуралық сынақтар 15 сәуірге, гидравликалық сынақтар 17 сәуірге жоспарланған. Ақсуда температуралық сынақтар 16 сәуірден басталса, гидравликалық сынақтар 21 сәуірден бастап жүргізіледі. Жылыту маусымының алдындағы сынақтар 28 шілдеден 6 тамызға дейін жоспарланған.

— Ағымдағы жылы облыста қанша шақырым жылу желілері жөнделмек? Жылу-электр орталықтарында қандай жөндеу жұмыстары күтіп тұр?

— Жуырда облыс әкімдігінде жылыту маусымының қорытындысы шығарылып, алдағы жөндеу жұмыстары талқыланды. Жалпы, 2025 жылы 31 шақырымнан астам желі жаңар-тылады. Магистральдық желілерді жоспарлы күрделі жөндеуден басқа Павлодарда №5 сорғы станциясын салу, Екібастұзда «ЖМ-2» және «ЖМ-7» желілерін және Ақсуда №3,5,8 шағын аудандарының квартал ішіндегі желілерін қайта жаңарту жоспарлануда. Бүгінгі таңда қалалар мен аудандардың әкімдеріне барлық жоспарланған жұмыстарды сапалы және мерзімінде жүргізуді қамта-масыз ету тапсырылды.

— Облыс әкімдігінде өткен жиын барысында аймақ басшысы Асайын Байханов ауылдық жерлердегі жылу қазандықтарын жөндеп, қысқа ерте қамдануды тапсырды. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылмақ?

— Ағымдағы жылы 394 автономды және орталықтандырылған қазандықтарды жөндеу және жаңғырту жоспарланған. Оның ішінде 364 қазандыққа ағымдағы жөндеу және облыстың бірқатар аудандарындағы 30 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізілетін болады. Оның ішінде Ақсу қаласына қарасты ауылдарда – 4, Баянауыл ауданында – 2, Аққулы ауданында – 6, Тереңкөл ауданында – 3, Май ауданында – 1, Шарбақты ауданында 14 қазандық күрделі жөндеуден өтпек.

— Ақпаратыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан – Алтынбек МҰҚЫШЕВ.