Бүгінгі таңда облыс орталығындағы №2 жылу-электр орталығы 81 пайызға, ал №3 станция
57 пайызға тозған. Биыл қос бірдей станцияда бірнеше қазандық қондырғысы күрделі жөндеуден өтпек. Бұл бағыттағы жөндеу жұмыстарына 13,2 млрд теңге қаражат бөлінді.
«Павлодарэнерго» АҚ басшысы Олег Щемельдің айтуынша, бүгінгі күні Павлодардағы №3 ЖЭО-ның жаңа мұржасын салу жұмыстары аяқталды. Биіктігі 180 метрді құрайтын құбыр электр станциясының жұмысын тоқтатпай жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
— Жұмыста екі құбыр да пайдаланылады. Жобаның жалпы құны 2,5 миллиард теңгеден асады. Қазір станциялар қазандық агрегаттарын жөндеу жұмыстарын бастап жатыр. Екі жылу-электр орталығын жөндеуге бөлінген сома өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе өсті. Сондай-ақ, №3 станциясының турбоагрегаттары мен қазандықтарына ағымдағы жөндеу жоспарлануда, — деді ол.
«Павлодарэнерго» АҚ басшысы қаладағы ең тозығы жеткен станция-дағы үш турбинаны ауыстыруға кем дегенде 6-7 жыл қажет екенін атап өтті. Себебі станциялардағы жөндеу жұмыстарымен қатар жылу және электр желілерін ішінара жаңарту қажет.
– Станция сонау 1961 жылы салынған. Мұндағы жабдықтардың барлығын ауыстыру керек. Ал оны бір уақытта жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен іске асады. Қазір біз станциядағы турбинадан бастап мұржасына дейін арнайы бағдарлама жасадық. Осылайша, алғашқы турбинаны 2026 жылы орнатуды жоспарлап отырмыз. Содан кейін екінші және үшінші турбиналар іске қосылады. Әзірге қазандықтарды күрделі жөндеуден өткізудеміз, — деді кәсіпорын басшысы.
Бұдан басқа, ағымдағы жылы №2 ЖЭО-дағы бесінші қазандық пен үшінші турбоагрегатты да күрделі жөндеу көзделіп отыр. Сондай-ақ, станцияларда қосалқы жабдықтар, құрылыс шатырлары, теміржол рельстері мен бағыттама бұрмалары жөнделеді.
Өз тілшіміз.