Қазандықтар қызды

Қаз 9, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Шаһарды жылумен қамту ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінен басталған. Әуелі  әлеуметтік мекемелерден басталған жұмыс қыркүйектің 22-сінен бастап көпқабатты  тұрғын үйлерде қосылған.

Орындалған істер жөнінде Павлодар қаласы әкімінің орын-басары Әнуарбек Аманов есеп берді:

— 2025-2026 жылғы жылыту маусымы бойынша қаланың барлық кәсіпорындары күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. Гидравликалық және температурлық сынақтар нәтижесінде 223 ақау анықталды.  20 күн ішінде олардың барлығын қалпына келтірдік. Бүгінгі таңда станциялар мен жылу желілеріндегі жоспар 100 пайыз орындалды. Оған қысқаша тоқталатын болсам, Павлодар жылу желісіндегі 11 инженерлік бөлімшеде күрделі жөндеу өтті. Бұдан бөлек, ұзақмерзімді жоспарларымыз бар. 2026 жылы қаламызда техникалық аудит жүргізіледі. Алайда 20 шақырымнан астам блокішілік желілер әлі ауыстырылған жоқ. Мақсатты жөндеу жұмыстарынан бөлек тозығы жеткен жылу құбырларының 70%-ы жаңартылды деп айта аламын, — деді ол.

Жоспарға сәйкес алдағы уақытта 600-ден астам көпқабатты тұрғын үйлердің желілерін жөндеу бойынша жоба-
лар дайындалуда. Ол үйлердің жылу желілеріндегі құбырлардың диамерті 800-ден 1000-ға ұлғайтылған. Сондай-ақ, күшейткіш сорғы станциясының құрылысы жалғасуда. Қазір «Астана» мұз сарайының аумағында ғимараттың өзі салынып жатыр. Аталмыш станция қала орталығы мен жағалауындағы гидравликалық температура режимін жақсартады. Ал «Павлодар су арнасы» мекемесі биылғы жылу маусымына дайындық аясында 4 шақырымнан астам су құбыры күрделі жөндеуден өткізілгендігін хабарлайды. Олар шамамен 20-дан 30 шақырымға дейінгі аумақты қамтиды. Электрмен қамтуға келетін болсақ, міндеттелген жоспар толығымен орындалған. Дәлірек айтқанда, 31 шақырымдық (0,4-10кВт) әуе желілері мен кабельдері қалпына келтірілген. Сондай-ақ, жылу желілерінде зақымданған 20 шақырымнан астам желіні ауыстырған. Мұндай ақаулар өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым азайған.

Үздіксіз жылумен және сумен қамтамасыз ету мақсатында әкімдік коммуналдық қызмет өкілдерімен бірлесіп әрекет етуде. Жауаптылардың сөзінше, тиісті мекемелер күнделікті туындаған мәселелерді қалт жібермей қадағалайтын диспетчерлік қызмет пен апаттық жағдайларды жедел шешуге арнайы комиссия құрылған.

Сара АВДОЛ.