Облыс орталығының осыдан бес жыл бұрын қабылданған бас жоспары ескірді. Сондықтан Павлодар қаласы елімізде алғашқылардың бірі болып жаңа стандарттарға сай келетін жоспардың жобасын әзірледі. Бірақ оның кейбір бағыттары бірқатар саяжай иелерінің көңілінен шықпай отыр.

Оның басты себебі – жергілікті биліктің кейбір саяжайлардың аумағын мемлекет меншігіне қайтарып, ол жерлерде көпқабатты үйлер, балабақша, мектеп пен емхана сынды әлеуметтік нысандар салуды жоспарлауы. Павлодар қаласының шекарасы өндірістік орындармен, яғни үй салуға болмайтын «қызыл жолақпен», санитарлық аймақпен шектелген. Сондықтан саяжайларды алудан басқа амал жоқ. Ал олар ондаған жылдың арасында тек жазғы уақытта көкөніс, жеміс-жидек салатын бау-бақшаға емес, қысы-жазы тұратын кәдімгі үйлерге айналған. Қаладан пәтер алуға шамасы келмейтін, оның бағасын қалтасы көтермейтін кей тұрғындар паналауға болатын шағын үйлер салып алды. Бірі керісінше, Ертіс өзенінің жағасындағы саяжайлардың аумағында кезінде рұқсатқағаздармен салынған коттедждерді қымбатқа сатып алды. Енді аядай ғана үйлері барлар да, зәулім сарай салғандар да сол баспаналарын көпқабатты тұрғын үйлерді тұрғызу үшін босатуы керек. Бірақ саяжайлардағы үйлердің иелері бұған үзілді-кесілді қарсы. Олар алматылық «ГеоДа-та Плюс» ЖШС басшысы Людмила Кузнецова қоғамдық тыңдау кезінде таныстырмақ болған жобаны көруге де, оны жіті түсінуге де құлық танытқан жоқ. Жергілікті «Достық үйіне» жиналған жұрт саяжайларда салынған үйлерді бас жоспарда тұрғын үй деп көрсетуді ұсынып отыр.

— Адамдар саяжайлардың аумағында еріккеннен үй салған жоқ. Жағдайы болмаған соң, әйтеуір далада қалмастың күнін кешіп, шама-шарқынша басына пана болар үйлерді тұрғызды. Ондағы тұрғындардың көбінің кішкентай бала-шағасы бар. Бізден осы үйімізді тартып алса, қайда барамыз? Жалғыз баспанамызды бермейміз, оған тиіспеуді сұрай-мыз, — дейді «Строитель» саяжайының тұрғыны Қуаныш Жүсіпбеков. «Ертіс» саяжай кооперативінің өкілі Надежда Нестеренко да бұл аудандардағы үйлерді қаз-қалпында қалдыруды сұрады. Айтуынша, мұнда барлығы 22 көше бар. Оның 12-сі орталық суға, 9 көше орталық жылу желісіне, тағы 16 көше электр желісіне қосылған. Оның барлығы тұрғындардың өз күшімен жасалған көрінеді. Қаланың бас жоспарын дайындаған «ГеоДата Плюс» ЖШС басшысы Людмила Кузнецова тұрғындардың жанайқайын жақсы түсінетінін айтады. Дегенмен, бүгінгі таңдағы басты мәселе қаланың нақты жоспарын айқындау болып отыр.

— Біздің басты мақсат – тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. Соның ішінде аймақтарды тұрғын үйге жататын және жатпайтын аумақтарға бөлу. Ал шағын аудандардың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу – жергілікті биліктің жұмысы, — дейді ол. Бірақ бас жоспардың жобасын таныстыруға бағытталған жиынның соңы дауға ұласып, жоба қоғамдық тыңдаудан өткен жоқ. Келесі тыңдаудың қашан ұйымдастырылатыны әзірше белгісіз. Күні кеше Өңірлік кәсіпкерлер палатасында да осы мәселе қозғалды. Бизнес өкілдері мен жауапты мекемелердің қызметкерлері жобаны тағы да талқыға салды. Айтуларынша, жеке үйлер салынған аумақтарда ауқымды құрылыс жүргізілмейді. Керісінше, сол баспаналар жеке тұрғын үй ретінде қайта белгіленеді. Бірақ ол үшін алдымен түгендеу жұмыстарын жүргізу керек. Алайда кей тұрғындар бұған күмәнмен қарап, жалғыз баспанасынан айырылып қалудан қауіптеніп отыр.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.