Теміржол вокзалы – қаланың басты қақпасы. Олай дейтініміз – пойыз бүгінгі күннің ең қауіпсіз әрі сенімді көлік құралы болғандықтан, онымен қатынайтындардың саны көп. Сондықтан да ел арасын отарбамен аралайтын жандар үшін вокзал – қаланың келбеті мен тарихынан сыр шертер бірден-бір орын.
Ертіс-Баян өңіріне алғаш келген адам үшін темір жол вокзалы ұмытылмастай әсер қалдыратын сәулет пен жаңа технологияның, әдеп пен мәдениеттің ордасындай болуы тиіс екені сөзсіз. Павлодар қаласындағы автосапаржаймен қатар орналасқан теміржол вокзалы дәл сондай деп толық сеніммен айта аламыз. Естеріңізге сала кетсек, 1981 жылы салынған вокзал ғимараты биылғы жылдың басында толықтай жаңартылып, күрделі жөндеуден өткен болатын. Нысанның сыртқы қасбеті ғана емес, күту алаңы да жаңартылды. Ана мен бала бөлмесін, ойын алаңын жабдықтап, терезелер ауыстырылды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың жоғары қабатқа шығуы үшін екі жеделсаты орнатылды.
Бүгінгі күні вокзал алаңындағы асфальт жаңартылып, кейбір жерлерде жиектастар мен кеспетастар орнатылуда. Сондай-ақ, мұнаралы теміржол сағаты цифрлы сағатқа ауыстырылады. Жақында қала әкімі Хасар Хабылбеков жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, құрылыс алаңына барып қайтты. Шаһар басшысы теміржол вокзалы аумағында жаңа орындықтар, қоқыс жәшіктері мен жарық бағандары да орнатылатынын жеткізді.
— Бүгінде бүйірлік тастарды бөлшектеу, кеспетастарды ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, вокзал алаңына шағын архитектуралық пішіндер мен қосымша жарықтандыру тіректерін орнатуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, станса сағатының төсеніштерін жөндейміз, ал механизмнің өзі цифрлық болады. Құрылыс жұмыстарының маусымы аяқталып жатқанын ескере отырып, мердігерге барлық жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды тапсырдым, — деді қала әкімі.
Алтынбек Мұқышев.