Қазақтың аса көрнекті биі, Баянауыл сыртқы округінің тұңғыш аға сұлтаны Шоң би Едігеұлына арналған мектеп оқушылары арасындағы облыстық «Шоң би» оқулары өтті. Биыл бұл оқулар дәстүрлі түрде төртінші мәрте өткізілді.

Байқаудың тәртібі бұрынғыдай. Ақсу, Павлодар, Екібастұз қалаларынан және бірқатар ауданнан келген 30 оқушы эссе жазу, тест сұрақтары және мүшәйра бағыттары бойынша білімдерін сынады.

Шоң би оқуларын ұйымдастырушы ҚР Мәдениет қайраткері Мейрам Нұғыман байқаудың не себептен жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанын атап өтті.

— Шоң би — қарапайым халықтың да ел басқара алатынын дәлелдеп, патша бекіткен жарғыны бұздырып, аға сұлтан атанған тұңғыш би. Қазақ даласында хандық билікті жою мақсатында «Төрт ұлы» одағын жаңғыртады. Одаққа кірген рулардың билері оны бір ауыздан «Төбе би» деп таниды. Одаққа қарасты байлардан қаражат жинаған. Оған болашағынан үміт күттірер қазақ балаларын оқытқан. Аға сұлтанның бұл ісін шәкірттері Шорман, Үкібай, Торайғыр билер жалғастырған. Оның нәтижесін тарих беттерінен оқи аламыз, — деді М.Нұғыман.

Ақтоғай ауданы Қараоба ауылынан келген үміткер Назерке Жұмажан байқауға жыл сайын қатысып келеді.

— Ақындар мүшәйрасы аталымына жыл сайын қатысамын. Алғаш рет 2019 жылы бағымды сынаған едім. Онда жүлделі 1-орынға ие болдым. Бұдан бөлек, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүрмін, — дейді ол.

Байқау нәтижесі бойынша тест бағытында 1-орынды Тереңкөл ауданы Береговая орта мектебінің 9-сынып оқушысы Фатима Самарбек, 2-орынды Екібастұз қалалық «Зерде» лицей-мектебінің 10-сынып оқушысы Зарина Қайырова, 3-орынды Павлодар ауданы Ямышев орта мектебінің 9-сынып оқушысы Іңкәр Таңжарыққызы иеленді. Эссе аталымы бойынша 1-орынға Павлодар қалалық «Білім-Инновация» мектеп интернатының 9-сынып оқушысы Ералы Бүркітбаев, 2-орынға Индира Мағауия, 3-орынға облыстық көпсалалы лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Мадина Шамшидова ие болды. Ал ақындар мүшәйрасы аталымында 1-орынмен Ақсу қаласы Гагарин орта мектебінің 8-сынып оқушысы Еркебұлан Тіленіш, 2-орынмен «Жас дарын» лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы Мүсілім Макаров марапатталса, 3-орынды Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың 9-сынып оқушысы Асылбек Еркін иеленді. Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдармен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.