Қар тазалауда қапы қалмайды

Қаң 8, 2026

Қыстың қақаған  суығы,  көктайғақ  пен  ақ түтек  боранда  жолдар жабылып,  көлік  жүргізушілері  мен  жолаушылардың   қауіпсіздігі  үшін   тиісті жұмыстар  атқарылып  жатады. Мұндайда  жолды күтіп-ұстау ісі де аса  маңызды. Бұл  міндетті  «ҚазАвтоЖол»  мамандары атқарады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Павлодар облыстық филиалы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы кезеңде күтіп-ұстау жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Бүгінде филиалдың қызмет көрсетуіндегі автожолдардың жалпы ұзындығы 1663 шақырымды құрайды.

2025–2026 жылдардағы қысқы маусымға дайындық аясында жолдарды күтіп-ұстауға 317 жұмысшы мен 134 арнайы техника жұмылдырылған. Қысқы кезеңге қажетті материал қоры 100 пайызға дайын. Атап айтқанда, 4560 тонна техникалық тұз, 12126 м³ құм және 2694 м³ елеу қоры жинақталған. Қыс мезгілінде қар басу қаупі жоғары учаскелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында арнайы Жол картасы әзірленген. Оның аясында жалпы ұзындығы 2210 шақырымды құрайтын қар тоқтататын траншеялар мен валдар жасалып, ағаш қар қоршауларын орнату көзделген. Сонымен қатар, қазіргі таңда автожолдар бойында 33100 метр темірбетон қар тоқтатқыш қоршаулар бар. Жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарына тиегіштер, тракторлар, автогрейдерлер, жол-көлік кешенді машиналары, бульдозерлер пайдаланылуда.

— Бүгінгі күні 1383–1367 шақырым аралығында тығыздалған қар қабаттарын алу жұмыстары жүргізіліп, ЖИЕР-215 автогрейдері жұмылдырылды. Сондай-ақ, Ертіс–Атамекен және Ертіс–Русская  поляна бағыттарындағы 013 шақырым аралығында еріген қарды тазалау және жолды сыпыру жұмыстары атқарылды. 083 шақырымда көктайғаққа қарсы құм себу жалғасуда. Қалқаман бағытында жол жиегін кеңейту және жол бетіне құм себу жұмыстары жүргізілуде. Қыста жол-көлік оқиғалары көбіне бетон жамылғысы  бар жолдарда тіркеледі, – дейді жол шебері Мұхамеджан Есенбекұлы.

Ал филиал инженері Миржан Жалмұхановтың  айтуынша, қысқы кезеңде  алдымен қармен  күрес жұмыстары күшейтіледі.

– Қар жауған кезде арнайы жабдықталған техника жолға шығады. Олар алдыңғы және бүйірлік жылдам қалақтармен, механикалық щеткалармен және құмшашқыштармен жабдықталған. Алдымен жолдың жүріс бөлігі жаңа түскен қардан тазартылады, содан кейін құм-тұз қоспасы себіледі. Көктайғақ, боран, тұман кезінде республикалық маңызы бар жолдарда уақытша қозғалыс шектеулері енгізіледі. Осы уақыт аралығында барлық тазалау жұмыстары толық жүргізіледі. Жалпы, бізде қажетті техника мен материал жеткілікті. Биыл жаңа жол-көлік кешенді машиналары, тракторлар мен автогрейдерлер келіп, техника паркі жаңартылды, – дейді инженер.

Айта кетейік, республикалық маңызы бар автожолдардың жабылуы немесе қозғалысқа шектеу қойылуы туралы ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 қысқа нөмірі арқылы немесе ұлттық оператордың ресми сайтындағы ситуациялық картадан білуге болады.

Нұрайым ҚАЛЫБЕК.