20 тамыздан бастап Павлодар қаласында қоғамдық көліктерді оңтайландыру мақсатында сынақтық режим басталғаны белгілі. Кейбір маршруттық желі біріктіріліп, бірқатар автобус мүлдем жолға шықпайтын болды. Қала маңындағы ауылдардан қатынайтын қоғамдық көліктер де бағытын қысқартты. Салдарынан елді мекеннен қалаға келген жолаушылардың басым көпшілігі теміржол вокзалынан түсіп, қалаған көшеге жетуі үшін екінші автобусқа отыруға тура келді. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша редакцияға хабарласып, сұрақ жаудырған оқырман көп. Осы орайда өзекті тақырып төңірегінде «Тікелей желі» шарасын ұйымдастыруды жөн көрдік. Жолаушылардың сұрағына Павлодар қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қоғамдық көлік секторының меңгерушісі Асылханова Гүлнәр Ерланқызы жауап берді.
Тілші:
— Гүлнәр Ерланқызы, облыс орталығында автобустарды оңтайландыру туралы шешім қайдан туындады?
— Мұндай өзгеріс маршруттық желілерге жүргізілген талдау нәтижесінде қолға алынды. Зерттеу барысында автобустың қозғалыс сызбалары, бағыттардың жалпы қашықтығы, жолаушылар ағыны сынды деректерге мән берілді. Нәтижесінде бірқатар бағыттың тиімсіз екені, кейбірі бір-бірін қайталайтыны анықталды. Марш-руттық желіні оңтайландырудың мақсаты – бюджеттен бөлінетін субсидия көлемін азайту және бағытты нақты жолаушылар ағынына сәйкестендіру.
Тілші:
— Сонда бұған дейін авто-бустарды оңтайландыру мәсе-лесі неге қолға алынбады? Бұл тақырып неге биыл қозғалды?
— Электронды билеттеу жүйесі енгізілгенге дейін қоғамдық көліктегі төлем жүйесі ашық болмайтын. Яғни, жолаушылардың сапары дұрыс тіркелмейтін, жеңілдікпен жүретін жолаушылар саны ескі норма бойынша есептелетін. Мұндай жағдай маршруттардың тиімділігі мен жолаушы ағынын нақты бағалауға мүмкіндік бермеді.
2022 жылы электронды карталар мен мобильді қосымшалар жүйесі іске қосылып, тасымалдаушылардың шығыны бюджет есебінен субсидиялана бастады. Ал 2024 жылы қоғамдық көлікте жолақы төлемінің 90 пайыздан астамы қолма-қол ақшасыз, яғни электронды форматта қабылданды. Бұл өз кезегінде жолаушы ағыны мен тасымалдау шығынын анық көрсетті.
Сәуле, Павлодар қаласы:
— Қазір №1 және №1Э автобустары біріктірілгеннен бастап жұмысқа жету үшін екі автобусқа отырамын. Өйткені қазіргі №1Э бұған дейін қамтылатын «Қазақ соқырлар қоғамы» мен «Рембыттехника» аялдамаларына тоқтамайды. Бұл жағдай неге ескерілмеген?
— Иә, 20 тамызда маршруттық желіні оңтайландыру жұмыстары басталған уақытта №1 және №1Э автобустары біріктірілді. Жолаушыларға тек №1Э қоғамдық көлігі қызмет көрсетеді. Әу баста аталған автобус сіз айтқан аялдамаларға тоқтамайтын. Сынақ режимі енгізілгеннен кейін екі апта ішінде ахуал таразыланды, тұрғындардың өтініш-тілегі ескерілді. Қазір аталмыш автобус «Қазақ соқырлар қоғамы» мен «Рембыттехника» және Затон базары аялдамаларына қатынайды. Енді жұмысқа бұрынғыдай №1Э қоғамдық көлігімен бара аласыз.
Тілші:
— Оңтайландыру енгізілгелі бері бюджет қаражаты қаншалықты үнемделді? Тиімділігі байқалды ма?
— Қазір бюджет қаражаты қаншалықты үнемделгенін айта алмаймыз. Оңтайландыру жұмыстарының нәтижесі жыл соңында ғана белгілі болады.
Майра, Павлодар қаласы:
— №66 автобус Усолка шағын ауданынан ак.Шөкин көшесіне, Назарбаев даңғы-лына қатынайтын жалғыз автобус еді. Немерем Бауыржан Момышұлы атындағы №22 мектепте білім алады. Сол мектепке тек №66 автобус жүретін. Енді немерем сабаққа қалай барады?
— Иә, сынақ режимі енді басталған уақытта №66 автобус теміржол вокзалы мен Мойылды ауылына ғана қатынайтын болатын. 6 қыркүйекте тұрғындардың бұл өтініші ескеріліп, жолға №66 А автобусы шықты. Аталмыш қоғамдық көлік сіз тұратын Усолка шағын ауданынан шығып, бұрынғы бағыт бойынша теміржол вокзалына дейін барады. Демек, немереңізді №66 А автобусы арқылы мектепке апара аласыз.
Тілші:
— Демек, №66 және №66 А автобустары бұрынғы бағыт бойынша жүреді. Онда неге бұрынғы №66 автобусты қалдыра салмады?
— Жүргізілген талдау кезінде №66 автобуспен Мойылды ауылынан шығатын жолаушылардың басым көпшілігі теміржол вокзалынан түсіп қалатыны анықталды. Сондықтан аталмыш ауылда тұратын жұртшылық бұл қоғамдық көлікпен теміржол вокзалына жетеді. Ал №66 А автобусы сол теміржол вокзалынан Усолка шағын ауданына дейін жолаушыларды қала ішіндегі аялдамаларға жеткізеді.
Тілші:
— Қала сыртындағы ауылдардан қатынайтын автобустар жолаушыларды бірінші аялдамадан тастап кетеді. Қазір күн жылы. Қыста жолаушылардың жағдайы не болмақ? Қала сыртында екінші автобусты күткенше тоңып қалмай ма?
— Оңтайландыру жұмыстары енді басталған кезде қала сыртындағы ауылдардағы жолау-шыларды тасымалдайтын автобустың бірқатары жолаушыларды алғашқы аялдамадан түсіріп кететін. Мәселен, №38 автобус Айнакөл ауылы мен Атамекен кентіндегі жолаушыларды облыс орталығындағы Прибрежный шағын ауданынан қалдырса, Теміржол кентінен №40 автобуспен шыққан жолаушылар АЦТО аялдамасынан түсіп қалатын. Павлодар ауылына қатынайтын №44 автобус жолаушыларды Прибрежный шағын ауданының аялдамасына дейін ғана жеткізді, Жетекші және Мойылды ауылынан шығатын №41 және №66 автобустар жолаушыларды Теміржол вокзалына ғана жеткізетін. Бұл мәселеге де талдау жүргізілді. Қала билігі тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, №38, №41 және №44 автобустарды бұрынғы бағытқа қайта көшірді. Бұл автобустар Атамекен, Жетекші және Павлодар ауылдары мен Павлодар қаласы арасында жолаушыларды тасымалдайды. Сәйкесінше, үш маршрут бұрынғыша қатынайтындықтан жолаушыларға келесі автобусқа бір сағат ішінде тегін отыру мүмкіндігі тоқтатылды. Қазір тек Мойылды ауылынан шығатын № 66 автобус пен Теміржол кентінен қатынайтын №40 автобустар қала ішін бұрынғыдай араламай, жолаушыларды теміржол вокзалынан қалдырып кетеді. Теміржол вокзалынан көп автобус қатынайтынын білесіздер. Онымен қоса, жылы аялдама да орнатылған. Сонымен қатар, аталған екі ауылдың жолаушылары қалаға жеткен кезде екінші автобусқа отырған сәтте жолақысын қайта төлемейді. Ескеретін жәйт, ауылдан шыққан сәттен бастап Теміржол вокзалынан басқа автобусқа отыру уақыты бір сағаттан аспауы тиіс.
Тілші:
— Қала сыртындағы ауылдардан келген жолау-шылар екінші автобусқа отырған кезде жолақыны тағы төлемеуі үшін 60 минут берілетінін айттыңыз. Бұл уақыт ауылдан шыққан сәттен есептеле ме?
— Иә, дұрыс айтасыз. Бірақ қазір №66 және №40 автобустардың жолаушылары ғана Теміржол вокзалынан екінші автобусқа отырған кезде екінші мәрте жолақысын төлемейді. Мәселен, Мойылды ауылынан Теміржол вокзалына дейінгі аралық
40 минут. Жолаушы 20 минуттың ішінде екінші қоғамдық көлікке отырып үлгермесе, жолақыны қайта төлеуге міндетті. Басқа ауылдан қатынайтын жолаушыларға мұндай мүмкіндік аралыққа байланысты қарастырылмайды.
Тілші:
— Мұндай мүмкіндікті пайдаланғысы келетін Мойылды және Теміржол кентінің жолаушылары бір талапты сақтауы керек. Соған тоқталып өтсеңіз…
— Иә, аталған елді мекеннен шыққан жолаушылар жолақысын «Avtobys» қосымшасы арқылы немесе қоғамдық көлік картасы арқылы төлеуі керек. Егер екінші деңгейлі банк карталарының QR-коды арқылы төлейтін болса, ақша екінші мәрте шешіледі. Бұл кезде уақыттың 60 минуттан асуы не аспауы ескерілмейді. Сондықтан екінші мәрте тегін жүру мүмкіндігін пайдаланғысы келетін жолаушылар төлемді тек «Avtobys» қосымшасы арқылы немесе қоғамдық көлік картасы арқылы жүргізгені дұрыс.
Айгүл, Мойылды ауылы:
— №66 автобус Мойылды шипажайынан қатынайды. Бұған дейін шипажайға келген емделушілер демалыс күндері қаланы аралап, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітіне баратын. Сол жердегі «Артур», «Тұлпар» сауда орындарын аралайтын. Сол автобуспен кері шипажайға қайтатын. Бұл өте тиімді еді. Сынақ режимі аяқталғаннан кейін бұрынғы бағытты кері қайтаруға бола ма?
— Жоғарыда атап өткенімдей, 6 қыркүйектен бастап қала ішіне №66 А автобусы қатынайды. Яғни, Мойылды шипажайының демалушылары №66 автобуспен Мойылды ауылынан шығып, теміржол вокзалынан түседі. Дәл сол аялдамадан №66 А автобусына отырып, сіз атап өткен сауда орындарына қатынауға болады. Бұдан бөлек, жолаушылар жолға екінші мәрте ақы төлемейді.
Әбдірайым, Павлодар қаласы:
— Әйелім — екінші топтағы мүгедек. Ол Лесозавод шағын ауданынан №44 немесе №153 қоғамдық көлігіне отырып, Олжабай батыр аялдамасынан түседі. Сол жерден №21 автобусқа отырып, жұмыс орны жақын Чехов аялдамасына дейін барады. Енді №21 автобусына отырып, әлгі Чехов аялдамасына жетуі үшін бүкіл қаланы аралауға мәжбүр. Себебі жаңа бағыт бойынша автобус Олжабай батыр көшесінен Торайғыров-Назарбаев даңғылы — Естай көшелері арқылы өтеді. Бұрынғыдай Ак.Сәтбаев көшесіне тура бұрылмайды. Жұмысқа жетуі үшін қаланы толық айналуға мәжбүр. Оңтайландыру кезінде бұл жағдай неге ескерілмеген?
— Маршруттық желіні оңтайландыру кезінде №21 және №22 автобустардың көп бағыты қайталанатыны назарға алынды. Екі қоғамдық көлік- тің де аэропорттан ак.Сәтбаев-Торайғыров көшелері аралығына дейінгі бағыты бір болды. Бұл аралықтың қашықтығы
11 километрге тең. Сондықтан №21 автобустың бағытына өзгеріс енгізуге тура келді.
Серік, Павлодар қаласы:
— №31 автобус Усолка шағын ауданынан Назарбаев даңғылына қатынайды екен. Қозғалыс аралығы қанша минутты құрайды? Өйткені бұл қоғамдық көлікті бір сағат күтеміз.
— 6 қыркүйектен бастап №31 автобус бұрынғы жүру бағытына көшті. Яғни, қоғамдық көлік Усолка шағын ауданы — Майра — М. Мақатаев — Жаяу Мұса — Құдайбердиев — Мәшһүр Жүсіп — Ломов — ак. Сәтбаев — Торайғыров — Баян батыр — Ледовский — Ермаков — «Клён» бағы аялдамаларына қатынайды. Автобустың жүру аралығы бұрынғыдай 59 минутты құрайды. Алаңдауға негіз жоқ.
Тілші:
— Қала сыртындағы ауылдардан қатынайтын автобустардың қозғалыс аралығы өзгерді ме? Оңтай-ландыру жұмыстары жүргі-зушілердің еңбекақысына әсер етпеді ме?
— Оңтайландыру жұмыстары жүргізушілердің жалақысына еш әсер етпеді. Себебі олардың еңбекақысы жұмыс күндері мен сағат санына байланысты есептеледі. Сонымен қатар, қала сыртындағы ауылдарға қатынайтын автобустардың қозғалыс аралығына айтарлықтай өзгеріс енгізілмеді.
Бақытжан, Мойылды ауылы:
— Мойылды ауылының тұрғындары Павлодар қалалық №3 емханаға қарайды. №66 автобус Мойылдыдан шығып, әлгі емдеу мекемесінің алдынан тоқтайтын. Оңтай-ландыру ауылдан ауырып шыққан жолаушыларға қиындық тудырмай ма?
— Мойылдыдан шыққан №66 автобус Теміржол вокзалына жеткенге дейін қала сыртындағы бірнеше аялдамаға тоқтайды. Оның ішінде сіз айтқан №3 емхана бар. Яғни, ауыл тұрғындары емдеу мекемесіне бұрынғыдай қатынай алады.
Тілші:
— №5 және №6 автобустар не себепті алынып тасталды? Жолаушы аз қатынады ма?
— №5 және №6 автобустар енді жолаушыны тасымал-дамайды. Өйткені аталмыш бағыттар тиімсіздігін көрсетті. №6 бағытта бір жылда шамамен 39 мың транзакция тіркеледі. Билет сатудан түскен жылдық кіріс 4,2 млн теңгені құрайды. Алайда, бағытты күтіп-ұстау шығындары 53,8 млн теңгеге жетеді, бұл жылына 49 млн теңгеден астам залалға алып келеді. Ал №5 бағыт жылына шамамен 316 мың жолаушы транзакциясын қамтамасыз етіп, 34,2 млн теңге кіріс әкеледі. Дегенмен, оны күтіп-ұстауға жұмсалатын қаражат 234 млн теңгені құрайды. Бұл жылына шамамен 200 млн теңге көлеміндегі шығынға әкеледі. Сондықтан шығындардың кірістен айтарлықтай артуы №5 және №6 бағыттарды тасымалдаушы үшін де, бюджет үшін де экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді. Сондықтан №5 және №6 бағыттарды қысқарту туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек, жолаушылар ағынының төмен-дігіне байланысты №17 автобус маршруты қысқартылды.
Серік, Теміржол кенті:
— Ауылдан келген жолаушылар екінші автобусқа отырған кезде банк қосымшаларындағы QR-код арқылы жасалған төлем автоматты түрде қабылданады. Себебі неде?
— Жоғарыда атап өткенімдей, жолақыны қоғамдық көлік картасы немесе «Avtobys» қосымшасы арқылы төлеген жөн. Егер Мойылды немесе Теміржол кентінен шыққан жолаушылар екінші автобусқа отырған кезде жолақыны банк карталарының QR-коды арқылы төлейтін болса, ақша автоматты түрде шешіледі. Қолма-қол ақша төлесе де екінші мәрте жолақысын төлеуге тура келеді.
Зәуре, Кенжекөл ауылы:
— Қазір Кенжекөл ауылындағы халықтың саны күн сайын көбеюде. №24 автобустан жолаушы босаған емес. Ауылдағы балалардың басым көпшілігі Павлодар қаласындағы №24 мектепте білім алады. Оқушылардың жағдайы не болмақ?
— Сынақ режимінен кейін жасалған тағы бір шешім №24 және №21 автобус бағыты біріктірілді. Оған жолаушылар ағынының төмен болуы мен ішінара бір-бірін қайталауы себеп. Осы мәселеге байланысты екі автобус бағытын біріктірді. Қазір №21 маршрут Приб-
режный ықшам ауданы – Торайғыров – Назарбаев – Естай – ак.Сәтбаев көшелері бойымен жүріп, әрі қарай бұрынғы бағытымен Кенжекөл ауылдық округіне кіріп өтеді. Сондықтан Кенжекөл, Байдала және Долгое ауылдарына қатынайтын №21 автобус Назарбаев даңғылына дейін қатынап, Амангелді аялдамасына жақын № 24 мектепке тоқтайды.
Айжан, Павлодар қаласы:
— Мойылды шипажайында дәрігермін. Жұмысқа қаладан қатынаймын. №66 автобустың бағыты қысқартылғандықтан ауылдан қаладағы Ворушин көшесіндегі үйіме жету үшін 3 автобусқа отыруыма тура келеді. Оңтайландыру кезінде шипажайдағы және мектепте жұмыс істейтін қала тұрғындарының жағдайы ескерілмеген.
— 6 қыркүйектен бастап қала ішіне №66 А автобусы қатынайды. Теміржол вокзалынан түскен бойда осы автобусқа отыра аласыз. Болмаса Ворушин көшесіне қатынайтын өзге шағын автобустарға мінуге болады.
Тілші:
— Сынақ режимі қанша уақытқа созылады? Аяқталғаннан кейін жолау-шылардың жағдайы еске-ріліп, өзгерту енгізілуі мүмкін бе?
— 20 тамызда жұмысын бастаған сынақ режимі әлі жалғасуда. Бұл науқан 20 қыркүйекке дейін созылады. Аталған уақыт ішінде маршрут желісіне талдау жүргізіліп, нақты шешім шығарылады.
Медет, Павлодар қаласы:
— №38 автобус арқылы Атамекен кентінен облыс орталығындағы Әлкей Марғұлан атындағы Павло-
дар педагогикалық универ-ситетіне келетін едім. Енді вокзалдан түсіп қалуым керек. Студенттердің жағ-
дайы неге ескерілмеген?
— Оңтайландыру жұмысы басталғанда мұндай қиындық туындағаны рас. 1 қыркүйектен бастап №38 автобус бұрынғы бағытына көшірілді. Яғни, қоғамдық көлік Атамекен кенті — Ермаков — Ледовский — Баян батыр — Торайғыров — Теміржол вокзалына дейін қатынайды. Яғни, аталған автобуспен университетіңе жете аласың.
Мерей, Павлодар қаласы:
— 3 баланың анасымын. Бекхожин көшесінен №1 автобус арқылы балалар ауруханасына баратын едім. Қазіргі №1Э қоғамдық көлігі аурухана алдына тоқтамайды. Балаларымды дәрігерге қалай апарамын?
— Иә, бұл мәселе назарға алынды. Нәтижесінде №1Э қоғамдық көлігі сіз айтқан облыстық балалар ауруханасына қатынайтын болды. Бұл ретте аталмыш автобустың қозғалыс аралығы бірнеше минутқа қысқартылып, жолаушылар автобусты көп күтпейтін болды.
Марат, Павлодар қаласы:
— Павлодарское ауылында тұратын адамдар ауылға жету үшін Прибре-жный аялдамасына барып, №44 автобусты күтуі керек. Бұл жағдай жолаушыларға қиындық туғызып отыр.
— Сынақ режимінің басында мұндай қиындық туындағанын жасырмаймыз. Бірақ маршрут бағыты қайта қаралды. 1 қыркүйектен бастап №44 автобус Теміржол вокзалына дейін барады. Яғни, бұрынғыша қатынайды.
Сәния, Павлодар қаласы:
— Екінші Павлодар ауда-нынан Усолкаға қатынайтын жалғыз №66 автобустың бағытын қайтаруды сұраймын. Екі балам №25 мектепте білім алады. Олар оқуға қалай барады?
— Балаларыңызбен №66 автобусы арқылы Теміржол вокзалына жете аласыз. Сол жерден №66 А автобусына отырып, Усолка шағын ауданындағы мектепке бара аласыз. Сіздің жағдайыңызда екінші автобусқа отырудан басқа амал жоқ.
Жанайдар, Павлодар қаласы:
Мәшһүр Жүсіп көшесі мен ак.Сәтбаев көшесі аралығына №1Э, №31 және №10 автобустар қаты-найтын. Енді тек №10 автобус қана жүреді екен. Мұның несі тиімді?
— Иә, сынақ режимі бастал-ғаннан кейін бұл мәселе қайта қаралды. Қазір №1Э, №31 автобустар да сіз айтқан Мәшһүр Жүсіп көшесіне қатынайды.
Самат, Павлодар қаласы:
— Усолкадан химқалашық шағын ауданына №31 автобус қатынайтын. Қазіргі маршрут бүкіл қаланы айналады. Өте тиімсіз.
— Бұл жағдай да назарға алынды. Нәтижесінде №31 автобус бұрынғы бағытына көшті. Қоғамдық көлікті күту уақыты 59 минутты құрайды.
Тілші:
№5 автобус арқылы Зеленстрой шағын ауда-нынан университеттерге баратын студент көп. Олардың жағдайы не болмақ? Қыстың күні тіптен қиын…
— Өкінішке қарай, №5 автобус арқылы қатынайтын жолаушылардың саны өте аз болды. Бюджетке тиімсіз болғандықтан бұл автобус енді қатынамайды. Аталған шағын ауданның студенттері №126 шағын автобусы арқылы қала орталығына жетіп, екінші автобусқа отыра алады.
Әсия, Жетекші ауылы:
— Жетекші ауылынан №41 автобусқа отырып, №41 мектепке баратын оқушылар көп. Автобусты оңтайландыру кезінде оқушылардың жағдайы неге ескерілмеген? Оқушылар неге екінші автобусқа отыруы тиіс?
— Оқу жылы басталған уақытта бұл мәселе ескерілді. Қазір №41 автобус бұрынғы бағыт бойынша жүреді. Демек, оқушылар сабағынан
қалмайды.
Түйін:
Автобустармен бұрынғыша қатынап үйренген жолаушылардың өзекті мәселе бойынша толассыз сұрақ жаудыруы орынды. Бастысы, оңтайландыру жұмысы басталғаннан кейін тұрғындардың талап-тілегі ескерілгені қуантады. Сынақ режимі осы аптада аяқталады. Қала билігі автобус бағытына қатысты талдау жүргізіп, нақты шешім шығаратын күн алыс емес.
«Тікелей желіні» жүргізген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.