Кейінгі жылдары елімізде заңсыз қоқыс полигондары көбейіп келеді. Бұл онсыз да экологиясы тұралап тұрған өңірлерге соққы болып тимек. Бір ғана Павлодар облысында былтыр 167 қоқыс алаңы анықталып, оның 147-сі жойылса, биыл «Қазақстан Ғарыш сапары» агенттігінің тексерісімен өңірде 126 заңсыз полигон анықталды. Оның көбі Павлодар мен Ақсу қалаларында және Павлодар ауданында тіркелді.

Естеріңізге сала кетсек, заңсыз қоқыс алаңдарымен бізде қала әкімдіктері, полиция және экология департаментімен бірігіп арнайы жол картасы бекітілген болатын. Сол жол картасы бойынша бұл күндері облыстағы барлық елдімекендерде мониторинг жүргізілуде.

Облыстық экология депар-таментінің инспекторы Руслан Темірболатовтың айтуынша, Павлодар қаласында заңды деп белгіленген 1 ғана қоқыс полигоны бар. Ал облыс бойынша олардың жалпы саны — бесеу. Аталған мәселені шешу мақсатында биыл өңірде 4 бірдей ауданда арнайы қоқыс полигонын ашу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Болашақта Ертіс, Тереңкөл, Баянауыл аудандары және Майқайың ауылында экологиялық және санитарлық талаптарға
сай қоқыс полигондары ашылмақ.

— Рұқсат етілмеген аумақта қоқыс қалдықтарының пайда болуы алдымен қоршаған ортаға, адамдар мен жануарлардың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Бұл — өте өзекті мәселе. Мұны жою үшін қалалар мен аудандардың әкімдері осы салада тыңғылықты түрде жұмыс істеуі керек. Мәселен, ең бірінші қыс мезгілі басталмай, яғни, қар жаумай тұрып, заңсыз полигондарды тазалау қажет. Содан соң рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастамауды барынша қадағалаған дұрыс, — деді ол.

Ал тәртіп сақшылары рұқсат етілмеген жерге қалдықтарды шығарушылармен күресті күшейтпек. Биыл абаттандыру заңнамасын бұзған 4 мыңнан астам адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Оның басым көпшілігіне қомақты көлемде айыппұл салынған. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі табиғат қорғау полициясының инспекторы Дәурен Қабышев заңсыз қоқыс алаңдарының пайда болуына тұрғындардың өздері көбінесе себепші болатынын айтты. Яғни олар қолданған тұрмыстық қалдықтарды тиісті орынға емес, көпшілікке көрінбейтін ашық алқаптарға тастап кете береді.

— Қоқыс тастайтын полигондардың көбі ақылы. Сондықтан тұрғындар өз қалтасынан қаражат шығарғылары келмейді. Ақшаны үнемдеу мақ-
сатында рұқсат етілмеген жерлерді ластайды, түрлі қоқыс тастайды. Бұл заң бұзушылыққа жатады, яғни жауапкершілігі бар. Айта кетейік, қоқысты ақылы жерге тапсыру оның тоннасына қарай есептелінеді. Рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін әкімшілік жаза бар, айыппұл төлейді. Сондықтан табиғатты ластамай, тазалық сақтаған жөн, — деді ол.

Айта кетейік, біздің аймақта қоқыс өңдеу жұмыстарымен айналысатын 10-ға тарта кәсіпорын бар. Бірақ көпшілігі тек шикізат дайындауға ғана қауқарлы. Арасында бірен-саран кәсіпорын өнім шығарады. Сондай қоқыс өңдеу кәсіпорнының директоры Илья Попов қоқыс полигонына жылына 100 мың тоннадан астам қоқыс келетінін айтады.

— Біз қоқыс полигонындағы 1 мың тонна тұрмыстық қалдықтарды өңдейміз. Пластиктен жасалған заттарды жинап, дайын өнім шығаруға арналған шикізатты дайындаймыз. Дайын өнім ретінде тротуарға арналған кеспе тас, трактордың тазалағыш щеткасын шығарамыз. Болашақта кәсібімізді кеңейтіп, пластиктен ыдыстар, бөтелкелер шығару жоспарымызда бар. Сол арқылы жақын шетелдердің нарығына шықсақ деген ойда жүрміз, — деді И.Попов.

А.МҰҚЫШЕВ.