Ақсу қаласына қарасты Қызылжар ауылы 60 жылдығын дүркіретіп атап өтті. «Мұндай тойды көрмегелі көп болды» десіп жатты жиналған жұртшылық. Тіпті, Ертіс және Ақтоғай ауданына кетіп бара жатқан көліктердің өзі жол-жөнекей тоқтап, көкпар мен аламан бәйгенің қызығына куә болды. Қысқасы, бұл тойды көрген де арманда, көрмеген де арманда!

Оралхан ҚОЖАНОВ

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, ауылдың алпыс жылдығын атап өту үшін ауыл тұрғындары, алыс-жақында жүрген ауыл тумалары кеңесіп, ұйымдастыру мәселесін шешіп алған. Ақсу қаласы әкімдігі де жан-жақты қолдау көрсетіп, алақандай ауылдың мерейтойы жоғары деңгейде өтті.

Стелладан өте бере мерейтойдың аурасы сезіле бастады. Алыстан менмұндалаған киіз үйлер, самаурынның көкке көтерілген түтіні, әр жерде бәйгеге дайындалып жүрген ат ұстаған шабандоздар үлкен тойдың болатынынан хабар бергендей. Ауылға кіре бере еріксіз думанның қызығына еніп кеттік.

Салтанатты шара Ақсу қалалық Сәбит Дөнентаев атындағы қалалық мәдениет сарайы ұйымдастырған концертпен басталды. Жергілікті өнерпаздар да өнерден құр алақан емес екенін дәлелдеді. Қызылжарлықтарды арнайы құттықтауға келген Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов ауылдық аймақтың әкімдігіне 30 миллион теңгенің сертификатын табыс етіп, ауылдың ажарлана түсуіне тілекші екенін жеткізді.

«Бұл қаражат қайда жұмсалады екен?» деген қызығушылықтың туындауы заңдылық. Ауыл әкімі Дәулет Әбілдинов қаржы ел игілігіне жұмсалатынын жеткізді. «Бұған дейін тұрғындармен болған кездесулерде ауылдастар қысқы хоккей кешенін салуды сұраған болатын. Қала берді, жуырда оқу-жаттығу кезінде өрт сөндіру қызметінің көлігі өртеніп кеткен еді. Қаражат ауылда спорт нысанын салуға және «ВАЗ» автокөлігін сатып алуға жұмсалады. 60 жылдыққа барша ауылдастарымыз белсенді атсалысып, өз үлестерін қосып жатыр. «60 іс-шара» аясында орталық алаңға «Ұстаздар аллеясы», «Жастар аллеясы» орнатылып, шырша, қайың егіліп, абаттандыру жұмыстары атқарылды. Өзге де игі істер жалғасын табуда», деді ол.

Шара барысында «Қызылжар – құт мекен» кітабының тұсауы кесілді. Авторы – жергілікті мектептің мұғалімі Аманжол Әсен.

– Кітапты құрастыру барысында тарихи деректерге сүйендік. Бұл кітапқа Қызылжар ауылының өркендеп, өсуіне үлес қосқан соғыс, тыл және еңбек ардагерлерінің ерен істері мен арда азаматтардың өмір деректері берілді. Сонымен қатар, ауылдың мекеме ұжымдары, осы өңірге қоныстанған қандастар туралы ақпарат енгізілді. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп бабалар айтқандай, әр адамның кіндік қаны тамған, туып-өскен жері мен тәрбиелеп өсірген елі болатыны сөзсіз. Осы орайда, Қызылжар туралы толғанып, тебіренуді жөн санадым. Елге, жерге, жалпы адам атаулыға жасалған игі іс мақтаусыз қалмауы керек. Мен де Қызылжар халқының тарихын, азаматтардың жарқын істерін болашақ ұрпаққа қалдыру мақсатында осы кітапты жазуды қолға алдым. Тарихи кітапта 200-ден астам адамның өмір дерегі, атқарған қызметі, алған марапаттары, қоғамда болған оқиғалар қамтылған, – дейді автор.

150 данамен жарық көрген «Қызылжар – құт мекен» кітабы ауылдық кітапханалар мен музейлерге, ауылдастар мен қонақтарға табыс етілді.

Тарихи деректерге көз жүгіртсек, «Қызылжар» деген атауды Ертіс өзенінің сол жағалауындағы биік қызыл топырақты жар жағалауында орналасқандықтан атаса керек. Іргесі 1930 жылдың бас кезінде қаланған. Қызылжар совхозы 1963 жылы Ермак ауданы Жолқұдық совхозының 4-бөлімшесі негізінде құрылып, 1969 жылдың тамыз айына дейін совхоз шаруашылығының негізгі бағыты құс өсіру болды. 1969 жылы 26 тамызда Қызылжар құс шаруашылық совхозы екі бағытқа бөлінді. Бірі құс шаруашылығымен айналысса, екіншісі ет-сүт бағытындағы совхоз болып қайта құрылды. Қызылжар совхозының аумағында 12 мың гектар егін егіліп, 1965 жылы әр гектардан 14-16 центнер өнім алынған. Ет, сүт және малдан төл алу көрсеткіштері жоғары болған. Атап айтсақ, Еркен Балтабаев 130 бас еркек қара мал семіртіп ауданда топ жарса, Серік Рақышев 100 биеден 80 құлын, Рәшит Мұқышев 100 сиырдан 80 бұзау төлдетіп, Мәскеуге ауылшаруашылық көрмесіне жолдама алған екен. Сауыншы Пану Темірғалиева әр сиырдан 3000 литр сүт алып, озат сауыншы атанып, ауданға депутат болып сайланады. Хамит Жақсыбеков, Шектен Абаканов үздік механизаторлар атанып, «Еңбек қызыл ту» орденімен марапатталады. Осы сияқты ерен еңбегімен танылған қызылжарлықтар аз емес. Олардың еселі еңбегі – ұрпаққа үлгі.

Салтанатты шара барысында «Қызылжар» әнінің тұсауы кесілгенін атап өткен жөн. Спорттық шараларға келсек, көкпар, арқан тартыс, қол күрес, қой көтеру, қазақ күресі, бәйге ұйымдастырылды. Қазақ күресінен өткен бәсекеде 30-дан астам балуан күш сынасты. Бірінші орынды Серік Сәлменов (150 мың теңге) иеленсе, Темірғалы Құдайбергенов (100 мың теңге) екінші орынды місе тұтті. Әлихан Айтжанов (50 мың теңге) үшінші орынға тұрақтады. «Жеңіске деген талпыныс» аталымына Ғазиз Оразбаев лайық деп танылып, оған қой берілді.

Тай жарыстан ақтоғайлық шабандоз Мұса Бөгенбай, құнан бәйгеден қарағандылық Өркенбай Қуанбай, аламан бәйгеден Ертіс ауданының шабандозы Сейітқазы Жарқынбек дара келді. Құнан және аламан бәйгенің жеңімпаздарына жылқы табысталды. Ал тай бәйгесінен бірінші келген шабандозға 100 мың теңге берілді. Көкпарда ақкөлдік «Сайфулла» көкпар командасы жеңімпаз атанса, екінші орынды Мәмәйіт Омаров командасы иеленді. Үшінші орын «Саты ата» командасына бұйырды. Жүлдегерлер ақшалай сыйлықпен марапатталды.

 

Қызылжар ауылы, Ақсу қаласы.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.