Қыста да жылы аялдамалар

Қар 27, 2025

Қыс қыспаққа алатын Сарыарқаның қақ ортасында орналасқан Павлодар қаласы үшін қоғамдық көлікті күту – тұрғындардың күнделікті өміріндегі маңызды қажеттіліктің бірі. Әсіресе қаңтардың қақаған аязы мен желтоқсанның ызғары кезінде аялдамада ұзақ уақыт тұру қала тұрғындарына айтарлықтай қолайсыздық туғызатыны белгілі. Осы мәселені шешу мақсатында соңғы жылдары Павлодарда жылы аялдамалар орнату жұмыстары қарқын алып келеді.

Бір қарағанда шағын ғана павильон болып көрінетін бұл нысандар –
тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға, қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға арналған маңызды әлеуметтік жоба. Жылы аялдамалар қазіргі заман талабына сай жабдықталып, қаланың инфрақұрылымдық дамуының бір бөлігі ретінде қалыптасып келеді. Қала көшелерінде пайда болған осындай жаңа форматтағы аялдамалар жыл сайын саны артып, тұрғындардың күнделікті қозғалысына қолайлы жағдай жасалуда. Олар қыс мезгіліндегі қатынасты жеңілдетіп қана қоймай, Павлодардың әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрғындарға бағытталған тиімді шешімдердің жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

Павлодар қаласы бойынша 12  жылы аялдама бар. Олардың төртеуі  кәсіп-керлердің  жеке  қаражатына, қалғаны бюджет есебінен  салынған.  Бюджет есебінен орнатылған  жылы аялдамалар Торайғыров, Естай, Малайсары  батыр  және  Қамзин көшелерінде, Н.Назарбаев  даңғылында  орналасқан.  Қала әкімдігіне тиісті аялдамалар  қалалық тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығы  қызметінің  құзырында. Қазір  барлық павильондар  жұмыс істеп тұр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары күн сайын тұрақты негізде жылы аялдамаларға мониторинг жүргізеді. Жылы павильондар  жылытқыш  жүйе,  бейнебақылау  камераларымен  және  кондиционермен  жабдықталған.

Тұрғындар жылы аялдамалар жайлы сөз қозғағанда, ең әуелі оның жайлылығы мен тазалығына назар аударады. Қала ішінде салқын күндері сая болуға тиіс бұл шағын орындардың кейде көңілге қаяу түсіретіні де жасырын емес. Бұған дейін әлеуметтік желілерде қала тұрғындары жылы аялдамаларға қатысты шағымдар айтқан болатын. Қазіргі таңда бұл мәселе азайғанымен, тұрғындардың басым бөлігі жылы аялдамада тұрғаннан гөрі сыртта тұрғанды жөн көреді. Олардың айтуынша, әлеуметтік желілердегі сыннан кейін бұл аялдамалар  назарға алынып, тазалық жұмыстары жиілегенімен, сапасы әлі де көңіл көншітпейді.

– Мен жылы аялдамаға жиі кіре бермеймін, өйткені, үйімнің қасында ондай аялдамалар жоқ. Өзім ЦУМ маңында жұмыс істеймін. Аялдамаға тек күн суық кезде ғана кіремін. Кейде іші лас болып, жағымсыз иіс шығып тұрады. Дегенмен, аптасына бірнеше рет тазалық жұмыстары жүргізіледі, – дейді  Алмагүл  Қамбар.

Қыстың қақаған аязында аялдамада автобусты күту – әрбір қарт адам үшін өте қиын. Жел соғып, қар жауып, мұз басқан жолдар мен тұман қосылғанда, аялдамада ұзақ тұру тек ыңғайсыздық туғызбай, денсаулыққа да қауіп төндіреді.

– Осындай жылы аялдамалардың болуы біз үшін тиімді. Соңғы кездері байқағаным – орталықтағы аялдамаларға қарағанда кәсіпкерлер салған аялдамалар әлдеқайда таза әрі жылы. Солардың бірі – «Отау» алдындағы аялдама. Бұл аялдаманы «BURЖУЙ» ЖШС орнатқан екен. Қызметкерлердің ішін тазалап жатқанын өз көзіммен көрдім. Шатаспасам, күніне екі рет келіп тазалап кетеді. Ал қала орталығында орналасқан аялдамаларда жылу жүйесі бар болғанымен, мардымсыз.  Кейбіреулерінің  іші  лас, жиналмаған. Осы жақында  «Квазар»  маңындағы  аялдамаға жылыну үшін кірген болатынмын, іші бүлініп, еденнің бір шеті қираған соң сол жерін ағаш тақтаймен жауып қойған екен, – дейді  Гүлімхан Түнібай.

Қорытындылай келе, көтерілген мәселенің маңызы қоғамның өмірімен тікелей байланысты екенін көреміз. Жүргізілген жұмыстар мен айтылған пікірлер бұл бағыттағы істің әлі де жалғасуы қажет екенін көрсетеді. Ең бастысы — әр бастаманың артында ел игілігіне қызмет ететін ортақ  мүдде  жатқанын ұмытпау.

Нұрайым  ҚАЛЫБЕК.