Алдағы аптада қыс мезгілінің алғашқы айы басталады. Ауа райы мың құбылатын мерзімде жолаушылар мен көлік жүргізушілерінің амандығы маңызды. Қарлы боранның ұйытқығанына, төпелеп жауған қар аралас жаңбырға, жолдың көктайғақ мұзға айналғанына қарамастан алыс жолға шығатын тұрғындар кездеседі. Тіпті, құтқарушылардың ескертуіне құлақ аспай, өз өмірлеріне қауіп төндіріп жатады. Міне, осындай әрекеттер оқыс жағдайлардың туындауына себеп болады. Сондықтан қыс мезгілінде сақтық шараларын барынша ескерген жөн. Осы орайда, «Тікелей желі» шарасын ұйымдастырып, мезгіл мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап алдық. Оқырман сауалына Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Баяхметов Ақылбек Нығметоллаұлы және азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Қасымов Ерлан Зейноллаұлы жауап берді.
Тілші сауалы:
— Өткен жылы қыс мезгілінде құтқарушылардың көмегімен жолда қалған қанша адам құтқарылды? Оларға қандай көмек көрсетілді?
Ақылбек НЫҒМЕТОЛЛАҰЛЫ:
— Былтыр облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының көмегімен жолда қалған 15 адам құтқарылып,
5 жолаушы эвакуацияланды. Оның ішінде бір шетел азаматы бар. Далада қалған жолаушылар жылыту пункттеріне орналастырылып, оларға психологиялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, 5 жеңіл көлік, 5 жүк көлігі қардан шығарылды. Бұл жағдайларға ауа райының қолайсыздығы мен көліктердің сынып қалуы себеп.
Ауа райы құбылған кезде облыстық төтенше жағдайлар департаменті және «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы полиция департаментімен бірлесіп, шешім қабылдайды. Қандай бағыттағы жолға шектеу қойылатынын анықтап, смс-хабарламаларды барлық ұялы операторларға жолдаймыз. Мысалы, қандай да бір жол бағыты кешкі сағат 20.00-де жабылатын болса, жұртшылыққа бұл ақпарат 2 сағат ерте жолданады. Өкінішке қарай, тұрғындар құтқарушылардың ескертуіне құлақ аспай, алыс жолға шығып жатады.
Тілші:
— Облыста биыл қанша жылыту пункті дайындалды? Олар қайда орналасқан?
Ерлан ЗЕЙНОЛЛАҰЛЫ:
— Биыл облыс аумағында жалпы саны 189 жылыту пункті дайындалды. Оған 10 мыңнан астам адам орналаса алады. Оның ішінде 172 жылыту пункті жергілікті атқарушы органдарда, мектептер мен мәдениет үйлерінде, мешітте және жол бойында әзірленді. Өйткені аталған мекемелер күзетіледі әрі тәулік бойы жұмыс істейді.
Саят, Павлодар қаласы:
— Алыс жолға шығуды жоспарлаған тұрғындар жолдың ашық не жабық екенін қайдан біле алады?
Ақылбек НЫҒМЕТОЛЛАҰЛЫ:
— Қазір кез келген адам ұялы телефон арқылы ауа райын қалаған уақытта қарап, хабардар бола алады. Бірінші кезекте «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның call-орталығындағы 1403 бірыңғай нөміріне немесе 112 қызметіне қоңырау шалып, қажетті бағыттағы жолдың жағдайын біле алады. Кезекші оператор тәулік бойы жұмыс істейді. Ескеретін жайт, жолдың ашық не жабық екенін ауа райы құбылған күні ғана емес, ашық күндері де міндетті түрде осы операторларға қоңырау соғып, жолдың жағдайымен танысып алған абзал. Себебі бір қалада күн ашық болғанымен, Астана қаласы немесе Ақмола облысында боран соғып, қар жауып тұруы мүмкін.
Жұртшылық «Play Market» жүйесінен «Foreca» қосымшасын жүктеп алып, еліміздің барлық өңіріндегі ауа райын бақылай алады. Онда тәуліктің қай уақытында боран болып, қар жауатыны анық жазылады.
Маржан, Екібастұз қаласы:
— Алыс жолға шығуды жоспарлаған жүргізуші мен жолаушылар жолға қалай дайындалуы керек?
Ерлан ЗЕЙНОЛЛАҰЛЫ:
— Алдымен көліктің техникалық жағдайын тексеріп алу қажет. Жүргізуші жолаушылардың өміріне жауапты екенін білу керек. Жанармай жеткілікті мөлшерде болғаны дұрыс. Кез келген көлік иесі өзімен бірге күрек, жылы киім, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, жылуды ұзақ сақтайтын ыдысқа шай құйып алулары тиіс. Сонымен қатар, өзіңізбен бірге газ жылытқышын бірге алып жүру маңызды. Көлік істен шығып, пеші жұмыс істемей қалған уақытта құтқарушылар жеткенше газ жылытқышты пайдалануға болады.
Дархан, Баянауыл ауданы:
— 112 қызметі тұрғындардың ұялы телефонына күні-түні смс-хабарлама жолдайды. Түн ортасында түскен хабарлама адамдарда алаңдаушылық тудырады. Мұндай ескертулерді күндіз жолдауға болмай ма?
Ерлан ЗЕЙНОЛЛАҰЛЫ:
— 112 қызметі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істейді. 24 сағат ішінде ауа райы сан мәрте құбылады. Бұл жағдайды жұртшылыққа жедел жеткізу – біздің міндетіміз. Әр адам өз басына қиындық түспей, біреудің жағдайын түсінбейтіні белгілі. Біреулер қалың ұйқыда жатса, кейбір жолаушылар жүк көлігімен алыс сапарда болуы мүмкін. Бір хабарлама бірнеше адамның өмірін құтқарып қалуы ықтимал. Сондықтан тұрғындарды жағдайға түсіністікпен қарауға шақырамын.
Тілші:
— Қыста жанармайы таусылып, жолдың ортасында қалған жүргізуші қайда хабарласып, көмек сұрай алады?
Ақылбек НЫҒМЕТОЛЛАҰЛЫ:
— Жоғарыда айтқанымыздай, 1403 және 112 операторларына қоңырау соғып, көмек сұрауға болады. Егер бұл операторларда желі бос болмаса, 101 және 102 нөмірлеріне хабарласуға болады. Жауапты мекеме құтқару жұмыстарына қатысады.
Тілші:
— Ұялы байланыс ұстамайтын шалғай ауылдар бар. Боран күні көлігімен далада қалған жолаушы байланысы жоқ жерде қалай әрекет етуі керек?
Ақылбек НЫҒМЕТОЛЛАҰЛЫ:
— Алыс жолға шығатын жолаушылар үйдегі адамдарға қайда баратындарын айтып кетуі керек. Сонымен қатар, баратын адамдарға да шамамен неше сағатта жететінін ескертуі міндет. Егер байланысы жоқ жерде қалып жатса, туысқандары құтқару қызметіне хабарласып, жолаушылардың қандай бағыттағы жолда қалып қойғанын айта алады.
Серік, Аққулы ауданы:
— Жолда қалған адамдарға құтқарушылар қанша уақытта жетеді?
Ақылбек НЫҒМЕТОЛЛАҰЛЫ:
— Төтенше жағдайлар қызметінде жедел жәрдем қызметіндегідей арнайы бекітілген уақыт нормасы жоқ. Барынша жедел әрекет етуге тырысамыз. Мысалы, хабар түскен кезде жолаушының қай жолда қалып қойғанын назарға аламыз. Дереу сол аумаққа жауапты құтқару қызметіне қоңырау шалып, жолаушыларға жылдам қызмет көрсетуін бақылаймыз. Ал қала аумағындағы жолаушыларға санаулы минут ішінде көмек көрсетіледі.
Тілші:
— Облыста адамдарды құтқаруға, қалың қардан өтуге қауқарлы техника саны жеткілікті ме?
Ерлан ЗЕЙНОЛЛАҰЛЫ:
— Аймағымызда қысқы кезеңде жұмыс істейтін 1048 техника бар. Оның 432-сі — қар тазалайтын техника. Техника жеткілікті. Дегенмен, оларды жыл сайын жаңартып отыру маңызды. Павлодар-Астана бағытындағы жолда Шідерті аумағында жол жиі жабылатын аумақ бар. Ақмола облысы мен біздің облыстан да көмекке техникалар қар тазалау жұмысына тартылады. Біз тек өз облысымыздың аумағына ғана жауапты емеспіз. Көмек қажет болса, өзге өңірлерге де шығамыз.
Тілші:
— Жол талғамайтын неше «Трэкол» техникасы бар?
— Облыс аумағында жол талғамайтын 2 «Трэкол» техникасы бар. Көліктің бұл түрі доңғалағының үлкендігіне байланысты қалың қар мен батпақты да басып өтеді. Сонымен қатар, осы техникаға ұқсас «ВЕЯ» көлігі Шідерті аумағында орналасқан. Жуырда облысқа тағы «Байкал» көлігі жеткізіледі. Жоғарыда атап өткендей, мұндай техникалар қалың қар басатын аумақтарда жұмыс істейді. Көліктер Ақтоғай, Ертіс, Железин, Тереңкөл аудандары және Шідерті ауылына бөлінген. Облыс орталығынан көмекке жету уақыт алатындықтан, аталған 4 көлік осы аумақтарда орналастырылады.
Тілші сауалы:
— Мұз айдындарын тексеру шаралары қашан басталады? Балық аулауға қашан шыға алады?
Ерлан ЗЕЙНОЛЛАҰЛЫ:
— Қазіргі уақытта су айдындарының жағасында ғана мұз қата бастады. Толық қатып үлгермеді. Сондықтан балық аулауға болмайды. Жақын күндері әуесқой балықшылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, рейдтік шаралар ұйымдастырылады. Жеке адамдар үшін судағы мұздың қалыңдығы 10 см-ден кем болмауы тиіс. Ал Железин, Ертіс, Тереңкөл, Павлодар аудандарындағы техника қатынайтын мұз өткелдерінің қалыңдығы 25 сантиметрді құрауы тиіс. Осы көрсеткішке жетпесе, мұздың опырылып түсу қаупі жоғары болады.
Тілші:
— Жедел құтқару жасағында психолог мамандар жұмыс істейтінін білеміз. Олар қандай қызмет көрсетеді?
Ерлан ЗЕЙНОЛЛАҰЛЫ:
— Жедел құтқару қызметіндегі психологтарға зор міндет жүктелген. Жолда қалған жолаушылар немесе олардың туысқандары құтқару қызметіне қоңырау шалғанда, алаңдаушылық тудырып, сабырсыздыққа жол беріп жатады. Сонымен қатар, жылыту пунктіне орналасқан адамдар да үй ішіне алаңдап, жылап жатады. Психолог мамандар мұндай адамдарды сабырға шақырып, жұбатады.
Сәния, Железин ауданы:
— Облыста қандай аумақтарды қар жиі басады?
Ерлан ЗЕЙНОЛЛАҰЛЫ:
— Көп жағдайда Железин, Ертіс, Ақтоғай, Тереңкөл аудандарына қар қалың түседі. Облыстың солтүстік бөлігінде орналасқан осы өңірдегі елді мекен тұрғындарына қыста қатынауда қиындық туындап жатады.
Тілші:
— Көктайғаққа қарсы қанша инертті материал дайындалды?
Ақылбек НЫҒМЕТОЛЛАҰЛЫ:
— Облыста көктайғақтың алдын алуда жалпы көлемі 5400 тонна инертті материал әзірленді. Көктайғақ орын алған жолдарға тұз бен құм қоспасы себіледі. Инертті материал жеткілікті көлемде әзірленді.
«Тікелей желіні» жүргізген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.