Ағымдағы жылдың 23 сәуірінде Павлодар қаласында жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары басталды. Облыс орталығындағы жылу желілері қай жерде жөнделетінін «Павлодар жылу желілері» ЖШС сынақ нәтижелерін шығарғаннан кейін шешеді. Биыл Павлодарда қаланың оңтүстік бөлігінде сынақтар 22-28 сәуір аралығында өтсе, 29 сәуірден 5 мамырға дейін – солтүстік аймақта жүргізіледі. Ал күзгі сынақтар 31 шілдеден 12 тамыз аралығында өтеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов биыл Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы орталықтандырылған жылу желілерін ауқымды жөндеу жұмыстары күтіп тұрғанын айтты. Инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде жоспарланған барлық жөндеу жұмыстары, ең алдымен, алдағы күзгі-қысқы кезеңде станция жабдықтарының сенімділігін арттыруға, тұтынушыларды үздіксіз жылумен және электрмен жабдықтауға және ҚР заңнамасына сәйкес нормативтік-техникалық талаптарды орындауға бағытталған.
— Жылыту маусымына дайындық шеңберінде жөндеу жұмыс-тары энергия тасымалдағы-штардың негізгі жабдықтарының 40 бірлігі (12 энергоблок, 19 қазандық, 6 турбина және 3 түтін мұржасы), 2087 шақырымды құрайтын электрмен қамту желілері және 74,5 шақырым жылумен қамту жүйелері жөнделді. Сондай-ақ, 337 автономды қазандық, 542 білім беру, 317 денсаулық сақтау, 305 мәдениет нысандары және 2231 көп қабатты тұрғын үй дайындықтан өтті. Ағымдағы жылы энергия тасымалдағыштардың негізгі жабдықтарының 39 бірлігі (8 энергоблок, 21 қазандық, 8 турбина және 2 түтін мұржасы), 2196 шақырым электрмен қамту желілері және 40 шақырымнан астам жылумен қамту желілерін жөндеу жоспарлануда. Бұдан басқа, барлық 337 автономды қазандық, 542 білім беру, 317 денсаулық сақтау, 305 мәдениет нысандары және 2231 көп қабатты тұрғын үйдің жылумен қамту жүйелері ретке келтірілмек, — деді Е.Иманзайыпов.
Басқарма басшысы барлық жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде кезең кезеңімен жүзе асырылатынын жеткізді. Себебі бір ғана Екібастұз қаласының жылу-электр орталығы мен жылу желілерін жөндеуге 16 миллиард теңгеден астам қаржы қажет.
— Жылыту маусымы барысында 226 технологиялық бұзушылық, желілер бойынша 284 бұзушылық тіркелді. Сондай-ақ, облыс тұрғындары 1,5 мыңнан астам рет жылу нормасына байланысты шағымданған. Шағымдар бойынша 704 жағдайда төмендеген параметрлер расталды. Биыл жаңа жылу маусымына дайындық бойынша жөндеу науқаны аясында энергия көздеріндегі негізгі құрал-жабдықтарды және жылу желілерін жөндеу жоспарлануда. Бұл мақсатта 56 миллиард теңгенің жобасын әзірледік. Қаржы-ландыруға байланысты барлық жұмыстар кезең кезең бойынша жүзеге асырылады, — деді ол.
Сонымен қатар, «Павлодар жылу желілері» ЖШС бас инженерінің орынбасары Павел Плетухо облыс орталығындағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 станцияларында алдағы жылу беру маусымына сапалы дайындалуға бағытталған жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткенін хабарлады.
— Жоспарлы жұмыстар аясында ұзындығы 3,73 шақырымды құрайтын 28 нысанның жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізілуде, оның ішінде тоқсан-
дық желілер 2,692 шақырым, магистральдық желілер 1,042 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, биыл Павлодар қаласындағы Лесозавод мөлтек ауданында орталықтандырылған жылу станциясын орнату арқылы №3 сорғы стансасын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Ұзындығы 40,8 шақырым жылу желілері мен ыстық су желілерін ағымдағы жөндеу, қосалқы жабдықтарды ағымдағы жөндеу, орталық жылу пункттерін жөндеу жоспарланған. Бұдан бөлек, «Инвестицияға тариф айырбастау» бағдарламасы аясында №20 жылу трассасы жөнделеді, — деді бас инженердің орынбасары.
А.МҰҚЫШЕВ.