Павлодардағы су құбыры желілері мен құрылыстарының басым бөлігі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. Бұл күндері тозығы жеткен инфрақұрылым күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Тіпті, кейбір құбырларды шұғыл ауыстыру керек. Тамшыдан туындаған аталмыш түйткіл облыс орталығында қалай шешілуде? Павлодар қаласында қандай магистральдік су және кәріз желілері салынбақ?

Мамандардың айтуынша, облыс орталығындағы кәріз желілерінің тозу деңгейі
80 пайыздан асады. Ал сумен жабдықтау желілеріндегі көрсеткіш 70 пайызға жуықтайды. Тұрғындар үшін таза ауызсудың күнделікті қажет екенін ескерсек, бұл — өте күрделі мәселе. Сол себепті аталмыш мәселені шешу мақсатында қазір облыс орталығындағы су құбыры желілеріне жауапты монополистер жеті жылға есептелген орта мерзімді жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, бүгінгі күні «Шығыс» шағын ауданында кәріз және су желілерінің құрылысы аяқталуда. Әлеуметтік нысандар мен 25-тен астам көпқабатты үйлерге жалғанған ұзындығы 1300 метрге жуық шаруашылық ауызсу құбырының учаскесі жаңғыртылды. Ескі желі сонау 1983 жылдан бері қызмет етіп келген. Сондай-ақ, биыл Малайсары батыр көшесіндегі су құбыры жаңар-тылып, «Казправда» көшесінде гравитациялық кәріз желілері салынуда. Оған Зеленстрой шығын ауданы және КазПравда, Ладожская, Ворушин, Қамзин көшелеріндегі үйлер қосылады.

«Павлодар-Водоканал» ЖШС директорының орынбасары Валерий Филяев бүгінгі таңда инвестициялық бағдарламалар аясында бірінші кезекте қала үшін маңызы бар коммуналдық нысандардың құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты. Атап өтсек, қазіргі уақытта екі гравитациялық коллектор, сондай-ақ, Шығыс ықшамауданында су құбыры желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

— Екінші Павлодар ықшам ауданындағы «Елгин-Крылов көшелері мен Қамзин көшесіне дейінгі аралықта орналасқан гравитациялық кәріз коллекторының құрылысы жүргізілуде. Ескі құбырлардың орнына ыстық пен суыққа төзімді материал пайдаланылды. Қазір 12 метрлік құбырлар дәнекерленген және қолданыстағы желілерге параллель жер астына төселген. Айта кетейік, жаңа материал пайдалану сипаттамалары бойынша бұрын желілерді салуда қолданылған болат, темірбетон және шойын желілерінен асып түседі. Бұл төмен тығыздықтағы полиэтилен құбырының қызмет ету мерзімі кемінде 50 жылға жетеді. Сондай-ақ, құбырларды лай және тот баспайды. Жобаға 129 миллион теңге бөлінді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша блокішілік желідегі апаттылық көрсеткіші нөлге дейін төмендейді, ал құбырдың өткізу қабілеті жарты ғасыр бойы сақталады. Көпқабатты үйлер, әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер осы коллекторға қосылған. Кәріз жүйесі көпқабатты үйлер мен Екінші Павлодардағы жеке секторлардың ағынды суларын жинайды, — дейді В.Филяев.

Сонымен қатар, «Павлодар-Водоканал» ЖШС дирек-торының орынбасары облыс орталығының оңтүстік бөлігінде орналасқан су қондырғыларын жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Айтуынша, биыл сорғы қондырғыларын да, автоматтандыру жүйелерін де ауыстырудың жол картасы әзірленді. Қазіргі уақытта барлық жұмыстың 70-80 пайызы орындалды.

— Бүгінгі таңда Павлодарда бүкіл қаланы сумен қамтамасыз ететін магистральдік су құбырын бірінші көтерілімнен екінші көтерілімге дейін толық ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Ескі су құбыры сонау 1961 жылы пайдалануға берілген. Осы уақытқа дейін қала тек екі «тармақтан» қуат алып келді. Үшінші жаңа су құбыры салынғаннан кейін ескі құбырларды бөлшектемеу туралы шешім қабылданды. Яғни, облыс орталығын таза ауызсумен қамтамасыз ететін жаңа үшінші филиал салынбақ. Осы желі арқылы Ертістің суы екінші көтергіш сорғы станциясына жеткізіледі. Онда ол қаланың ауызсу қажеттілігі үшін тазартылады. Ал технологиялық қажеттіліктер үшін тікелей жылу-электр станцияларына барады. Бұл қаланы сумен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігіне оң әсер етеді. Өйткені қазір қолданыстағы су құбырлары нашар жағдайда. Бір жерде су құм аралас ақса, тағы бір жерде су құбырының қабырғалары кішірейіп кеткен соң тамшылап ағады. Соңғы екі жылда екінші көтергіш сорғы станциясы үшін диаметрі 1200 мм болатын бес шақы-рымға жуық құбыр төсеу жоспарланған, — деді ол.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.