Бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін бірінші кезекте жұмыспен және баспанамен қамту қажет. Мемлекет басшысының әрбір қазақстандықты тұрғын үймен қамту туралы бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыруда Павлодар облысының аудандары мен қалаларында, облыс орталығында қыруар жұмыстар атқарылып, құрылыс қарқынды жүргізілуде. Жуырда өңірдегі қолжетімді тұрғын үй бағдарламалары мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың жоба-жоспарлары жөнінде Павлодар облысының құрылыс басқарма-сының басшысы Асқар Әжмұратпен әңгімелестік.
— Асқар Қадырұлы, алғашқы сұрағымызды өткен жылдың қорытындысымен бастасақ. 2024 жылы тұрғын үй құрылысы саласында қандай жұмыстар атқарылды? Қанша тұрғын үй пайдалануға берілді?
— Павлодар облысында тұрғын үй құрылысы азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсарту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның маңызды бөлігін іске асыруда. Соңғы жылдары облыста жеке тұрғын үй және көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы белсенді түрде дамып келеді. Атап айтсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының физикалық көлем индексі 13 пайыздан астам өсім көрсетті. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. Мәселен, былтыр Павлодар облысында барлық қаржыландыру көздері есебінен мемлекеттік және жекеменшік құрылыстың жалпы көлемі 566 мың шаршы метрді құрады. Яғни, 2024 жылы облыста 566,3 мың шаршы метр тұрғын үй (3407 пәтер) пайдалануға берілді немесе 2023 жылмен салыстырғанда 14,7 пайызға артық. Оның ішінде 99,5 мың шаршы метр мемлекеттік тұрғын үй және 466,8 мың шаршы метр жеке меншік тұрғын үйлерге тиесілі. Сондай-ақ, қала және аудан әкімдіктері 808 пәтерді сатып алды, оның 281 пәтері ауылдық елді мекендерде. Нәтижесінде кезекте тұрған 26 816 адамның 912-сі баспанаға ие болды. Бұдан бөлек, мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде өткен жылы тұрғын үй-коммуналдық сала тұжырымдамасына сәйкес, мемлекет тарапынан кредиттік және жалға берілетін тұрғын үйлерді салуға қаражат бөлінді. Осылайша 2024 жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 808 пәтер жалға берілетін тұрғын үй ретінде сатып алынды.
— Жалпы, осы жалға берілетін тұрғын үйлерге павлодарлықтардың көзқарасы қандай? Мұндай тұрғын үйлер халық арасында сұранысқа ие ме?
— Жалға берілетін тұрғын үйдің артықшылығы – мемлекет тарапынан мерзімсіз беріледі. Яғни, бұл тұрғын үйден сізді ешкім қуып шықпайды. Бір рет алғаннан кейін адам өмір бойы сол үйде тұра алады. Тіпті, мұрагерлері де осы үйде тұруға құқылы. Жалға алу құны төмен болғандықтан, мұндай тұрғын үйлер үлкен сұранысқа ие. Қазіргі таңда облыста мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекте тұрған 26 мыңнан астам азамат бар. Өкінішке қарай, олардың бір бөлігі жеңілдетілген несие алуға да мүмкіндігі жоқ. Сондықтан мемлекеттік бағдарлама арқылы жалға берілетін тұрғын үй мәселесін шешу қолға алынған.
Бұдан басқа, қолжетімді тұрғын үй бағдарламалары шеңберінде облыста тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, сондай-ақ жас отбасылардың, көпбалалы және аз қамтылған азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған «Отау», «Наурыз» және тағы басқа бағдарламалары іске асырылуда. Бұл бағдарламалар тұрғын үй сатып алуға жеңілдікті несиелер ұсынады, бұл азаматтардың қаржылық жүктемесін айтарлықтай азайтуда. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес кезекте тұрған отбасыларға «Отбасы Банкі» АҚ арқылы 2 пайыз және 5 пайыз мөлшерлемемен 20 жылға дейін жеңілдікті несиелер алу мүмкіндігі бар.
— Әлеуметтік осал топтар үшін тұрғын үйлерді бөлу қалай жүзеге асырылады?
— Олар үшін арнайы кезек қарастырылған. Әр санатқа бөлек кезек жасалған. Пәтерлер тұрғын үй комиссиясының шешімі бойынша беріледі. Қазіргі таңда облыста 26 816 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Өткен жылы 912 адамға пәтер берілді. Әрине, 26 мың адамға шаққанда 912 пәтер аз. Бірақ мемлекет тарапынан жыл сайын тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға бөлінетін лимиттердің көлемі ұлғайып келеді. Облыстық әкімдік тұрғын үй құрылысы үшін «Бәйтерек» АҚ қоры арқылы несие қаражатын тартады.
— Ауылдардағы ағайынның баспана мәселесі қалай шеші-луде? Елді мекендерде тұрғын үйлерге тапшылық бар ма? Құрылыс саласындағы негізгі проблемаларға тоқталып өтсек…
— Ауылдық елді мекендерде кредиттік тұрғын үй салынбайды, себебі мұндай үйлерге сұраныс жоқ. Көбінесе облыс орталығы Павлодарда, Екібастұз және Ақсу қалаларында тұрғын үйлер салынады. Алайда ауылдық жерлерде жалға берілетін тұрғын үйлерге сұраныс жоғары. Мысалы, өткен жылы ауылдарда 300 пәтер сатып алынды. Бұл тұрғын үй кезегін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді.
Жалпы, облыста тұрғын үй құрылысының өсіп-өркендеуіне қарамастан, құрылыс материал-дарының қымбаттығы, мемлекеттік инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігі, құрылыс саласында білікті кадрлардың тапшылығы сияқты салада бірқатар проблемалар бар. Дегенмен, мемлекеттік қолдау бағдарламалары бұл саланың дамуын ынталандыруды жалғастыруда. Онымен қоса, соңғы кездері өңірдегі заманауи құрылыс компаниялары экологиялық стандарттарға сәйкес келетін және энергияны үнемдейтін технологияларды пайдаланатын тұрғын үй құрылысына көбірек көңіл бөлуде. Бұл тұрғындардың операциялық шығындарын азайтып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға көмектеседі. Мысалы, бүгінде SIP панельдерінен (конструкциялық оқшауланған панельдер) үйлердің құрылысы жүзеге асуда. Бұл панельдер энергия тиімділігімен, құрылыс жылдамдығы және салыстырмалы түрде қолжетімділігімен үлкен сұранысқа ие. Материал қыста жылуды және жазда салқынды жақсы сақтайды, сонымен қатар, жақсы дыбыс оқшаулау қасиеттеріне ие. Аталмыш материалды пайдаланатын жобаларды ауылдық жерлерде үйлер салуда біртұтас архитектуралық көрініс беру үшін пайдалануға болады.
— Биылғы жылға қандай жоспарлар бар? Тұрғын үйлерден бөлек әлеуметтік нысандардың құрылысы жөнінде де айта кетсеңіз...
— Бүгінгі таңда облыста 1765 пәтерлік жалпы ауданы 118,9 мың шаршы метрді құрайтын 11 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның ішінде Павлодар қаласы бойынша – 7 үй, Екібастұз қаласында – 3 үй және Ақсу қаласында – 1 үй. Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарлама және жеке инвестиция аясында көп пәтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысы қарқын алып, жаңа ықшам аудандар бой көтеріп келеді. Мәселен, 2023 жылы 3500-ден астам пәтері бар 42 көпқабатты тұрғын үйден тұратын «Сарыарқа» шағын ауданының құрылысы аяқталды. Бүгінгі таңда «Достық» шағын ауданында тұрғын үйлердің құрылысы жалғасуда. Аталмыш мөлтек ауданның құрылысы аяқталғанда жалпы 6 мыңнан астам пәтерден тұратын 49 үй бой көтереді. Қазіргі уақытта Павлодар қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізілуде. Оның ішінде «Достық» шағын ауданының құрылысы ескеріліп, бас жоспарда толықтырылды. Сонымен қатар, биыл облыс орталығындағы кейбір ескі үйлер сүріліп, олардың орнына жаңа үйлер салынады.
Соңғы жылдары облыста тек тұрғын үйлердің құрылысы ғана емес, сонымен қатар, мектеп, балабақша, емдеу мекемелері сияқты әлеуметтік инфрақұрылым нысандары да белсенді түрде салынуда. Атап айтсақ, 2024 жылы 30 медициналық нысанның құрылысы басталып, көбі пайдалануға берілді. Оның ішінде 23 фельдшерлік пункт, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 дәрігерлік амбулатория. Бүгінгі таңда 24 нысан пайдалануға берілсе, қалған 6 нысан биыл аяқталады деп жоспарлануда.
— Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен — Алтынбек МҰҚЫШЕВ.