Оқу жылының аяқталуына орай «Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасы аясында облыс орталығындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы жалпы орта білім беру мектебінде «Кітап – рухани сарқылмас қазына» атты қорытындылау кеші өтті.
Аталмыш жоба шеңберінде «Ең үздік оқырман сынып» және «Ең үздік оқырман оқушы» байқаулары ұйымдастырылып, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға оң әсерін тигізді.
«Ең үздік оқырман сынып» байқауына бастауыш сыныптардағы оқуға құштар балалар қатысып, бақ сынасты. Іріктеу кезеңінде 40 оқушының ішінен 17 оқушы ғана жолдама алды. Барлық қатысушы кітап және бағалы сыйлықтарға ие болды. Ал «Ең үздік оқырман оқушы» байқауының қорытындысы бойынша бас жүлде – велосипед 3-сынып оқушысы Балым Дінмұхаметке бұйырды. Жүлделі І орын алған 3-сынып оқушысы Ақнұр Айтбай және ІІ орынды бөліскен 2-сынып оқушылары Аяулым Теңізбаева мен Амира Омарға самокаттар сыйға тартылды. Сондай-ақ, ІІІ орын иеленген 1-сынып оқушысы Наргиз Дінмұхамет пен 2-сынып оқушысы Самет Әлиханға суретші қобдишасы берілді.
«Ең үздік оқырман сынып» байқауының қорытындысы бойынша бас жүлдені 2-сынып және сынып жетекшісі Ж.Арыстанбекова, І орынды 3-сынып пен сынып жетекшісі К.Балтабаева, ІІ орынды 2-сынып және сынып жетекшісі Р.Байғабылова, ІІІ орынды 1-сынып пен сынып жетекшісі Н.Шаханова иеленіп, марапатталды.
Барлық қатысушы бағалы сыйлықтарға ие болды. Бұл жоба алдағы уақытта да мектебімізде жалғасатын болады. Бүгінгідей интернет дамыған заманда жас ұрпақты кітап оқуға насихаттайтын жобаға демеуші болған жеке кәсіпкерлер Кален Сұлтанғазин, Жеңіс Омаров және «Сантос» футбол клубына алғыс білдіреміз.
Жанар МИРМАНОВА, Мәшһүр Жүсіп атындағы мектеп директорының орынбасары, Павлодар қаласы.