Соңғы жылдары облыс орталығындағы Павлодар әуежайының жай-күйіне қатысты әңгіме көп айтылып жүр. Биыл еліміздің солтүстік-шығыс бөлігіндегі аэронавигациялық көлік инфрақұры-лымының бір бөлігі болып табылатын аталмыш әуежайдың ғимараты мен ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуден өтпек. Облыстың әуе қақпасын тағы қандай жаңашылдық күтіп тұр? Бүгінде азаматтық авиация саласында қызмет ететін жандар не дейді? 

Әлқисса, Павлодар әуежайы 1973 жылы ашылған. Әуе айлағының жалпы аумағы 235 гектарды құрайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл әуежай халықаралық мәртебеге ие болды. Өнеркәсіптік өңірде орналасқан әуе айлағы географиялық жағынан да үлкен маңызға ие. Бүгінде ол ел ішінде бірқатар бағыттарда әуе кемелерінің барлық дерлік түрлерін қабылдауды және қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Десек те, қазіргі кезде павло-дарлық әуежайдан тек Алматы және Астана қалаларына ғана жетуге болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұнда халықаралық бағыттар – Мәскеу, Минск және Новосібір қалаларына ұшақтар қатынайтын. Алдағы уақытта әуежай басшылығы жаңа әуе бағыттарын ашуды жоспарлауда. Онымен қоса, жергілікті жолаушыларға қызмет көрсету агенттері мамандардың біліктілігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Себебі сапарға шыққан әр жанның құжатын тіркеп, жүгін рәсімдеу – жолаушыларға қызмет көрсету агент-терінің жұмысы. Құрылым қызметкер-лерінің бірі Виктория Марушейвич азаматтық авиация саласында он төрт жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Айтуынша, жолаушыны шығарып салу, күтіп алу кезінде ескерілуі тиіс бұлжымас ережелердің арқайсысы маңызды.

— Сапардың басы әуежайдан басталатыны белгілі. Біздің жұмысымыз ең алдымен жолаушыларды күтіп алу мен шығарып салу. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету. Бұдан басқа, әуежай ғимаратында электронды терминалдар ашылып, қызмет көрсету сапасы да арта түсуде. Алдағы жылдары еліміздің өзге өңірлеріне жылдам, қолайлы әрі қауіпсіз жету мүмкіндігі қарастырылып, әуе компанияларының келісімімен жолаушылар сұранысына ие жаңа бағыттар ашылмақ. Ағымдағы жылы әуежайдың қуаттылығын арттыру үшін күрделі жөндеу жұмыстары басталады, — деді ол.

Терминал табалдырығынан аттаған әр жанды ілтипатпен қарсы алып, билетін тіркеп, жүгін орналастырып, ұшаққа отырғанға дейін бәйек болатын мамандардың әр минуты санаулы. Осындай қызметі қауырт жандардың бірі –
Айнұр Теменованың айтуынша, бүгінгі таңда аталған әуежай үзіліссіз жұмыс істеп, қала қонақтары мен жергілікті тұрғындардың үлкен сұранысына ие. Қазір мұнда Алматыға, Астанаға және кері рейстер тұрақты негізде жүргізіледі.

— Әуежай қызметінде 5 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлы-лығы біз үшін өте маңызды. Павлодар әуежайы бір сағатта 250 жолау-шыға дейін қабылдай алады. Алдағы уақытта тіркеу орындарының көбейіп, жүк тасымалдау жүйесінің жаңғыруы да уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Әр сапардың сәтті болуына іштей тілекші болып тұрамыз, — дейді жас маман.

Павлодарлық әуежайдың күрделі жөндеуден өтуі, жолаушылар тасымалын жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тұспа-тұс келіп тұр. Жуырда Президент еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру қажет екенін айтты. Үкіметтің кеңейтілген отырысында ол ірі әуежайларды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау керек екенін ескертті.

— Алдымызда жүк және жолаушылар терминалдары, логистикалық орталықтары және заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тұр. Жүк тасымалының барлық рәсімін жеңілдетіп, авиаотынға қолжетімді баға қою керек. Кейінгі мәселе өте өзекті. Өйткені біздің әуежайлардағы авиакеросиннің бағасы тым қымбат. Үкімет Бәсекелестікті қорғау ведомствосымен бірге аталған міндетті алғашқы жартыжылдықта орындауы керек, — деді Президент.

Естеріңізге сала кетсек, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов 2024 жылғы 25 қарашада өткен баспасөз конференциясында Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту рейстерді тоқтата тұруға әкеп соқтыратынын мәлімдеді. Жөндеу екі кезеңде жүргізіледі, олардың негізгісі биылғы жылға жоспарланған. Ұшу-қону жолағын қайта құрудан өзге, әуежай ғимаратына қосымша нысан салынады. Қазіргі уақытта жоба дайындық сатысында тұр. Жөндеу жұмыстарының бірінші бөлігі сәуір айында басталмақ. Жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

— Облыс орталығындағы әуежайдың жолаушыларды өткізу мүмкіндігін кеңейту үшін әуежай ғимаратын және ұшақ қонатын жолағын толықтай жаңарту көзделіп отыр. Жөндеу жұмыстары биыл-
ғы сәуір айында басталып кетпек. Бұл жобаға республикалық қазынадан 6,6 млрд теңге бөлінеді. Жобада ұшу-қону жолағын, ішкі жолдар мен перронды реконструкциялау, жарықсигналды жабдықтарды ауыстыру, периметрді жарықтандыру мен бейнебақылау жүйе-лерін орнату, қоршау қарастырылған. Осыған байланысты биылғы жылдың сәуір айынан қараша айына дейін барлық әуе бағыттары уақытша тоқтатылады, — деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Әуежайды Павлодар облысының әкімдігі 2019 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан сатып алған. Содан кейін шенеуніктер әуе айлағын дамытуды, жаңа рейстерді ашуды, соның ішінде Павлодарды Қазақ-станның батыс облыстарымен байланыстыруды жоспарлаған еді. Алайда 2024 жылдың желтоқсанында әуежай аукционға шығарылды. Ол 2020 жылдан бастап жеке меншікке беру тізімінде тұр. Бірақ бақылау пакеті мемлекетте қалмақ.

Айта кетейік, жергілікті әуежай жаңарған соң сағатына 400 жолаушыға дейін өткізуге мүмкіндігі болады. Қазіргі уақытта жергілікті әуежайдан Астана мен Алматы қалаларына тұрақты әуе рейстері бар. Жөндеу жұмыстары басталған уақытта «Павлодар әуежайы» АҚ топырақты жолаққа уақытша сертификат алатын болса, қалалар арасында шағын көлемді «АН-24» ұшақтары ұшуы мүмкін.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.