Әзірге ұшпайсыз

Нау 13, 2025

1 сәуірден бастап Павлодар әуежайы жұмысын тоқтатады. 2025 жылдың 1 қарашасына дейін әуе кемелері аталмыш әуежайға қонбайды әрі ұшпайды. Себебі, бұл нысан жөндеуге жабылады. Нақтысы, ұшақтың ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуден өтеді.

Осылайша, Павлодардан ұшақпен қатынау уақытша тоқтайды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында мәлім болды. Бірақ, бұл мәліметтің ресми түрде жарияланбағанын аймақ басшысы Асайын Байханов сынға алды.

— Неліктен әуежайдың 1 сәуірден бастап жабылатыны жарияланбады? Билеттер сату тоқтатылды, ал хабарлама бұл жөнінде еш жерде шыққан жоқ. Адамдар алыс сапарларды ерте жоспарлайды. Әлбетте, жөндеу жұмыстарының жүргізілгені дұрыс. Алдымен, бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет. Жоспарда бар дүниені алдын ала көпшілікке жеткізу керек, — деді А.Байханов.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкировтің мәлімдеуінше, әуежайдағы жөндеу жұмыстарына былтыр 4,8 млрд теңге бөлініп, толық игерілген. Биыл 1,6 млрд теңге қарастырылыпты. Оның 967 млн теңгесі облыстық қазынадан бөлінсе, 917 млн теңге республикалық бюджеттен бөлінген. Қазіргі таңда құрылыс материалдары – қиыршықтас, құм жеткізілуде. Тағы бір айта кетерлігі, бұдан былай Павлодар әуежайында кезекші маман жұмыс істейді. Мұндай кезекшіні енгізуге жуырда орын алған оқиға себеп болған. Нақтысы, 7 наурыз күні туристер бұрқасыннан жол жабылып, пойызбен Павлодарға келіп, жоспарланған уақыттан бұрын түн ортасында әуежайға жеткен көрінеді.

Алайда, әуежайдың есігі жабық, аязды күні олар далада 40 минут тұруға мәжбүр болған. Бұл жөнінде келеңсіз жағдайға тап болған азаматтар әлеуметтік желі арқылы көпшілікке жеткізген. Күзетші ұзақ уақыттан кейін ғана ішке енулеріне рұқсат еткен. Осы оқиғадан кейін облыстық жолау-шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы әуежайда әуе қауіпсіздігі қызметінің бір қызметкері түнде жұмыс істейтінін мәлімдеді. Ол жолаушылар жүгінген жағдайда олардың әуежайға түнгі мерзімде кіруін қамтамасыз етеді.

Г.МАҒЖАН.

Сурет мұрағаттан алынды.