Әуежайға — қосымша қаржы

Шіл 10, 2025

Павлодар қаласының әуежайын жаңғырту жұмыстарына облыстық қазынадан қосымша қаржы бөлінді. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында мәлім болды.

Естеріңізге сала кетейік, әуежайдың ұшу-қону жолағын жаңарту өткен жылдың соңына қарай басталды. Жалпы, жобаның құны 16,4 млрд теңгені құрайды. Былтыр Ұлттық қордан 4,8 млрд теңге бөлінген. Оған қажетті жабдықтар сатып алыныпты.

Облыстық мәслихат қазынаны нақтылау барысында маңызды нысанды жаңартуға тағы да 673 млн теңге қарастыруды ұйғарған. Бұған дейін облыс бюджетінен 967 млн теңге бағытталған. Осылайша, жергілікті қазынадан әуежайды жаңартуға 1,6 млрд теңге жұмсалмақ. Қалған бөлігі республикалық бюджет есебінен бөлініп отыр.  Демек, жалпы шығынның 10 пайызын облыс қазынасы өтеп отыр.

Биыл әуежай сәуір айында ұшу-қону жолақтарын жаңартуға байланысты жұмысын тоқтатып, жабылғанын білесіздер. Жоспарға сәйкес қарашаға қарай бұл құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс. Бұл нысан — бүгінде әкімдіктің коммуналдық меншігінде.

Қосымша қаржы тағы қажетті материалдар мен жабдықтар сатып алу, ұшу-қону жолағын кеңейтуге бағытталады деп көзделген. Жолақты кеңейту болашақта алып әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік жасау мақсатында қолға алынуда. Жолақтың ені шамамен 15 метрге артпақ.

Г.МАҒЖАН.