Өткен сенбі күні аймағымызға арнайы жұмыс сапарымен ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев келді. Ведомство басшысы павлодарлық тұрғындармен кездесіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Аталмыш жиынға сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек, Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков және осы салаға жауапты өзге де мамандар қатысты. Ашық пікір алмасу сипатында өткен кездесуде көпшілік тарапынан Павлодардағы ескі көпірдің жағдайы, әуежайда ұшу-қону жолағын реконструкциялау және әуе рейстерінің санын арттыру, жолдарды жөндеу, басқа да мәселелер көтеріліп, шешу жолдары талқыланды. Министр Марат Қарабаев тұрғындар тарапынан түскен барлық сұраққа толыққанды жауап берді.
— Алдымен көпшілікті мазалаған көпір мәселесіне тоқталар болсам, бүгінде мердігер компания айқындалып, құжаттарын реттеуде. Ал келесі жылдың көктемінде көпірдің құрылыс жұмыстары басталады. Жоба 2 жылға созылып, 2025 жылдың соңына таман аяқталады деп жоспарланып отыр. Жаңа көпір салынған соң, ескі көпір толығымен бұзылып, алынып тасталады, — деді министр. Павлодарлықтарды толғандырған екінші мәселе — әуежай арқылы өзге өңірлерден келетін әуе рейстерін көбейтуге қатысты болды.
— Әзірге бұл мүмкін емес. Себебі, әуежайдағы қазіргі ұшу-қону жолағы кез келген ұшақты қабылдай алмайды. Сондықтан келесі жылы ұшу-қону жолағы толығымен жаңартылады. Ол үшін кемінде 2 жыл уақыт керек. Содан кейін ғана үлкен ұшақтар қатынап, әуе рейсін көбейтуге де мол мүмкіндік туады, — деді Марат Қарабаев. Ол сондай-ақ, әуежайдағы жолақты жөндеу жұмыстары жолаушыларға кері әсерін тигізбейтінін, яғни Алматы мен Астанаға қатынайтын рейстер тоқтап қалмайтынын алға тартты. Сонымен қатар, министр осыдан 3 жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен әуе қозғалысын жандандыру мақсатында елімізде «Ашық аспан» қағидаты енгізіліп, сол бойынша ұшақтардың кез келген бағытқа ұшуына мүмкіндік берілгенін де атап өтті. Бұдан бөлек, жиында Павлодар қаласындағы әуежай кешенін жаппай жаңарту және жанына қосымша ғимарат салу жоспарланып отырғаны сөз болды. Бұл бағыттағы жұмыстарға 16,9 миллиард теңге қарастырылған. Кездесуде тұрғындар тарапынан жолдарды жөндеуге қатысты сұрақтар да туындады.
— Жергілікті жолдардың жағдайын 90 пайызға дейін жақсарту үшін қыруар қаржы қажет. Көпшілік жолдарды қайта жаңартуымызды өтінуде. Бұған бұрынғыдан екі есе көп қаражат жұмсалады. Мәселен, 1 шақырым жолды реконструциядан өткізу үшін шамамен 1 млрд теңге кетеді, ал орташа жөндеуге 100 млн теңге қажет. Бұл мәселені шешу үшін халықаралық қаржы ұйымдары мен дүниежүзілік банктерден қаражат тарту жоспарланып отыр. Келесі жылы Еуразиялық банктен қомақты қаржы алып, алдымен өңірлік жолдарды орташа жөндеуден өткіземіз деген ойымыз бар, — деп түсіндірді Марат Қарабаев. Жасыратыны жоқ, бүгінде автовокзалдардан шағын автобустардың ауыл-аймаққа қатынауы тиімсіз болып тұрған жайы бар. Себебі, көпшілік индрайвер, басқа да такси қызметіне жүгінеді. Онда қатаң бақылау болмағандықтан жол апаттары жиілеуде. Сол үшін министрлік мұндай мекемелердің басшыларымен кездесіп, өз талап-тәртіптерін ұсынатынын да жеткізді.
— Бүгінде халықтың басым бөлігі индрайвер қызметіне жүгінеді. Көбінесе облыс араларына минивэн көліктері жүретіндіктен, олардың кейбірінде қауіпсіздік талаптары сақталмайды. Салдарынан қайғылы жағдайлар орын алуда. Оның үстіне қазіргі заң бойынша минивэндердің автовокзалға кіруіне мүмкіндік жоқ. Біз осы мәселені өзгертіп, вокзал ішіне кіруге рұқсат беретін боламыз. Осыған орай көлік жүргізушілері де күнделікті медициналық тексеруден өту, басқа да тәртіптерге бағынатын болады. Сонымен қатар, халықты қайтадан автобустарға отырғызу үшін облыс, аудан аралықтарына жүретін автокөліктерге субсидия төлеу мәселесін қарастырамыз. Сонда ғана автовокзал жұмысы жанданады. Себебі, бүгінде ел бойынша екі-ақ өңірде, яғни Петропавл және Өскемен қаласында ғана автовокзал қалған екен, — деді министр. Бұдан кейін үлкен қалаларда автобус жүргізушілерінің тапшы екендігі сөз болып, оларға қойылатын талаптарды жеңілдету туралы өтініштер де айтылды. Аталған мәселеге қатысты жауап берген Марат Қарабаев:
— Қолданыстағы заң талабы бойынша автобус жүргізушілерінің жасы 23-тен жоғары, жұмыс өтілі 3 жыл болуы керек. Енді оның жасын 21-ге төмендетіп, жұмыс өтілін 1 жылға дейін азайту мәселесі көтерілді. Бірақ бұл жағдай да көмектеспей отыр. Қалай десек те, халықтың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Сондықтан осы мәселе бойынша келесі жылдың қаңтар айында депутаттар, көлік жүргізушілері, басқа да осы салаға жауапты мамандардың басын қосып, мәселені талқылайтын боламыз, — деді. Жиын соңында министр бірқатар тұрғынның өтінішін жеке қарап, қолынан келгенше көмек көрсететінін айтты.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.