Қалалық Орталық жағалаудың басты сахнасында «Тhe planet of ART 2023» халықаралық жастар фестивалінің гала-концерті өтті. Музыкалық шараға жеті елдің намысын қорғаған 42 өнерпаз қатысты. Мерекелік кешті көпшілікпен бірге аймақ басшысы Асайын Байханов тамашалады.

Шараны ұйымдастырушы – ЮНЕСКО Клубтарының Қазақстандық ұлттық федерациясы.

«THE PLANET OF ART 2023» фестивалі – әлеуметтік жоба. Жобаның мақсаты – әлемдік музыкалық мәдениетті бір жерге жинап, жас таланттармен заманауи өнер тілінде сөйлесу. Оған 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдер ән айту, аспаптарда ойнау және би билеу бағыты бойынша қатысты. Өтінімдер Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінен қабылданды. Жоба қатысушыларына тренингтер мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, қазақ халқының ұлттық мәдениеті таныстырылды.

ЮНЕСКО Қазақстан Ұлттық клубтар федерациясының бас хатшысы Шынар Мұқанова фестиваль жыл сайын барлық облыстардан, шалғайдағы ауылдар мен қалалардан келген балаларға арналғанын айтты.

– Үміткерлерден бес мыңнан астам өтінім келді. Оның ішінде басқа елдерден де түсті. Шығар-машылық топ лауреаттарды таңдап, жеңімпаздармен бірге нөмірлер қойды. Нәтижесінде жүректерді біріктіретін осындай әдемі шара болды, – дейді Ш.Мұқанова.

Фестиваль Павлодар облысында алғаш рет өтті. Бір апта ішінде лауреаттар тәлімгерлер мен режиссерлер тобымен гала-концертке дайындалды. Сондай-ақ, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург және Сеулден мамандар шақырылды.

– Мұндай шаралар тек Қазақстанның ірі қалаларымен шектеліп қалмау керек деп шештік. Сөйтіп, табиғаты ерекше осы өңірді таңдадық. Фестиваль Павлодарда өтіп жатқанына қуаныштымын. Жалпы, «Өнер планетасы» жобасы жас суретшілер байқауынан бастау алған еді. Енді ол халықаралық байқау мәртебесіне ие болды. Оның негізінде мәдени алмасу, балалар арасында толеранттылық, бейбітшілік, ізгілік пен келісім тәрбиелеу идеялары жатыр, – деді ЮНЕСКО Қазақстан Ұлттық клубтар федерациясының президенті Болат Ақшолақов.

Қатысушылар әртүрлі аспаптарда композитор Бах пен Ролланның шығармаларын, күйлерді орындады. Сондай-ақ, Алдар көсе туралы ертегі мен «Жұлдыз дүниеге келді» фильмінің негізінде балет сюитасынан үзінділер көрсетті.

Айта кетейік, жас әртістер жеті елдің атынан қатысып, халықаралық алаңда бейбітшілік мәдениетінің елшісі болды.

 

Өз тілшіміз.

Суретті түсірген – Константин Шелков.