«Мейрамхананың жүрегі — аспаз» деп бекер айтылмаса керек. Адамдар тамақтану орындарына алдымен дәмді тағам жеу үшін барады. Дәмі тіл үйіретін тамақ арқылы дәмханаларға деген көзқарас қалыптасады. Сондықтан тамақтану орнының имиджін қалыптастыратын мамандық иесі – аспаз.
Бүгінде аспаздық өнерді жанына серік етіп, қонақ шақырған үйдің дастарханын жайнатып жүрген қыз-келіншектер көп. Солардың қатарында Мөлдір Қабдраш пен Ақжамал Нұрғалиева есімді құрбылар да бар.
Мөлдір мен Ақжамалды Павлодар қаласының тұрғындары жақсы танып қалды десек, қателеспейміз. Декретте отырған жас аналар шағын той-жиындарға, туған күн, отбасылық кештерге тапсырыс қабылдау арқылы дастарханға адал ас ұсынуда. Аспаздардың қолдарынан дайындалған ас мейрамхананың тағамынан асып түспесе, кем емес. Тұрақты тұтынушылар Мөлдір мен Ақжамал әзірлеген тағамның дәмі тіл үйіретінін жиі айтады.
Ақжамал Нұрғалиева үшін аспаздық — жеке мамандық, өнер. Шығармашылық зор ізденісті талап етеді. Оның айтуынша, қазір күнделікті тамақ мәзірімен ешкімді таң қалдыра алмайсыз. Көпшіліктің талғамы мен талабына сай ас әзірлеу мәдениеті өзгерген. Сондықтан дәмді тамақ әзірлеу — өте қиын жұмыс. Қонақтарға асты дәмді әрі көз тартарлықтай етіп әзірлеу үшін жаныңды салуың керек. Шынайы пейілмен, сүйіспеншілікпен жасалған тағам ғана көптің көңілінен шығады.
— Аспаз мамандығы – бірнеше саланың жиынтығы. Өйткені ол математик, дәрігер әрі дизайнер, әрлеуші де болуы керек. Себебі біз тағамды тек дәмді етіп дайындамай, оған қосылатын компонеттерді есептеп, үйлестіріп, қонақтарға әдемі күйде ұсына білуіміз тиіс. Сонымен қатар, асымыз сапалы болуы керек.
Аспаздық өнерді осыдан 3 жыл бұрын бастадым. Балаларыма ерекше тағам әзірлеу үшін түрлі шеберлік сабақтарына қатыстым. Арнайы оқулардан өтіп, тағам әзірлеудің қыр-сырын үйрене бастаған кезде аспаз мамандығына деген қызығушылығым артты.
Аспаз болу оңай емес. Қонақтардың алдына 10 минуттың ішінде ұсынылған әдемі әрі дәмді тамақтың артында қаншама еңбек жатыр. Көп білім мен күш, ерік-жігер тұр. Адамдарға адал ас ұсыну — құрбым екеуіміздің басты міндетіміз, — дейді А.Нұрғалиева.
Ақжамал мен құрбысы Мөлдірдің балалары бір сыныпта оқиды. Екеуі мектепте танысқан. Мөлдір декретте отырған кезде өз қызығушылығы бойынша аспаз мамандығын меңгерген. Түрлі курстарға қатысқан. Сөйтіп, жас аналар бірге жұмыс істеуді, тапсырыс қабылдауды қолға алған. Мөлдірдің негізгі мамандығы – медбике.
— Декреттік демалыс кезінде танымал аспаз Жадыра Қуатқызының оқуына қатысып, командасына қабылдандым. Тапсырыстарға шықтым. Кейін Ақжамал құрбыммен танысып, бұл істі бірге жүргізе бастадық.
Қазіргі қыз-келіншектер үшін біздің қызмет — таптырмас мүмкіндік. Қонақ шақырған кезде қандай тамақ әзірлеймін деп бас қатырмайды. Керісінше, өзіне және қонақтарға ғана көңіл бөледі. Құрбым екеуіміз тапсырысты екі күн бұрын қабылдап, той иесімен ас мәзірін жасаймыз. Қажетті азық-түлікті біз немесе өзі сатып ала алады. Біз ұсынатын ас мәзірі тізімінің көлемі кең. Барлық тағамды әзірлеу қолымыздан келеді. Құрбым екеуіміз дастарханға қажетті салат, дәмді тағамдарды өзіміздің ас үйден әзірлейміз. Қонақ күтетін үйге барғанда тек ыстық тамақты пісіріп, бар болғаны 2 сағаттың ішінде дастарханды жайнатып жібереміз, — дейді Мөлдір.
Ақжамал мен Мөлдір қызмет-теріне сұраныс артқанын айтады. Тапсырыс берушілердің қатары күн сайын көбейіп келеді. Ұсынатын тағамдар мен қызметтерінің бағасы қолжетімді.
— Тапсырысты әлеуметтік желі-дегі парақша арқылы қабылдаймыз. Қызмет бағасы қонақ санына және ас мәзіріне байланысты есептеледі. Тапсырыс берген тұтынушы-лардан тек алғыс қана естіп келеміз, — дейді Мөлдір.
Бүгінде Ақжамал — 3, Мөлдір 4 баланы тәрбиелеп отырған жас аналар. Екеуі үйде отырып-ақ, әйелдер қауымына қажетті қызметті ұсынуда. Қызықты әрі күрделі саланы серік еткен жас аналардың ісіне береке тілейміз.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.