Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда Павлодар өңірінде қазақ тілін жетік білмейтін қаракөз қыз-жігіттердің қатары артуда. Соның салдарынан ана тілінен мақұрым ұрпақ өсіп келеді. Бұл – ащы болса да шындық! Алайда ай мен күннің аманында кейбір қазағымыз өз туған тілінен жеріп жүргенде, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді емін-еркін меңгеріп, қазақша таза сөйлеуі көпке үлгі-өнеге боларлықтай…

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демекші, облысымыздағы осындай бірнеше павлодарлық жастың қазақ тілін қалай үйренгенін және өз тілін білмейтін біздің жастарға қандай кеңес беретінін сұрап көрген едік.

Бұл ретте бірден айта кетейік, біздің мақсат – ана тілін білмейтіндерді қорлау емес, керісінше, қамшылап, ой салу. Бәлкім, сонда ғана өз тілін өгейсітіп жүргендердің ар-намысы оянар деген үміттеміз.

Светлана ПАДЮКОВА,

Павлодар жоғары медициналық колледжінің студенті:

– Ұлтым орыс болғанымен, қазақша оқып, тәлім-тәрбие алдым. Себебі, қазақы ауылда туып-өсіп, бой жеттім. Яғни, мемлекеттік тілге деген құрмет, жалпы қазақ ұлтына деген шексіз сүйіспеншілікті сәби кезімнен бойыма сіңіріп өскенім үшін өте қуаныштымын. Бүгінгі таңда қазақша сөйлеп қана қоймай, қазақ халқының барлық әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін ұстанамыз. Мәселен, менің 3 балам бар. Олардың барлығын бесікке бөлеп, «әлдимен» өсірдім. Балапандарды бесікке салар алдында «тыштырма» ырымын, аман-есен қырқынан шыққан соң шілдехана тойын жасап, ағайын-туыстың басын қосу сынды қазақы дәстүрлердің барлығын жақсы білемін және өз отбасымызда да қолданып келе жатқан жайымыз бар. Осының бәрі мемлекеттік тілге, пейілі кең, жүрегі таза қазақ халқына деген үлкен құрметтің белгісі деп түсінемін. Бірақ ұлты қазақ жастарымыздың өз ана тілін білмей шүлдірлеп жүргенін көргенде жаның ауырады, әрине.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» – деп Қадыр Мырза-Әлі ақын жырлағандай, қандай жағдай болса да, әркім өзінің туған тілін ешқашан ұмытпауы тиіс! Сонда ғана «адам» деген атқа лайық боламыз деп ойлаймын.

Улугбек АХМЕДОВ,

ҚР Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімі үрмелі оркестрінің старшинасы:

– Мен – өзбек ұлтының азаматымын. Қазақ тілін мектеп қабырғасында оқып жүргенімде үйрендім. Кейін Павлодар облысына әскери қызметке шақырылған кезде әріптестерім және әскери бөлімнің қазақ тілі пәні мұғалімімен көбірек тілдесу арқылы білімімді шыңдап, білгенімді дамыта бердім. Сөйтіп, бүгінде қазақша жетік сөйлейтін деңгейге жеттім. Бастысы, адамда шынайы ниет болса, алмайтын асуы жоқ. Сондықтан өзінің ана тілін білмейтін қазақ бауырларыма айқын мақсат қойып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалысыңыздар деймін.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің нышаны, құнды қазынасы, бабалар мұрасы. Демек, қазақ тілін білу – Қазақстанда тұрып жатқан әр азаматтың абыройлы парызы деп білемін.

Иә, тіл – ұлттың жаны, тәрбие діңгегі, білім мен ғылымды игеру көзі екенін түсінуіміз керек. Тілі жоқ ұлттың болашағы да бұлыңғыр. Ендеше, тәу еткен Тәуелсіздігімізбен бірге жеткен қазақ тілінің қадірін қашырмаңыздар! Өз басым қазақ елінің суын ішіп, ауасымен тыныстап жүргендіктен, осы ұлтқа қызмет етіп, ана тілін меңгеріп, салт-дәстүрлерін ұстану – Отан алдындағы азаматтық борышым деп санаймын.

 

Карина ФАРГИЕВА,

Даржұман атындағы мектептің шешен-ингуш бөлімшесінің педагогы:

– Ингуш ұлтының қызымын. Мектепті орысша оқысам да, қазақ тілін білетінімді мақтан етемін. Бірақ ешқашан «мен мемлекеттік тілді үйрендім, болдым, толдым» деген емеспін. Әлі де қазақ тілін бұдан тереңірек үйреніп, оқуымды жалғастырудамын. Кішкентай кезімнен бастап анам мені қазақ тілін сүюге, қазақ халқына құрмет көрсетуге тәрбиеледі. Соның ықпалы болар, менің мемлекеттік тілге, жалпы қазақ еліне, жеріне, халқына деген махаббатымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын.

Мемлекеттік тілді білу – патриотизмнің белгісі деп білемін және оны құр сөзбен айтқаннан гөрі іс жүзінде көрсеткен дұрыс. Өкінішке қарай, бүгінгі біздің қоғамда «жалған патриоттар» көбейіп барады. Туған тілін білмейтін кейбір замандастарымыздың өздерін патриот ретінде көрсетіп, көш бастап жүргенін көргенде жаным ашиды. Сол үшін де Қазақстанда тұратын жастарға қазақ тілін үйреніңіздер, қазақша сөйлеңіздер дегім келеді.

Мемлекеттік тілді меңгеру – уақыт талабы. Күнделікті өмірде қате болса да қазақша сөйлеуге тырысып, қазақ тіліндегі падкасттар мен фильмдерді көріп, көркем әдебиеттерді көп оқуға кеңес беремін. Әрекет түбі – берекет екенін түсінген жөн.

Тимур ОНЯНОВ,

Павлодар қаласы №24 мектептің тіл маманы:

– Мен Ресей Феде-рациясының Түмен ауданына қарасты ауылда дүниеге келдім. 1996 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Тереңкөл ауданының Қызылтаң орта мектебінде білім алдым. Қазақша оқыған соң тілді тез үйреніп кеттім. Кейін 9-сынып бітірген соң ұстаздарымның ақыл-кеңесімен Павлодар гуманитарлық-педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті  факультетіне оқуға түстім. Бастапқыда қазақша топ болмай қиналдық. Келесі жылы қазақша топ ашылды. Тіл маманы болғандықтан, көбірек оқуға, ізденуге тура келді. Үзіліс уақытында да ұлдармен қазақша әңгімелесіп, тілімді дамыта бердім. Сонымен қатар, кураторым да: «орысша сөйлесеңдер, «2» деген баға қоямын», – деп қорқытатын. Шәкіртақыдан айырылып қалмау үшін қазақша жақсы оқуға тырыстық. Сөйтіп, тіл маманы болып шықтым. Кейін қазақ қызына үйлендім. Отбасымызда қазақша сөйлеп қана қоймай,

қазақтың барлық салт-дәстүрлерін ұстанамыз.

Қазақстанда тұратын барлық азаматқа қазақша үйреніңіздер деймін. Себебі, егемен ел ертеңі – қазақ тілінде! Мектепте мұғалім болғандықтан шәкірттерімнің де құлағына осы сөзді үнемі құйып отырамын. «Тілге құрмет – елге құрмет!» демекші, мемлекеттік тілді құрметтейік, достар!

Сауалнаманы жүргізген – Нұржайна ШОДЫР.