Ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарға деген сұраныс күн сайын артып жатқанына куәміз. Айналамызда арулардың бірі шекелік, бірі оюлы сырға, енді бірі шолпы тағып, қазақ қызының көркін келтіріп жүр. Бейне бір көркем фильмдерден көретін қазақ аруы алдыңызға келгендей күй кешесіз. 

Қызығатындар көп

Сұранысқа сай ұсыныс та нарықта көбейді. Нарықта қазақы нақыштағы әшекейлер түрлі дизайнда көрініс таба бастады. Зергерлер қыздар қауымының көңілінен шығатын сәнді әшекейлерге ұлттық реңк енгізіп, өзгеше безендіруде. Елімізде соңғы уақытта мұндай онлайн дүкендердің де саны артты. Әлеуметтік желілерге ұлттық әшекейлер деп теріп қалсаңыз, талғамыңызға татитын түрлі өнімдер ұсынатын дүкендерге тап боласыз. Қазақы және заманауи сәннің бір-бірімен үйлесіп, бір арнаға тоғысып, ұлттық бұйымдарға деген қызығушылық тенденциясының артуы қуантады, әрине.

Той-томалаққа, түрлі отырыстарға ұлттық нақыштағы әшекей бұйымды тағуды әдетке айналдырған арулардың бірі Индираны сөзге тартқан едік:

–  Жалпы, қыз баласы болған соң әшекей бұйым тақпау, оған қызықпау мүмкін емес деп ойлаймын. Қазақы нақыштағы әшекей бұйымдарды күнделікті пайдаланбасам да, кейде алқа немесе сырға тағып жүруге тырысамын. Алғаш рет ұлттық бұйымды 10 жасымда таққан едім. Содан бері қызығушылық пайда болды. Көбінесе белгілі бір іс-шара, той-томалақта тағатыным бар. Ою-өрнекпен, түрлі әсем тастармен  көмкерілген әшекейлер көздің жауын алады. Мұндай бұйымдар самсап тұратын сөрелердің жанынан қарап қана өту мүмкін емес.

Ал Сара есімді құрбым қазақы әшекейлерді жиі тақпағанымен, ұлты-мыздың ерекшелігі ретінде айналамызда дәріптеп, кеңінен қолдануды құптайды.

Этноәшекей жасаудың жас өкілдерінің бірі, онлайн дүкеннің негізін қалаушы, зергер Лаура Қасенова да кейінгі кезде арулардан ұлттық бұйымдарға тапсырыс көптеп түсетінін растады.

Әшекей жасау менің жеке қызығу-шылығымнан туындады. Бұрыннан осындай бұйымдарға әуестеніп, тамсанып жүретінмін. Алғашқы тапсырыстар таныс-
тарымнан келе бастады. Сол тапсырыстардан кейін осы ісімді кішігірім кәсіпке айналдырдым. Бастағаныма бір жылдан асты. Бәрін өзім жасаймын. Әшекейлермен айналыса бастағанда да ойымнан үлгісін құрастыратынмын. Кейін сұранысқа ие дизайн мен көпшілікке ұнайтын үлгідегі әшекейлерді түсініп, сол бағытта жұмыс істей бастадым, – дейді зергер.

Әртүрлі жастағы қыз-келіншектер тапсырыс беріп, образды толықтыру мақсатында ұлттық әшекейлерді сатып алады. Сондай-ақ тапсырыстар мерекелік күндерге байланысты өзгеріп жатады.

Тапсырыс жиі түседі деп айта алмаймын. Өйткені, бұл – маусымдық кәсіп түрі. Мысалы, наурыз айында әшекейлер сұранысқа ие. Тапсырыстар күн сайын болады. Ал жазда бір аптада 1-2 тапсырыс қана болуы мүмкін. Көбінесе ұзатуларға орай алып жатады. Жас қыздардан шекелікке сұраныс көп. Себебі, дизайны көбіне ұнамды, қыздарға жарасымды келеді. 35-45 жас аралығындағы әйелдер де әшекейлерге қызығушылық танытады. Мысалы, Баянауыл ауданында Наурыз мейрамына орай іс-шара өтті. Ауыл-ауылға бөлініп, көрме, ойын ұйымдастырылды. Соған байланысты бір апа кимешекпен үйлесімді болатын жасыл түсті алқа мен сырға алған еді. Қазіргі таңда шілдехана, бесік тойға, басқа да мерекелерге орай болатын отырыстарда қазақша киіммен образдар көп кездеседі. Оларды әшекеймен толықтыратыны қуантады, – деді кәсібінің қыр-сырымен бөліскен кейіпкеріміз.

Өзінің осы жолдағы миссиясы ұлттық әшекей бұйымдарды күнделікті өмірде қолданатын деңгейге жеткізу деп біледі. Бар-жоғы бір жыл ішінде кәсібін дамытып, бұл мақсатына да жақындай түскендей.

– Біздің түсінігіміз бойынша, қазақша бейне дегенде сәукеле, ауқымды алқа, сырға таққан әйел елестейді ғой. Ал менің қалауым – қыздардың қазақы әшекейлерді күнделікті киім үлгісімен тағып, заманауи бағытта үйлесім табуы, – деп ойын түйді ол.

Бәрімізге мәлім, қазақ халқы ертеден-ақ өзінің ақылдылығымен салиқалы ұрпақ тәрбиелеуде барын салған. «Қыз өссе – елдің көркі» деген халқымыз қыздың тәлім-тәрбиесіне ғана емес, сыртқы келбетіне де көңіл бөлуді ұмытпады. Мысалы, қыз баласы шолпы тағу арқылы шашын жинақы көрсетіп қана қоймаған. Шолпының сыбдыры қыз келе жатқанынан хабардар етіп, өз кезегінде бұл ер азаматтардың артық сөзден тыйылуына түрткі болған. Қыздың арқасын тік ұстап, әсем жүрісіне де шолпы әсер еткен деседі.

 

Әр әшекейдің мәні бар

Қазіргі тұрмыс салтымызға көптеген әшекей тағу ыңғайсыз екендігі де рас. Адамдар қауырт жұмыспен жүреді. Мұндайда өзін күміспен көмкеру қыз-келіншектерге артық жүк болуы мүмкін. Бірақ сан жылдар бұрын күнделікті тұрмыста пайдаланылған әшекей бұйымдар қазір көненің көзіндей ғана қалды деп те айта алмаймыз. Оған жоғарыда келтірілген пікірлер мен зергердің сөзі дәлел. Ал этноәшекейлердің кеңінен қанат жаюына аға буынның көзқарасы қандай? Осы ретте, қолөнерші Ғалия Сұңғатованың ойын білген едік.

– Қазақ әшекейінің әрбірінің мәні бар. Ол қыздың жасына, дәрежесіне, қай өңірден шыққанына, ата-анасы бар ма, айттырған қыз ба, әлде басы бос қыз ба, осының бәрінің мағынасын білдіреді. Мысалы, сырғалы қыздарда үзбелі сырға немесе тұйық сырға болады. Бұрындары жігіт белгі ретінде қызға сырға емес, білезік таққан. Бір білезікті танысып, сөзін алғанда, ал құдаласқаннан соң тойға дейін екінші білезік таққан. Ол қыздың басы бос емес, екі қолы да байлаулы болғанын білдіреді. Үйде жүргенде шашын бір бұрым қылып өрсе, жалғыз деген сөз. Ал егер айттырылған қыз болса, екі бұрыммен жүреді. Өйткені «мен енді екеу болдым» деген мағына бар. Осы бір істе де мән бар, – дейді қолөнерші апамыз.

Қолөнерші қазақ халқының әшекейлерге байланысты әр әрекетінде мән болғанын алға тартады. Қыз-келіншектердің бүгінгі таңда ұлттық әшекейлерге аңсары ауғанына бір кісідей қуанады, бірақ кейде киетін кездері де болатынын жасырмады.  Яғни, жастардың әдемілікке әуестенгенімен, мән-мағынаны ұмыт қалдырып жатқанына ренішін білдірді.

– Қазір тұрмыс-тіршілікке, заманға байланысты көп нәрсеге мән бермей жатырмыз. Ал түптің-түбі ұрпақтың тәрбиесіне ден қоятын болсақ, онда осы әшекейден бастағанымыз дұрыс. Бізге ата-бабадан мұра болып келе жатқан әшекей тағу да тәрбие құралы болып есептеледі. Өйткені, қазақтың қай өнерін алсаңыз да, құрақ, текемет, киіз үй жиһазы, әшекей, бас киімнің түр-түрі, бәрінің де тәрбиелік мәні бар. Әрбір істі сөзсіз жеткізеді. Оң жақта отырған қыз шекелік те таққан. Қызды еркелетіп, маңдайындағы ұсақ шашты жауып тұрсын деп әжелер немересіне сәндік үшін таққан. Шекеліктің тиындары төменге қарай түсіп тұрады. Бұл құлағы тесілмеген кішкентай қыздардың сырғасының орнына қолданылса керек. Қазақ халқы шашқа көп мән берген. Қыз маңдай шашты ешқашан қимаған. Сондықтан күмістен жасалған шекелікпен, маңдай шашты артқа қайырып қойған екен. Бұл әрекетте «маңдайың ашық болсын» деген де мән бар, – деп сөзін түйіндеді Ғалия Балтабайқызы.

Қазақ халқының ата-бабадан мирас болып қалған әшекей бұйымдары көпке үлгі болары хақ. Ұлттық әшекейлеріміздің трендке айналғаны қуанышты. Бірақ оны саф қалпында сақтау үшін әр әшекей бұйымдарды тағудың мәнін жас ұрпаққа кеңінен түсіндіру керек-ақ. Әрбір әшекейдің өзіндік мағынасы, жеткізетін ойы жоғалмаса дейміз.

 

Кәмила БЕЙСЕМБАЙ, Торайғыров университетінің 2-курс студенті.