Аққулы ауданы Ямышев ауылындағы орта мектептің мұғалімі Дәурен Жүнісхан ұстаздық қызметімен қатар оқушылар арасында ұлттық өнерді дәріптеуде. Жас ұстаз балаларды ежелден келе жатқан садақ ату, атқа міну ұлттық өнеріне баулуда.
Дәурен Сабыржанұлы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Бала күнінен ұлттық өнерге жақын екенін айтады.
— Кішкентайымнан атқа отырып, садақ ату өнерін жаныма серік еттім. Ұлттық өнерді оқушылар арасында да дәріптегім келіп, «Қайсар» ұлдар клубын аштым. Қуантарлығы, балалардың қызығушылығы жақсы. Көп жағдайда 9-11-сынып аралығындағы оқушыларды жаттықтырамын. Десе де, бастауыш және орта сынып оқушылары да садақ ату өнерін ұнатады. Соңғы 2 жылдың ішінде клуб мүшелері аудандық, қалалық, облыстық садақ ату жарыстарынан жүлделі орындарға ие болды. Олардың жетістіктерін көріп, дұрыс бағытта тәрбие беріп жатқаныма қуанамын, — дейді Дәурен Жүнісхан.
Ұлттық өнерді ұлықтаған ұстаз садақ ату спорты денсаулыққа пайдалы екенін айтады. Оның сөзінше, мергендер епті әрі ақыл-ойы жоғары болады. Нысананы дәлдеу үшін адам миында қаншама формула құрылады, амал ойластырылады, жоспарлайды. Мұның бәрі — тұнып тұрған математика. Садақ ату арқаны тік ұстауға, көру қабілетін жақсартуға көмектеседі. Сонымен қатар, баланы ұстамдылыққа үйретеді.
— Бір жарыста оқушым жебені нысанаға дөп тигізе алмай, өзін-өзі ұстай алмай, ашуға берілді. Салдарынан жеңіліп қалды. Ал бір оқушым керісінше, сабырмен ату арқылы жеңіске жетті. Жалпы, қазақтың арғы-бергі тарихында жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер көп болған. Оны батырлық эпостардан, қисса-дастандардан жақсы білеміз. Жалпы, садақ пен қазақ — егіз ұғым. Бұл қару ата-бабаларымыз ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қару ретінде қолданды. Жаужүрек батыр оғландарымыздың қорамсаққа қол салып кезеген жебелері нысанадан мүлт кетпегені тарихтан белгілі. Осы орайда ең көне өнер түрі саналатын садақ атуға қазақтың да қатысы барын ешкім жоққа шығара алмайды.
Ямышев ауылы — көп ұлтты елді мекен. «Қайсар клубында» өзге ұлт өкілдерінің балалары да бар. Байқағаным, ауылда ұлттық өнерге деген көзқарас өзгеріп келеді. 9 мамырда ауылда бәйге ұйымдастырдық. Ол шара республикалық деңгейге ұласып, Семей қаласы мен Абай облысынан да шабандоздар келді. Аламанға жалпы саны 48 ат қатысты. Ауыл жігіттері болып жүлдегерлерге сыйлық үлестірдік. Ат баптап жүрген адамдар ат күшін тексеру үшін қатысады. Осы жарысқа келіп, ат баптауды қолға алғысы келетін адамдар да табылды. Осылайша, ауылдағы шағын жарыс ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттырды. Жалпы, Ямышев ауылында бәйге 15 жылдың көлемінде ұйымдастырылмаған екен. Киіз үй тігіп, қазақы нақышта мерекелік шара ұйымдастырдық. Шара соңында ауыл ақсақалдары ризашылықтарын білдіріп, баталарын берді, — дейді мұғалім.
Дәурен Сабыржанұлы атқа міну өнерін де жанына серік еткен. Оның айтуынша, жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде ерекше күштің иесіне айналды. Шапқан аттың үстінен садақ тартудың шебері болған. Қазақтың тағдыры ежелден жылқы малымен біте қайнасқан. Мінсе -көлік, жесе — тағам, жаугершілік заманда ердің қанатына айналған да — дәл осы жылқы. Оны асырап бағу бір бөлек, міну мәдениеті бір бөлек.
— Садақ атумен қатар атқа міну өнерін де оқушылар арасында дәріптеп келемін. Өзімнің қолда өсіріп жатқан жылқыларым бар. Аттың тізгінін ұстай алатын бала ертең елдің тізгінін де ұстай алады. Атқа қорықпай мінген баланың бойында сенімділік болады. Оқушылармен бірге тазы иттерді алып, қырға шығып, серуендеуді де әдетке айналдырып жүрміз. Мұндай дүниелер бала жадында сақталып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыратыны сөзсіз, — дейді ол.
Дәурен Сабыржанұлы ұлттық өнерді дамытудағы мәселелерді де жасырмады. Оның айтуынша, қазір ұлттық өнер насихатталып, жанданып келеді. Бірақ қолдау аз.
— Негізгі мұғалімдік міндетімнен бөлек ұлдар клубын өз еркіммен аштым. Мұндағы мақсат – оқушыларға ұлттық өнерді дәріптеу. Қазіргі уақытта садақтың бағасы қымбат. Өзім балалар үшін құны 65 мың теңге тұратын бір садақ, тағы бір садақты 35 мың теңгеге сатып алдым. Балалар тек осы екі садақпен жаттығады. Арнайы кабинетіміз де жоқ. Дене шынық-тыру залында жаттыққаннан кейін жебеден бүлінген қабырғаны қайта ретке келтіреміз. Балаларды жарыстарға өзім апарамын.
Садақ атуға бастауыш сынып оқушылары қызығушылық танытады. Бірақ біздегі садақты қолдануға олардың шамалары келмейді. Себебі жоғары сынып оқушыларының жасына шақталған. Сондықтан көп оқушыны үйірмеге қабылдай алмай отырмын, — дейді Дәурен Жүнісхан.
Ұлттық өнерді дәріптеген ұстаздың жұмысына табыс, оқушыларға жеңіс тілейміз.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.