Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керектігін атап өтті. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек — Адал табыс» қағидатына толық сай келетінін айтты.

Оқыған мамандығы бойынша адал еңбек атқарып жүрген жастардың қатарында Екібастұз қаласының тұрғыны Айдос Баянов та бар. Ол «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде электромонтер болып еңбек етеді. Күрделі салада жастардың қатары көп екенін айтады.

— 9-сыныпты тәмамдағаннан кейін Екібастұз қаласындағы тау-кен техникалық колледжіне оқуға түстім. Қазір мамандығым бойынша 5 жыл көлемінде еңбек етіп келемін. Ұжымда жастар көп. Қызметім өзіме ұнайды. Жалақысы да көңілден шығады. Қызметіміз токпен байланысты. Станцияларда поездар қозғалысын басқаруға арналған техникалық құралдар кешеніне қызмет көрсетеміз, — дейді Айдос Баянов.

Айдос Мерекеұлы қазір жұмыс істеймін деген жастарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Тек еңбекке деген ниет, ынта болса жеткілікті. Қазіргі жастардың бойынан жұмыс істеуге деген құштарлықты, ерік-жігерді көруге болады.

— Президент өз Жолдауында қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс екенін айтты. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттыратынын атап өтіп, еңбек адамының мәрте-бесін көтерді. Шыны керек, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Мемлекет басшысы айтқандай, ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Қызметтте жас мамандарға баспана алуға көмек беріледі. Сонымен қатар, жұмысқа енді тұрған жастар үшін қаржылай қолдау да көрсетіледі, — дейді А.Баянов.

Президент түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуді тапсырды. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылатынын да айтты.

— Қатардағы жұмысшылардың еңбегін бағалап, мәртебесін арттырып жатқаны қуантады. Түлек терді күрделі саладан қорықпауға шақырамын. Өз басым 5 жыл ішінде мол тәжірибе жинадым. Жұбайым екеуіміз 3 баланы тәрбиелеп отырған жас отбасымыз. Қызметім, баспанам бар. Болашақта мемлекет тарапынан еңбегіміз бағаланып, тағы қолдау көрсетілсе, тек қуанамыз, — дейді Айдос Мерекеұлы.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.