Ақтоғай ауданындағы Арайлым Мұса есімді қыз бәйгеге ат баптайды. 16 жастағы бойжеткеннің тұлпарлары барған жерден олжасыз қайтқан емес. Қанжығасы майланып қайтады. Қайсар қыз соңғы 3 жылда асыл тұқымды 11 тұлпарды аламанға қосқан.

Арайлымның әкесі, танымал жылқышы Сейітбаттал Әлдекенов қызының кішкентайынан малға жақын болғанын айтады.

— Қызым ес білгелі қозы, құлын, бұзауды күтіп, қорада жүретін. Жайылып жүрген жылқыға жанымнан қалмай бірге баратын. Өсе келе жылқыға мінді. Анасы екеуміз әу баста қызымызды жылқыға жолатқымыз келмеді. Бірақ балам жылқының маңайынан шықпай, жақсы көрді. Қазір асау атқа қорықпай, өзі мініп алады, — дейді Сейітбаттал Әлдекенов.

Осылайша, мінезі тұйық Арайлымның бойына атқұмарлық әкесінен дарыпты. Қызының қызығушылығын көрген әкесі баласына жылқы баптаудың қыр-сырын үйреткен. Бүгінде 16 жастағы қыз аттарды бәйгеге өзі дайындайды. Бастысы, додаға қосқан аттары жүлдесіз оралмайды.

— Маған жуас ат ұнамайды. Арғымақтың мінезді болғаны жақсы. «Ақмаржан» деген сүйікті атым болатын. Бәйгеде кез келген сәтте өзгелерден оза шауып, алға шығып кететін. Алдына өзге ат шығып кетсе, мінез танытатын. Жарысуға құмар, қандай да бір нәрсе ұнамаса, адамды  тістей бастайтын. Жалпы, жылқы жануарының көңіл күйі көзінен білінеді. Олардың тілін түсіну атбегінің кәсібилігіне байланысты, – дейді Арайлым Мұса.

Сейітбаттал Әлдекеновтің айтуынша, бәйгеге қосқан аттың жүлделі болуы үшін шабандоз мықты болуы керек.  Арайлым екі жыл көлемінде Айбар Ақтанов есімді ауыл баласын дайындап келеді. Биыл Ерейментауда өткен аламан бәйгеде «Аймарал» атты құнанмен  мотоцикл жеңіп алған. Сондай-ақ, облыстық «Алтын тай» бәйгесінде «Ару» деген тайы бірінші орынды қанжығасына байлаған. Ақтоғай ауданында өткен «Тай бәйгеде» «Ханшайым» деген тайымен жеңіс тұғырынан көрінген. «Ақмаржан» деген байталы «Құлагер» ипподромында екі рет бәйге ұтқан.

Сейітбаттал Әлдекенов үш жылдан бері шетелден асыл тұқымды жылқыларды әкеліп, осы шаруашылықты дамытумен айналысуда.

Атбегілікті жанына серік еткен Арайлым болашақ мамандығын қазіргі ісімен байланыстырған. Бойжеткен ветеринар мамандығы бойынша білім алуда. Болашақта ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуді қалайды.

Әкесінің жолын қуып, отбасылық және ата кәсіпті дамытып отырған қайсар қыздың болашағы жарқын болсын деп тілейміз.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.