Аққулы ауданына бара жатқан жолда Ямышев ауылдық округіне қарасты Қызылқоғам ауылы бар. Шағын ғана елді мекен. Мектептегі оқушылар саны 40-қа да жетпейді. Бірақ ауылдан шыққан түлектер туған өлкесін дамыту үшін «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы арқылы өз елді мекендеріне оралып, білімді шәкірт тәрбиелеуде.

Бір ерекшелігі, ауылдағы ұстаздар қауымының басым көпшілігі — ерлі-зайыпты. Мұндай 10-ға жуық жұп бар. Бәрі ауылдың, ұрпақтың болашағы үшін аянбай еңбек етуде. Жоғары оқу орнын аяқтап, қолына диплом алған күні ауылға асыққан білікті маманның бірі – Қуан Айғожин. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. 2010 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен туған жеріне оралып, мемлекет тарапынан үй алған. Көрші ауылдың қызына үйленіп, бүгінде 4 баланы тәрбиелеп отыр.

— Ауылдағы шағын жинақты мектепте ерлі-зайыпты ұстаз көп. Жолдасым — ағылшын тілі пәнінің ұстазы. Білім ордасында бар-жоғы 39 оқушы болғанымен балалар өте білімді, дарынды. Өзім тәрбиелеген оқушыларым — облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері. Мәселен, Әнел Иманқұлова есімді шәкіртім — облыстық «Мағжан оқуларының» бас жүлде иегері. Республикалық мәнерлеп оқу сайысында арнайы жүлдеге ие болып, облыс, аудан намысын қорғап келді. Өткен айда Жанар Иманқұлова есімді оқушым облыстық «Мұқағали оқуларынан» екінші орынды қанжығасына байлап, мектептің абыройын көтерді. Өткен жылы дәл осы оқудан бірінші орынға ие болған. Осындай талапты шәкірттерімізбен марқаямыз. Олардың жетістігі жұмысқа деген құлшынысымызды арттырады. Соларға қарап, еңбегіміздің жанғанын көреміз, — дейді Қ.Айғожин.

Ауыл түлегі, дене шынықтыру пәнінің ұстазы Талғатбек Мағзұмовтың шәкірттері де оқуда зор жетістікке жеткен. Оқушылары үстел теннисінен облыстық жарыста 3 мәрте чемпион атанған. Сонымен қатар, аудан көлемінде өткен футбол жарысы мен асық ойнау- дан жүлдесіз оралған емес. Тәжірибелі ұстаздың жолдасы мектепте информатика пәнінен сабақ береді.

— Жұбайым екеуіміз ауылдың бола-шағы үшін еңбек етіп келеміз. Алланың берген 4 баласы бар. Алды өсіп, Павлодар қаласындағы зауытта еңбек етуде. Екінші балам менің жолымды қуып, облыс орталығындағы Әлкей Марғұлан атындағы университетте дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын меңгеруде. Болашақта ауылға келіп, еңбек еткісі келеді. Ауыл – жастарымен көрікті. Жас мамандар ауылға ағылса, елді мекеннен адам азаймайды. Түлектер ауылға оралып, ұрпақ тәрбиесімен айналысып жатқанына қуанамын, — дейді мұғалім.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы елге оралған жас маманның қатарында Дидарбек Әлібеков те бар. Бүгінде мемлекет тарапынан алған үйде жолдасы екеуі тұрады.

— Дипломды қолға алған күні ауылыма келдім. Себебі жүрегім қаладан гөрі ауылды аңсайды. Мектепте биология және химия пәнінен сабақ беремін. Жұбайым жоғары оқу орнында білім алуда. Ауылға келіп, білімге құштар оқушыларға тәлім-тәрбие беріп жатқа-ныма қуанамын. Қазір ұстаздарға жақсы жағдай жасалған. Мемлекет бізге көмектескенде, біз өз туған жерімізге, ұрпағымызға көмектесе білуіміз керек, — дейді жас маман.

Шынымен де, ауыл түлектері дипломмен ауылға ағылса, шалғай елді мекендердегі маман тапшылығы мәселесі де туындамайтыны анық.

Мектеп директорының оқу жөніндегі орынбасары Шолпан Жұмаханова шәкірттерінің ел игілігі үшін еңбек етіп жатқанына ризашылығын айтады. Жастардың арқасында ауылдың тыныс-тіршілігі жақсарып, кештері көңілді өтуде.

— Елді мекенге былтыр орталық-тандырылған ауызсу жүйесі қосылды. Биыл ауылдағы кіреберіс жол жөнделіп, шағын футбол алаңы салынды. Ұялы байланыс орнатылған, жоғары жылдамдықтағы интернет жұмыс істеп тұр. Ауылда жаңа үйлер де бой көтеруде. Осындай игі істерге қарап, ауылдың келешегіне еш алаңдамаймын. Жас мамандар жұмылып, ауылдағы барлық мәселеге белсенді араласады. Олар келіп, ауылда еңбек етпесе, мұндай ауқымды жұмыс қолға алынбас еді. Ауылда медициналық бөлімше, мәдениет үйі де бар. Өміріміз қаладағыдан кем емес, — дейді ұстаз.

Атап өтерлігі, екі қабатты шағын жинақты мектепте 1-11-сыныпқа дейінгі балалар білім алады. Шағын орталықта 12 бала тәрбиеленуде. Биыл 1-сыныпқа 3 оқушы қабылданған. Тағы бір қуаныш – осы жылы 11-сынып бітірген 3 оқушының бәрі жоғары оқу орнына грантқа түскен. Соңғы жылдары «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен мектепте еңбек жолын бастаған жас мамандардың жолдастары кәсіпкерлікпен айналысып, мал шаруашылығын да қолға алған. Осылайша, шағын ғана ауыл аз оқушымен толағай жетістіктерді бағындырып, білім додаларында аудан, облыс намысын қорғауда. Болашақ ұрпақтың білімді болуына жағдай туғызып отырған ауыл түлектерінің ісі көпке үлгі боларлық!

Айдана ҚУАНЫШЕВА,

Аққулы ауданы.