Ұлтты тәрбиелейтін — ұстаз. Қастерлі мамандықты жүрек қалауымен таңдаған мұғалім үшін оқушыға тәлім-тәрбие беріп, жақсылыққа баулығаннан асқан бақыт жоқ. Мұндай маман иесі жұмыс ортасын таңдамайды. Май ауданы Көктөбе ауылдық орта мектебінің директоры Сандуғаш Елшібаева — қызметіне адал жан. 17 жылдан астам уақыт қалада ұстаздық етіп, бүгінде ауыл балаларына ағылшын тілінен сабақ беріп, білім ордасына басшылық етіп отыр. Білімді, дарынды шәкірттерін мақтан тұтады. Жуырда тәжірибелі ұстазбен тілдесіп, әңгімелескен болатынбыз.
— Сандуғаш Мейрамқызы, еңбек жолыңыз қашан басталды? Алғаш рет сабақ берген сәтіңіз есіңізде шығар…
— 2006 жылы қыркүйек айында Павлодар қаласының М.Әуезов атындағы жалпы орта білім беру мектебіне мұғалім болып орналастым. Оқушыларға ағылшын тілінен сабақ бердім. Әрине, алғашқы сабақ берген күнім есімде сақталған. Қолыма дипломымды алып, оқушылармен кабинетте кездескен сәтімде менен асқан бақытты адам болмады. Арманымның орындалғанын түсіндім. Алғашқы жұмыс күнім өте қызықты өткен болатын. Әріптестерім маған журнал толтыруды үйреткені есімде. Университет қабырғасында мектептегі құжаттарды дұрыс толтыру тәртібі үйретілмейтіні белгілі. Мектеп ұжымы маған көп көмектесіп, сабақ өткізуге машықтады.
— Бүгінде ауыл мұғалімісіз. Қаладағы мектеппен қош айтысуға не себеп болды?
— Осыдан тура екі жыл бұрын ауыл мектебіне ауыстым. 17 жылдан астам уақыт қалалық мектептен мол тәжірибе жинадым, шыңдалдым. Ауылға келуіме отбасылық жағдай әсер етті. Май ауданының азаматына тұрмысқа шығып, шаңырақ көтердік.
Жалпы, ұстаздыққа жүрек қалауымен келгеннен кейін мен үшін еліміздің болашағы – оқушыларға тәлім-тәрбие бергеннен асқан бақыт жоқ. Мейлі, қаланың не ауылдың баласы болсын, бәрін бірдей жақсы көремін. Сол себепті ауыл мұғалімі атанғаныма еш өкінбеймін. Мұнда да тәжірибелі ұстаз көп. Сондықтан менің үйренерім әлі алда деп білемін.
— Сіздің ұстаздық жолда жүргеніңізге 20 жылға жуық уақыт болыпты. Қазір оқу жүйесі күнде өзгеріп жатыр десек, қателеспейміз. Алғаш мұғалім болған уақыт пен қазіргі замандағы оқу бағдарламасында айырмашылық көп пе?
— Әрине, бұрынғы жүйе мен қазіргі жүйені салыстыруға келмес. Заман бір орында тұрмайтынын білесіз. Педагогикалық еңбек өтілім 18 жылға жуықтаған екен. Көп өзгеріс орын алды. Айтарым, бүгінде мұғалім мен оқушыларға білім алуда зор мүмкіндік берілген. Қазіргі балалар бізден де ақылды. Ағылшын тілін жетік меңгерген, тың технологияларды игерген оқушылар көп. Ауыл оқушылары заман талабына сай онлайн курстарға белсенді түрде қатысып, білімдерін жетілдіріп келеді. Олар үйренсем, білсем деп оқуға құштар болып тұрады. Жаңадан шығып жатқан мамандықтарды, олардың қоғамға қажеттілігін де жақсы біледі. Болашақ салаларын әлден таңдап қояды. Жан-жақты балаларды көргенде, марқаясың. Ал ұстаздар қауымы компьютерлерді, заманауи бағдарламаларды жатқа біледі. Жасанды интеллект арқылы сабақты қызықты өткізіп, уақытымды үнемдейміз. Осынау өзгерістердің барлығы заман жемісі деп білемін.
— Еңбек етіп жүрген мектептеріңіздің тыныс-тіршілігіне тоқталсаңыз…
— Қазір мемлекет ауылға ерекше көңіл бөліп жатқаны қуантады. Біздің мектеп қайта жаңғыртудан өтіп, жаңа кейіпке енген болатын. Былтыр аймақ бойынша 56 мектеп «Ауылдағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» қайырымдылық жобасына енген еді. Оның қатарында біздің де білім ошақ бар. Қайырымдылық жобасы аясында мектебімізге 250 млн теңге шамасында қаржы бөлініп, толық жабдықталды. Мектептегі жиһаздар, құрал-жабдықтар, компьютерлік техника жаңартылды. Әсіресе, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән кабинеттеріне ерекше көңіл бөлінді. Оқушыларымыз химия, физика, биология, информатика пәндері бойынша тақырып игеруде заманауи құралдарды қолдануда. Сонымен қатар, STEM, робототехника, телестудия, ұлдар мен қыздарға арналған көркем еңбек кабинеттері, ART студия мен қыш сияқты заманауи кабинеттер жабдықталды. Педагогтер сабақтарын жаңа құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, қызықты өткізуде. Оның аясында оқушылардың сабақтан тыс уақыты да тиімді ұйымдастырылуда.
Мектебімізде жылу мәселесі өзекті болатын. Бұл тақырып та шешімін тапты. Жаңа қазандық орнатылды. Бұл ретте облыстық білім басқармасына ата-аналардың атынан алғыс білдіреміз.
— Қазір мектептерде ер мұғалім-дердің саны азайып кеткен. Бұл жағдай ұрпақ тәрбиесіне әсер етпей қоймайтыны рас…
— Қазір мектебімізде 8 ер мұғалім бар. Оның ішінде былтыр оқу орнын тәмамдаған жас маман да бар. Жалпы, ер адам – бәрінен бұрын отбасының асыраушысы. Ал ер мұғалімі жоқ білім ұясы асқар таудай әкесінің төбесі көрінбей кеткен шаңырақ секілді, орны ойсырап тұрады. Озат оқушыны ғана емес, табанды, жігерлі, бүгінгідей алма-кезек заманда, сын сағатта сынып кетпейтін, рухы биік ұрпақты тәрбиелеуде ер мұғалімдердің аздығы, кей мектептерде тіпті жоқтығы білініп-ақ жүр. Сондықтан ұрпақ жайына алаңдаған әр адам бұған бей-жай қарамас деп сенеміз.
— Сіз қандай басшысыз?
— Шыны керек, қатал болуға тырысамын. Себебі қазіргі таңда талап қоймаса, ұжым болып жоғары нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес. Тәртіп бар жерде тәрбие бар. Ұжым жұмыс орнында уақытылы болуы тиіс. Сабаққа тиянақты дайындалып, оқушыларға тақырыпты қызықты өткізуді жүктеймін. Мұғалім де оқушыға, ата-анаға талап қоя білсе, білім сапасы да артады деген ойдамын. Ата-аналар, оқушылар мен педагогтер маған өздерін толғандырған кез келген сұрағымен келіп, көмек сұрай алады.
Мектеп басшысы заман талабына сай креативті, еңбекқор, ашық болуы тиіс деп ойлаймын. Себебі, бізге де қойылатын талап жоғары. Біз білім сапасына жауап бергендіктен мойнымызға зор жауапкершілік жүктеледі. Білімді шәкірт – білікті ұстаздан. Бастысы, бірлігі жарасқан ұжымыммен өзімізге жүктелген ұрпақ алдындағы міндетті абыроймен атқарсақ болғаны.
— Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.