Ақындарға қанат бітірген

Нау 27, 2025

Жас ақындардың талабын ұштап жүрген Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің жанынан құрылған «Құс қанат ғұмыр» әдеби поэтикалық ұйымын біреу білсе, біреу білмес.

Талантты жастардың басын қосқан ұйымның негізін 2021 жылы Нұрсерік Тәуекелов қалап, жастардың әдебиетке деген құлшынысын оята білді. Сол уақыттан бері мүшәйра, поэзия кеші, поэтикалық дуэль сынды кештер жас ақындардың өнерін шыңдап келеді.

Ұйым құрамында айтыскерлер, көркем сөз шеберлері де бар. Мәселен, айтыскер ақын Бексұлтан Қайдаров былтыр ақпанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университеті және «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен өткен «Менің пірім – Сүйінбай» атты VIII халықаралық жас ақындар айтысында Бас жүлдені жеңіп алды. Осындай біздің азулы ақындарымыз тұрғанда ұйымның іргетасы шағылмас деген ойдамын.

Айтыскер ақын Бексұлтан Қайдаров талай додада оза шапса да өте қарапайым. Ұйымдағы ақынның бәрі дәл осындай мінезді бойларына қалыптастырған. Бірлігіміз әрі қарай жалғаса берсін деймін.

Қазір «Құс қанат ғұмыр» әдеби поэтикалық ұйымына Сабина Рамазан жетекшілік етеді. Ұйым мүшесі Жәнібек Есенкелді 2024 жылы Семей қаласындағы  Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы университеттің 90 жылдық мерейтойына арналған мүшәйрада бақ сынап, бас жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қатар, Дәуренбек Рамазан жүлделі екінші орынды иеленіп, Төлеухан Бақдәулет пен Бексұлтан Қайдаров үшінші орынға лайық деп танылды. От жалынды өлеңдері талай оқырман қауымды қуанта бермек, әлі талай жыр додаларында биік шыңды бағындыратындарына сенімім мол.

Кешегі өткен Абай, Мұхтар, Мұқағали сынды дүлдүл тұлғалардың ізінен ерсек деген ақындардың әрқайсысының жанарында жанып тұрған от бар. Университет қабырғасында жүріп өзім де жетістіктерге жетіп, таныла білдім. Ұйым әлі де талай талантты жастарды тәрбиелейтініне сенемін.

Диас ЖӘНІБЕК, Әлкей Марғұлан университетінің студенті.