Соңғы жылдары елімізде жастар ұйымдарының саны едәуір артқан. Олардың көпшілігі қоғамдық бірлестік ретінде тіркелген. Жастар ұйымдары дегенде, алдымен, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты ойға келеді. Жуырда аталған партияның Павлодар облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Мерғали Жүсіппен тілдесіп, ұйымның атқарып жатқан жобалары жайлы сөз қозғадық.

— Мерғали Гаккашаұлы, алдымен «Жастар рухы» жастар қанатының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып кетсеңіз…

— Қоғамдық бірлестіктің атқарып жатқан істері айтарлықтай. Қазіргі уақытта саяси сауатты жастарды тәрбиелеу үшін әр бағытта жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді атсалыстық. Одан басқа республикалық «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен әр өңірдің филиалында бірқатар жоба іске асырылып келеді. Мәселен, нашақорлықтың таралуына қарсы күрес мақсатында «Есірткіге жол жоқ!» жобасы бар. «Сарбаз болғым келеді» партиялық жобасы аясында ұйым қатысушылары мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында әскери бөлімшелер өкілдерімен бірге жастармен патриоттық бағытта жұмыс істейді.

«Менің елім – менің тілім» жобасы — жастарды қазақ тілін үйренуге, қоғамда тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған. Сабақтар тегін, аптасына 2 рет өтеді. Жұмыссыз жастарға «Жастарға жұмыс» атты жобамыз бар. Негізгі мақсаты — оқу орындарының түлектерін қоса алғанда, жастардың кәсіптік, еңбек және кәсіпкерлік әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасау. Мәселен, биыл жоба аясында жас мамандарды жұмысқа орналастыру мақсатында 10 ірі кәсіпорынмен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Аталмыш жәрмеңкеде 250-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Сондай-ақ, тарихи, мәдени, табиғи мұраларымызды сақтауға бағытталған «Вандализмге жол жоқ» атты акция- мыз бар. Ал «Bir tolkynda» диалогтық алаңында әртүрлі тақырыптарда кездесулер өтеді. Алаңда қоғамдағы жастардың өзекті мәселелері талқыланады. Алғашқы жартыжылдықта «Рухтастар Сases» диалог алаңы, «Мен донормын», «Dombyra party» мен «Ізгілік аптасы» атты акциялар және «AMANAT Cup» футбол турнирі ұйымдастырылды. Одан бөлек, мерекелер аясында да түрлі шаралар өткізіліп отырады.

— Қоғамдық бірлестіктің тарихына көз жүгіртсек. «AMANAT» партиясының жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты қалай құрылған еді?

— Бұл қоғамдық бірлестік 2008 жылдың мамыр айында Астана қаласында бұрынғы «Нұр Отан» партиясының жанынан «Жас Отан» жастар қанаты болып құрылды. Кейін 2022 жылдың шілде айында партияның атауы өзгергеннен кейін қоғамдық бірлестіктің де атауы өзгерді.

«Жастар рухы» жастар қанаты – білімге ұмтылған, еңбекқор, елі мен жерін сүйетін, Отанына адал 100 мыңнан астам патриот жастың басын біріктіретін Жастар қанаты құрылу кезеңінде еріктілер қозғалысынан бастап ірі жастар ұйымына дейін қалыптасу жолынан өтті. «Жастар рухы» мемлекеттің жастар қозғалысындағы негізгі күшіне айналды. Қазіргі таңда «Жастар рухы» жастар қанаты — көптеген ірі әлеуметтік, экологиялық, патриоттық, мәдени-бұқаралық іс-шараның ұйымдастырушысы, игі бастамаларды жүзеге асыратын ұйым.

— Партия жұмысында жастардың рөлі қандай?

— Жастар — қоғамның жемісі және оны түрлендіруші күш екені анық. Әсіресе, партия жұмысында алар орны ерекше. Себебі, жастардың идеясы арқылы партияға түрлі жаңашылдықтар енеді. Әсіресе, саяси науқан кезінде еңбектері байқалады.

— Қазіргі кезде ұйымдағы жастар саны қанша? Олардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыру үшін қандай шаралар қолға алынған?

— Бүгінде қоғамдық бірлестікте 2 мыңнан астам жас бар. 3 қала мен 10 ауданды қосқанда 13 филиал, екеуі жергілікті Торайғыров пен Әлкей Марғұлан атындағы университетте, ал үшеуі Павлодар қаласының колледждерінде ашылған.

Құқықтық және қаржылық сауатты дамыту жұмыстарына келетін болсақ, бұл да – жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлігі. Ауылдық жерлерде, колледж, университет студенттері арасында ақпараттық шаралар өткіземіз. Өйткені, жастар арасында қарыз мәселесі өзекті. Бұл көбіне қаржылық сауаттылықтың төмендігінен болады. Сәйкесінше, бұл жастардың ілгерілеуіне кедергі келтіреді. Сондықтан салдармен емес, себеппен күресуге көп күш саламыз.

Одан бөлек, жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында партияда жарты жылдан бері «Қарызсыз қоғам» жобасы іске асырылуда. Аталған жобада барлық санаттағы адам қаржылық сауаттылығын арттырады. Сондай-ақ, жыл сайын «Жастар рухы» жастар қанатының лагері өтеді. Осы жылы Шымкент қаласында өтті. Оған қоғамдық бірлестіктің жұмыстарына белсенді қатысқан 15 адамды апарамыз. Лагерь барысында сол жердің табиғатымен, көрікті жерлерімен танысып, құқық, қаржы, психология секілді бағыттарда білім алады.

— Қазіргі қазақ жастарын не мазалайды? Олардың саяси-рухани, бәсекеге қабілеттілік әлеуеті қандай?

— Жастарға қатысты мәселелер өзектілігін жоғалтқан емес. Жиырма өңірде жиырма түрлі мәселе кездеседі. Әсіресе, жастар арасында жұмыссыздық, оларға берілетін баспана, студенттік жатақхана секілді мәселелер өзекті болып отыр. Әр мәселені шешудің өз жолы болады. Жастар қанаты бұл міндеттерді нақты айқындап, алға қойған. Жастар арасында көтеріліп жатқан мәселелер партия жанындағы жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңесте қаралады.

Бірлестігімізде жастардың саяси-рухани, бәсекеге қабілеттілік әлеуетін арттыруға бағытталған бірнеше идеологиялық жоба бар. Осы жобалар арқылы жастардың белсенділігі артып, саяси тұрғысынан түсінігі кеңеюде. Мәселен, жуырда АЭС құрылысы бойынша шаралар өткізгенімізде жастар бізді бір ауыздан қолдады. Бірден бұл істің еліміздің болашағы үшін маңызды екенін түсінді. Осыған қарап, жастарымыздың ой-түйсігі жоғары екенін айта аламын.

— Бүгінде еліміздің білімді жастарының көбі шетел асып жатыр. Бұл олардың ел болашағына сенімсіздігі ме? Осыған көзқарасыңыз қалай?

— Жастардың шетелде білім алып, өз саласы бойынша тәжі-рибе жинақтағанын құптаймын. Осы арқылы олар өзге елдің тыныс-тіршілігімен, әлеуметтік-экономикалық жағдайымен, саяси реформаларымен, мәдениетімен таныса алады. Кейін көрген-білгенін өз елінде жүзеге асыра алады. Ал сол елде қалып қойса, олардың бойында патриоттық сезімнің болмағаны деп түсінемін. Негізі, еліміздегі жастардың басты миссиясы – өз елінде білім алып, еңбек ету. Себебі, еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы — білімді де білгір жастардың қолында. Біздің жобалардың маңыздылығы да осында шығар.

— Орталықтың алға қойған жоспары қандай?

— Әр мереке қарсаңында түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Мәселен, алда келе жатқан Тәуелсіздік күніне орай Торайғыров университетінің студенттерімен бірлесіп, интеллектуалды сайыс өткізу ойда бар. Сайыста қатысушылар еліміздің тарихына қатысты сұрақтарға жауап береді. Сондай-ақ, жыл соңында Астана қаласында «Жастар рухы» жастар қанатының қорытындысы шығарылады. Онда белсенділік танытып, үздік нәтиже көрсеткен жастар «Жыл волонтері», «Үздік бөлімше», «Үздік филиал» секілді аталымдар бойынша марапатталады. Бұл марапаттарды біздің жастарымыз да алған болатын.

Одан бөлек, көршілес Абай және Шығыс Қазақстан облыстарымен бірлесіп, бір жобаны жоспарлап отырмыз. Жоба аясында облыстық филиалдардың қатысушылары көршілес аймақтарға барып, тәжірибе алмасып, сол жердің көрікті жерлерімен таныса алады.

— Әңгімеңізге рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

 

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.