Рухты сөзімен елдің санасына құнды ой салып жүрген жазушы Санжар Керімбайдың кітаптары оқырман жүрегінен орын алып жүр.

Ол — талайымыз тамсана оқып жүрген «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы, шығыстанушы, ағартушы.

Кейінгі жылдары халқымыздың байырғы салт-дәстүрі мен ұлттық дүниетанымды, құндылықтарды насихаттап, аңыз-қиссалар арқылы олардың терең мәніне үңілуге үндейтін кітаптары жарық көре бастады. Санжар Керімбаймен биыл көктем мезгілінде кездесу сәті түсті. Ағамыз танымал журналист Бейсен Құранбекке арнаған «Бейсен және болмыс» кітабын қалың оқырманға таныстыру үшін Павлодар қаласына келген болатын. Шараға көп студент жиналды. Жазушымен кездесу кеші қызықты өткені сонша, 2 сағат қалай өте шыққанын байқамай қалыппыз. Жастар автордан туындылары жайында сұрақтар қойды. Оның ішінде көпшілікті «Өзбекәлі және Мәдени майдан» кітабының шығу тарихы қызықтырды. Сол уақытта менің ойымдағы Өзбекәлі атамыздың образы түбегейлі басқа сипатқа ие болды.

Расында да, қазаққа көп қызмет еткен тұлғаны бұл күнге дейін танымай жүргеніме қысылдым. Кейін ағамыздың басқа да кітаптарын оқыдым. Ол қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызының бірі де бірегейі Бейсен ағамыздың ғұмырын ерекше сипаттаған. «Бейсен және Болмыс» кітабын оқыдым. Журналист ағамыздың өмірінен мысал келтіре отырып, өскелең ұрпаққа уақыттың қадірін, өмірдің мәнін ұғындыратын тамаша туынды екен. Тележурналистика тарланына айналған Бейсеннің болмысын шын аша алған еңбек дерсің. Қазіргі таңда да Бейсен досының қысқа ғұмыр ішінде қазаққа сіңірген еңбегін дәріптеуде. Сонымен қатар, бүлдіршіндерге арналған, тағылымға толы «Әлдиден эпосқа дейін», «Салт-дәстүр сөйлейді» сынды көптеген кітап шығарған.

Тағы бір танымал еңбегі — «Қуыскеуде». Бұл туындыда адамзаттың уақытын дұрыс пайдаланбай, қуыскеуделікке жол тартып бара жатқаны баяндалады. Туындыда жастардың бос уақыты олардың бос кеуде болуына алып келіп жатқаны айтылады. Тарихи тағылым мен үлгі боларлық адамдардың өмір жолын көз алдымызға мысал ретінде келтіреді. Шығармамен танысу кезінде әрбір қазақ оқуы керек еңбек екеніне көзім анық жетті. Ағамыздың жазу стилі мен сөйлеу мәнері ерекше баурап әкетеді. Кітапқа деген қызығушылықты арттырды десем, қателеспеймін. Жастарға үлгі бола білген Санжар ағамыздың еңбегіне табыс тілеймін!

 

Сара АВДОЛ,

Торайғыров университетінің 2-курс студенті.