Павлодарлық жас ұстаз Игорь Гноевой әлеуметтік желідегі оқырман қатарын күн сайын арттырады. Өйткені, оқушыларымен бірге түсіретін видеолары қалың көпшілікті баурап алады. Жас ұстаз идеяны шәкірттері ойлап табатынын айтады.Игорь Гноевойдың ұстаздық жолда жүргеніне — 9 жыл. Бала күнінде мұғалім болуды армандамаған. Бірақ мектепке жұмысқа орналасқан күннен мамандығына деген қызығушылығы арта түскен.
Жас жігіт әу баста аудармашы мамандығын таңдайды. Кейін қалауы бойынша бастауыш сынып мұғалімі мамандығын меңгереді. Туған-туыстары аспаз, көлік жөндеу ісі және кәсіппен айналысады.
– Мұғалімдер қауымы қағазбастылықтан арылған емес. Балалардың көңілін аулайын десең, есеп жұмыстарынан бас алмай қаласың. Бірақ оқушылар заман талабына сай дамуы тиіс.
Әлеуметтік желіде ойламаған жерден танымал болдым. Осыдан екі жыл бұрын ҚР Білім министр-лігінің тапсырмасы бойынша әлеуметтік желіде видео түсіріп, коллабарация жасадық. Әлгі жұмысым «Ең көп қаралым жинаған видео» аталымы бойынша жеңіске жетті. Содан оқырман қатары арта түсті. Сол күннен бастап әртүрлі тақырыпта видео түсіріп, көптің көңілінен жол таптым. Бүгінде инстаграмда 300 мыңнан астам, Тик ток парақшасында 119 мыңнан астам оқырманым бар. Қаралым саны бір миллионнан асады. Тіпті, өзге елдің азаматтары да парақшама тіркелуде, – дейді блогер мұғалім.
Мектептегі үзіліс кезінде Тик ток түсіруге уақыт таба білу де — өнер. Игорь бала тәрбиесіне қатысты мәселелерге баса мән береді.
– Рилсты күн сайын түсіру мүмкін емес. Алайда аптасына бір рет трендтен қалыспай балалармен видео салуға тырысамын. Кейде оқушыларым өз идеяларымен бөлісіп, сабақ кезінде орын алған қызықты сәтті түсіруді өтінеді.
Ата-аналар қауымы да көп қаралым жинаған видеолардан өз балаларын көріп, ризашылықтарын жеткізеді. Көпшілігі ұл-қызының еркін сөйлеп, өзін дұрыс ұстай алуды үйренгенін айтып жатады. Балаларды видеоға ата-аналарының рұқсатымен ғана түсіремін. Ең бастысы, жас ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие бере білуді мақсатым деп білемін, – дейді Игорь Гноевой.
Қызметіне аса жауапкершілікпен қарайтын білікті маманның айтуынша, оқушыларға білім беруде заманауи әдістемелерді қолданған жөн. Біріншіден, монотонды сөйлеудің орнына балаларды қызықтыратын суреттер мен үлестіру материалдарын көп қолдану пайдалы. Сонымен қатар, ақпараттық технологияларды қосып, олармен дос ретінде де әңгімелесе білу керек. Отбасы жайлы да ой қозғаған жөн. Заманға сай әр баланың икемін де таба білу міндеті ұстазға да жүктеледі.
Салтанат ҒАББАС.
