Егемен еліміздің көк байрағы шекараның арғы жағында тек екі жағдайда көтеріледі: бірі — Президенттің шетелдік сапарлары болса, екіншісі – спортшыларымыздың жеңісі. Осындай жетістіктерімен Туымызды танытып, Әнұранды шырқатып жүрген жас өрендердің бірі –
баянауылдық Нұрислам Ташмағанбет. Спорттың бірнеше түрін меңгерген ол талай додадан олжалы оралып, ел намысын абыроймен қорғап жүр.
Нұрислам – Баянауыл ауданы Шәкен Айманов мектебінің оқушысы. Биыл 8-сыныпты тәмамдады. Жас болғанына қарамастан, осы уақытқа дейін бірқатар байрақты бәсекеге қатысып, жүлдегер атанып үлгерді.
Жалпы, спортқа деген қызығушылығы алты жасынан басталған екен. Ағасына қарап бой түзеген ол шаршы алаңда былғары қолғап түйістіргенді жөн көрді. Геннадий Головкин, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов сынды спорт саңлақтарының тұғырға шыққанын көріп, олардың жетістіктеріне тамсанып, жеңісті жолды жалғастыруды да қалады. Сөйтіп, мектеп табалдырығын аттаған уақыттан бері спортты серік етіп келеді.
Алғашқы бапкері – Хабиболла Әділ баланың бойында спортшыға тән мінездің қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Жеткіншекті жарыстарға дайындап, жетістікке жетеледі. Жаттықтырушының бұл еңбегі еш кеткен жоқ. Нұрислам бапкердің сабағынан тәлім алып, үйреткенін ойға түйіп, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Айталық, өткен жылы бокстан облыстық чемпионатта суырылып алға шығып, ел чемпионатына жолдама алды. Бұл сайыста еліміздің әр өңірінен жиналған қатарластарымен қолғап түйістіріп, кіл мықтылармен сынға түсті. Ақтық мәреде ғана қарсыласына есе жіберіп, екінші орынға тұрақтады. Ал биыл дәл осы жарыста, яғни Қазақстан чемпионатында шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Осы жеңісі Иорданиядағы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпио-натында бағын сынап көруге мүмкіндік берді. Сөйтіп, Хабиболла Әділдің шәкірті, біздің облыстың жас өрені шетелде елдің намысын қорғауға, көк байрағымызды көкке көтеруге аттанды.
Нұрислам ата-анасының, бапкерлік құрамның сенімін толықтай ақтап шықты. Суперауыр салмақ, яғни 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде үш жекпе-жек өткізіп, Үндістан, Иордания және Өзбекстан боксшыларынан басым түсті. Финалдық кездесуде өзбекстандық қарсыласын айқын басымдықпен —
5.0 есебімен жеңіп, Азия чемпионатының алтын медалін мойнына тақты. Осылайша, 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы атанды.
— Бұған дейін бірқатар халықаралық турнирге қатысып, жүлделі орындарды еншілеген едім. Дей тұрғанмен, Иорданияда өткен бұл чемпионаттың орны да, салмағы да ерекше болды. Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Бапкерлер алға қойған тапсырманы бұлжытпай орындауға тырыстық. Нәтижесінде біздің елдің ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан көрінді. Жеңісті өз еңбегімнің, жаттықтырушылардың, ата-анамның үмітінің ақталуы деп білемін. Мен үшін де бағындырған бір белес болды. Оқу жылы осындай спорттық жетістікпен түйінделгеніне қуаныштымын, — дейді жас спортшы.
Нұрислам бокстан бөлек, өзге де спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысады. Айталық, еркін күрес бойынша боз кілемде белдесіп, бірнеше рет жеңіс тұғырына шықты. Бүгінде еркін күрестен спорт шеберіне үміткер. Сондай-ақ, ММА-дан Әлем кубогы мен Әлем чемпионатын ұтты.
— Спортшыларға жүктелетін жауапкершілік жүгі зор. Осы бағытты таңдаған әр адам жеңіске жетіп, биік белесті бағындыруды қалайды. Шекараның ар жағында егемен елімізді танытатын бірден-бір азаматтар да – спортшылар. Сондықтан халықаралық жарысқа қатысқан сәтте байрағымыздың бәрінен биік тұруы, биыл туғанына 90 жыл толып отырған белгілі ақын Жұмекен Нәжімиденов, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың музыкасына жазылған Әнұранымыздың шырқалуы үшін барымызды саламыз. Ал осы деңгейге жетіп, жарыста алдымызға жан салмай, жеңіс тұғырының биік сатысынан көрінген сәтті сөзбен жеткізу қиын. Тек өзіңді емес, күллі елді әлемге танытасың, мықтылығыңды көрсетесің. Алдағы уақытта да талай жетістікке жетсем деймін. Ол үшін аянбай еңбек ету керек. Еңбек пен талант, төзімділік пен жігер болса, жеңісті жолым әлі де жалғасады деген үміттемін. Мақсатым – көк Туды биікке көтеріп, Әнұранды шырқату. Спортшы үшін одан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын, — дейді Н.Ташмағанбет.
Иә, спортшыларымыз жоғары жетістікке жеткен шақта жанкүйерлер де бір марқайып, кеудесін мақтаныш сезімі кернейтіні рас. Төрткіл әлем мемлекетімізді спортшылардың жетістігі, соның арқасында көтеріліп, шырқалатын Туымыз бен Әнұран арқылы таниды. Ендеше, спорт саңлақтарының қоржыны медальға толып, Мемлекеттік рәміздеріміз тұғырдан көріне берсін! Еңсеміз тік, абыройымыз асқақ, келешегіміз кемел болсын!
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.