Жуырда Астана қаласында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Қазақстан Республикасы колледждерінің 100 үздік студенті» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Оқу-ағарту министрі, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, бизнес қауымдастықтардың өкілдері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, педагогтер мен ардагерлер қатысты.
Жобаның мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дарынды студенттерді анықтау және қолдау, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау және Қазақстан экономикасы үшін кадрлық резерв қалыптастыру. Жобаны жүзеге асырушы – «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған ауқымды шараға еліміздің барлық өңірінен екі мыңнан астам студент қатысты. Оның 100-і үздік студент атанып, республикалық деңгейде жеңімпаз деп танылды. Бұл қатарда Павлодар қаласы «Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті» КЕАҚ М.Қанапиянов атындағы жоғары колледжінің «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығының студенті Назерке Қайыргелдинова «ҚР колледждерінің 100 үздік студенті» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.
Назерке Қайыргелдинова — Май ауданы Баскөл ауылының тумасы. Ол әртүрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Мәселен, өткен жылы Еуразиялық Мәдениет қорының Құрмет дипломына ие болып, стипендиясын иеленді. Республикалық «Үздік ғылыми жоба авторы» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Одан бөлек, халықаралық ғылыми-тәжірибелік, мәнерлеп оқу, өнер, эссе байқауларының жүлдегері атанды. Сонымен қатар, білім алу барысында қазақ тілін терең меңгеріп, оның әдеби байлығы мен мәдениетіне деген қызығушылығы арта түсуде. Себебі, ана тілі мен әдебиет – ұлттық сананың, мәдениеттің және рухани байлықтың негізі.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде әр сабақта ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тілдің терең табиғатын білім алушыларға түсінікті әрі қызықты етіп жеткізіп, тіл арқылы білім алушылардың бойына патриоттық сезім, туған жерге, елге деген сүйіспеншілік ұялатуды көздейміз. Сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің негіздерін, қазақ ғұламалары мен ағартушыларының еңбектеріндегі ұлттық тәрбие туралы ойларын, даналық сөздерін, мол мұраларын насихаттау мақсатында, үздік жобаны жүзеге асыруда заманауи форматта «Шебер сөз» авторлық шығармашылық алаңы құрылды. Оның ішінде «Жас ақындар подкас клубы», «Кітап авторы болу» атты еңбегіміз әзірленіп, оны жүзеге асырудамыз.
Бұл байқау қазақстандық колледждердің жоғары деңгейде маман дайындай алатынын көрсетті. Жеңімпаздар техникалық және кәсіптік білікті мамандардың кадрлық резервін қалыптастыру мақсатында жұмысқа орналасуға жолдама алды.
Сондай-ақ, шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қолдау көрсетілді. «ТОП-100 студент» қатысушыларымен азаматтық жауапкершіліктің белгісі ретінде «Бірлік және келісім» саябағында ағаш көшеттері отырғызылды.
Білім мен тәрбие берудегі озық ұстанымдардың ұлттық тәрбие құндылықтарымен байланыстыра отырып, әр білім алушының қабілетін, талантын ашу, өзіндік ұлттық тәрбиесі мен санасын қалыптастыру — басты міндетіміз.
Рысгүл КӘРІМЖАНОВА,
М.Қанапиянов атындағы жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.