Қазір қоғамда электр қуатына деген тәуелділік жоғары. Жарықсыз бір күнді елестете алмайсыз. Ал оның үздіксіз таралуын электромонтер қамтамасыз етеді. Күрделі әрі адам өміріне қауіпті салада жұмыс істеп жүргендердің қатарында Жанболат Съезд де бар. Ол Ақтоғай ауданының тұрғындарына электр жарығын тартып, интернеттің жоғары жылдамдықта жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Электромонтер тек сымдарды тексермейді. Апатты жағдай туындаса, электр сымдарындағы ақауды жылдам анықтап, қалпына келтіре білуі тиіс. Жанболат ауыл тұрғындарын жарықпен қамту үшін діңгекке шығып, биікке өрмелейді.
— Жарық сөнген уақытта ауыл тұрғындары хабарласады. Бірден оқиға орнына барып, электр сымдарын толық тексеремін. Ауылды сапалы жарықпен қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Сондықтан мен өзімді үнемі жетілдіріп, ізденіп, білімімді толықтырып отырамын. Технология күнде өзгеріп жатыр. Біз жағдайға жылдам бейімделіп, жаңа технологияларды енгізуіміз керек. Тәжірибеге сүйеніп, жабдықтардағы ақауды алдын ала анықтау аса маңызды. Жұмыс барысында жоғары біліммен қатар техникалық және еңбек қауіпсіздігін қатаң ұстануымыз қажет. Себебі бір ғана қателік сенің және өзгелердің өміріне, жұмысына зиянын тигізуі мүмкін, — дейді электромонтер.
Шыны керек, үйде, жұмыста, әлеуметтік орындарда электр құрылғыларының үздіксіз жұмыс істеуі – электромонтердің еңбегі. Ақтоғай ауданының тумасы жергілікті аграрлық колледжді бітірген. Бала кезінен техникаға, сымдар мен құрылғылардың жұмысына қызыққан. Сол қызығушылық осы салаға бет бұруына себеп болды. Электромонтер күн сайын түрлі қауіп-қатермен бетпе-бет келеді. Сол себепті бұл кәсіпке зор жауапкершілікпен қарау қажет.
— Жұмыс істеу кезінде қорықпаған дұрыс. Әу баста электр сымдарын жалғауда білімім аз еді. Әріптестерімнен білмегенімді үйреніп, тәжірибелі маман атанып отырмын. Қазір әртүрлі құрал-саймандармен жұмыс істеуді, оның ішінде мультиметр, вольтметр, амперметр және дәнекерлеу жабдықтарын пайдалануды меңгерудемін. Бұл құралдар электр жүйелерін тексеріп, ақауларды дереу анықтауға көмектеседі. Жұмыста қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау маңызды, — дейді Жанболат Съезд.
Жанболат қазір бұл салаға жастар көп келіп жатқанын айтады. Бастысы, ынта мен жігер, еңбек етуге деген құштарлық болса, жеткілікті.
— Біздің жұмыс қауіпті болса да, көзге көріне бермейтін. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында қарапайым еңбек адамдарының кәсібіне деген құрмет артты. Қазір бұқаралық ақпарат құралдары жұмысшыларды жарыса насихаттап келеді. Осындайда мәртебеміз өсіп, жұмысымызға деген қызығушылық одан әрі арта түседі, — дейді Ж.Съезд.
Елге еңбегімен жарық сыйлап жүрген электромонтердің жұмысына табыс тілейміз!
Айдана ҚУАНЫШЕВА.