Салтанат Әміржанқызының диплом бойынша мамандығы – заңгер. Есеп және аудит саласын да меңгерген. Бірақ білім алған мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Ол заман талабына сай сән әлемінде еңбек етіп, шетелдің аруларына қызмет көрсетуде.
Қазіргі қыз-келіншектер жасанды кірпік жал-ғауға құмар. Ұзындығына қарай 8 мың теңгеден басталатын кірпіктің 5-6 D көлеміндегі түрінің бағасы – 12 мың. Қызығы, жасанды кірпікті бір рет жалғатқан ару одан бас тарта алмай қалады. Әйелдер қауымының қалталарынан ай сайын кемінде 12 мың теңгені шығаруы сондықтан. Тәуелділік.
Қыз-келіншектерге осындай қызметті ұсынып жүрген Салтанат Әміржанқызы бұл жұмыстың табысты болатынын әуелден сезген. Сондықтан университет қабырғасында 1-курста оқып жүрген кезінде-ақ арнайы оқудан өтеді. Әу баста тек қосымша табыс көзі ретінде қараған ол бұл істен бас тарта алмай қалады. Керісінше, сұлулық салоны қызметкерлерінен тәжірибе жинап, өзін шыңдай түседі. Қазір ол Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең үлкен қала – Дубайда жұмыс істеуде.
— Қазіргі қыз-келіншектер өздеріне ерекше күтім-мен қарайды. Сәйкесінше, бет-әлпетін сәндеу үшін ақшаны аямайды. Жасанды кірпік жалғау жұмысын енді қолға алған уақытта тұтынушылардың саны ай сайын арта түсті. Бір айда қомақты қаражат тауып жүрдім. Студент болсам да ата-анама көмектестім. Жыл өткен сайын осы іске машықтана бастадым. Сұлулық салоны мамандарынан кеңес алып, түрлі оқудан өттім. Бір күні резюме жазып, шетелдің сұлулық салонына жібердім. Жасанды кірпік жасаудағы жұмыстарымның суретін қоса жолдадым. Мені шетелдің мамандары жұмысқа қабылдайды деп еш ойламадым. Мақсатым орындалды, — дейді Салтанат Әміржанқызы.
Қазір Салтанат Дубайдағы үйі үшін еш ақы төлемейді, баспанасы тегін. Медициналық сақтандыру жүйесіне де қаражатты жұмыс ұсынушылар төлейді. Ай сайынғы табысы – 2-2,5 мың АҚШ доллары. Біздің валютаға шаққанда 2 миллион теңгеден асады.
— Жасанды кірпік жалғау ісі мамандық, кәсіп түрі болмаса да, осы салада қызмет етіп, нәпақамды тауып жүргенімді мақтан етемін. Тұтынушылардың көңілінен шыққан сәтте өз ісімнің маманы екенімді түсінемін. Өйткені, танымайтын адамның кірпігін сәндеу оңай емес. Бұл өнер кез келгеннің қолынан келе бермейді, — дейді ол.
Салтанат Әміржанқызы студенттерді жұмыс істеуге шақырады. Оқу мен жұмысты қатар алып жүру – ептілік. Қосымша табыс табу арқылы жастар ерте шыңдалады. Сондықтан мақсатқа жетуде табандылық қажет. Дубайдағы қыз-келіншектерді сәндеп жүрген жерлесіміздің ісіне береке тілейміз!
Сара АВДОЛ.
.