Елімізде жастар саясатының олқы тұстары бар. Екі қолға бір күрек таба алмай, баспанасыз жүрген жастар қаншама? Мемлекет оларды қолдаудың түрлі тетіктерін қарастырған еді. Мысалы, қайбір жылдары әрбір аймақта «Жастар бастамаларын дамыту орталықтарын» ашты. Нәтижесі қалай? Ел ертеңі саналатын ұл-қыздарымызға тиісті деңгейде қамқорлық көрсете алып жүр ме? Атына заты сай ма? Осы орайда, өңірдегі мекеме басшысы Ризат Рахымжановпен пікірлестік.

— Ризат Русланұлы, Жастар бастамаларын дамыту орта-лығының негізгі мақсат-міндеттері жайлы айтып өтсеңіз.

— Мойнымызға артылған міндет көп, жауапкершілік жүгі ауыр. Біздің орталығымыз жастарды қолдау мен дамытуға, азаматтық белсенділікті арттыруға, сондай-ақ тұлғалық өсу мен кәсіби дамуға мүмкіндік жасауға бағытталған түрлі іс-шара ұйымдастырады.

Осы бағытта қатарымызда 36 қызметкер жұмыс істейді. Орталықта жастарға қызмет көрсету, шығармашыл жастармен жұмыс, техникалық қызмет көрсету, еріктілер және медиа сияқты 5 бөлім жұмыс істейді. Әрқайсысының өз мақсат-міндеттері бар. Атап айтсақ, жастар мен жас отбасыларға тұрғын үй, жастар саясатына қатысты мемлекеттік бағдарламалардың ережелері түсіндіріледі. Жұмыссыз жастарға уақытша және тұрақты жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Замандастарымыз үшін кәсіпкерлікті дамытуға көмектеседі.

— Жұмыс бағыттарыңыздың орындалу деңгейі қалай?

— Шамамыз келгенше барлық бағыттар бойынша табысты жұмыс істеуге тырысып келеміз. Түрлі жобаларды жүзеге асырдық. Оның ішінде оқушылардың кәсіби дайындық деңгейін арттыру, белгілі бір кәсіпке қызығушылықты ояту және олардың шығармашылық белсенділігін дамыту бағытындағы «Uzdik maman — 2024», жас отбасылар мен жұптар арасында отбасылық құндылықтарды нығайтуды мақсат тұтқан «Jas Otbasy» жобалары, Павлодар облысының белсенді жастары мен қоғам пікірінің көшбасшыларына арналған «Şabyt» облыстық лагері сияқты бастамалар бар. Ерекше жобалар қатарынан елімізде алғаш рет қолға алынған «Жастар картасын» атап өтуге болады. Бұл жоба жастардың білім беру, мәдени және спорттық іс-шараларға белсенді қатысуға ынталандырып, дамуына және дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек «Pavlodar dаuysy», «BabyStart» байқауларын, «Жастар серпілісі» республикалық жастар форумын да атап өтуге болады.

— Бұл жобалардың көпші-лігі бірреттік сияқты. Қазір онсыз да жастар арасында ұйымдастырылатын ұсақ-түйек акция, флэшмобтардан көз ашпай келеміз. Осы нәтижесіз шаралардың тізімін толықтырып жатқан жоқсыздар ма?

— Жоқ, біз жүйелі жұмысқа назар аударуға тырысамыз. Бірақ сіздің де сөзіңіздің жаны бар. Шынымен, соңғы жылдары жастар саясатына қатысты жұмыстар флешмоб, форумдар, концерттермен шектеліп келеді. Бұл форматтар үлкен аудиторияны қамтып, жарқын әсерлер сыйлауы мүмкін. Креативті көрінер. Алайда, егер жастардың мәселелерін ұзақ мерзімді тиімді шешу тұрғысынан қарастырсақ, мұндай іс-шаралар жеткіліксіз. Маңыздысы – жастардың алдындағы өзекті мәселелер мен сын-қатерлерді шешуге бағытталған жүйелі, нәтижелі жобаларға назар аудару.

Жоғарыда атап өткен жобаларымыз жастардың кең аудиториясын қамтуға мүмкіндік береді. Маңызды мәселелерді көтеруге жол ашады. Мұндай іс-шаралардан кейін жауапты мекеме ретінде жастардың әрбір санатына арналған мақсатты іс-шараларды өткізіп, нақты міндеттерді тиімді шешу үшін қолдау көрсетеміз.

— Ауыл жастары назарларыңыздан тыс қалып жатқан жоқ па?

— Жастар бастамаларын дамыту орталығы ауыл жастарына ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта да бірқатар жұмыс атқарылды. Ауыл жастарының біліктілігін арттыру мақсатында тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылды. Жұмысқа орналастыруды қолдау мақсатында арнайы жобалар жүзеге асырылды. Спорттық және мәдени іс-шаралар өткізілді, жастардың тиімді демалысы үшін жағдайлар жасалды. Болашақта ауыл жастарының қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа жобалар жоспарлануда.

— Бүгінде жастар арасын-дағы маңызды мәселелердің бірі – жұмыссыздық. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

— Тұрақты түрде жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндер үшін бизнесті ашып, жүргізудің қыр-сырын үйрететін арнайы тренингтер өткізілуде. Жұмыссыз жастарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарын да ұйымдастырып келеміз. Жұмысқа орналастыру орталықтарымен бірлесіп, жастарды тұрақты қызметке орналастыру шаралары ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, еңбекке тарту мақсатында волонтерлік және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуға шақырамыз. Бұл ретте, «Жастар Вайб» жобасын атап өтуге болады. Бұл — жастардың өз қабілеттерін танытуға, белсенді және салауатты өмір салтын ұстануға, сондай-ақ мәдени және шығармашылық тұрғыдан дамуға ықпал ететін имидждік іс-шара.

— Қоғамымызда жоғары білімі жоқ, жұмыссыз, кәсіпсіз отырған, заманауи тілде айтқанда NEET санатына жататын жастар да бар…

— Иә, өкінішке қарай, елімізде ондай жастар да бар. Біздің орталық NEET санатындағы замандастарымыздың мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта бірнеше маңызды жұмыстар атқарудамыз. Жұмыссыз және оқымайтын жастарды кәсіби білім беру курстарына тартып жатырмыз. Әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету мақсатында жеке консультациялық сессиялар өткізілді. Оларды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс жәрмеңкелері мен кәсіби бағдар беру тренингтері ұйымдастырылуда. Кәсіп ашуына да қолдау көрсетіп келеміз. Болашақта NEET санатындағы жастарды қолдау жұмыстары жалғасын табады. Жыл басынан бері аталған санаттағы жастар үшін 45 мыңнан астам кеңес беру жұмысы ұйымдастырылды. Жалпы саны 185 шараға 43 мыңнан астам жас қатысты. Нәтижесінде 690 жастың екі қолға бір күрек табуына жәрдемдестік. Оның ішінде 375-сі тұрақты жұмысқа орналасты.

— Аймақ жастары қайырымдылық бағытын-дағы шараларға да белсене қатысатынын білеміз. Бұл тақырып төңірегінде не айтасыз?

— 2024 жылы біз мұқтаж жандарды қолдауға бағытталған бірнеше қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырдық. «Үлкенге — құрмет!» акциясы аясында қарттар күніне орай соғыс ардагерлеріне, тыл еңбек-керлеріне және жалғызбасты зейнеткерлерге азық-түлік себеттері дайындалып, табысталды.

Қайырымдылық күніне орай демеушілердің қолдауымен еріктілер командасы көпбалалы отбасылар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетті.  Биыл біз ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін жаңа жылдық қайырымдылық шыршасын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Қатарымызды қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамайтын, мұқтаж тұрғындарға көмектесуге әзір қайырымды жастармен толықтырып жатырмыз. Бұл бағытта еріктілер қозғалысына қолдауды күшейтеміз. Ең үздік еріктілерді марапаттау мақсатында әртүрлі аталымдар бойынша байқау ұйымдастырылады. Сонымен қатар, тәжірибе алмасуға, қатысушылар арасындағы байланысты нығайтуға және волонтерлік қызметке жаңа адамдарды тартуға бағытталған үлкен форум өтеді.

— Аймақ жастарының белсенділігін қалай бағалайсыз?

— Павлодар облысының жастары өте белсенді және өз идеяларына сенімді. Олар жаңа технологияларды меңгеруге, кәсіпкерлік бастамаларға қызығушылық танытады. Сонымен қатар, әлеуметтік мәселелерге қатысты ынта-жігері мен қоғамдық белсенділігі жоғары. Дегенмен, кейбір жастарға мүмкіндік пен ресурстар жетпеуі мүмкін, сондықтан осындай жастарды қолдап, олардың дамуына бағытталған шараларды жүзеге асыру маңызды.

— Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан — Айдана ҚУАНЫШЕВА.