Жастар тақырыбында әңгіме қозғала қалса, оң пікірмен қатар сын-ескертпелер де қатар айтылады. Себебі қай заманда да кейінгі толқынға үлкендердің көңілі толмаған. Жастардың киімінен бастап, шаш үлгісіне, сөйлеген сөздеріне дейін сын айтылып, мін тағылады. Заманына қарай адамы. Әр дәуірдің өз ерекшеліктері болады, жастары да бір-біріне ұқсамайды, бұл — заңдылық.

ХХІ ғасырдың жастары да — мүлде бөлек әлем. Күн сайын құбылып, жаңарып отырған ақпараттық технологияның дамыған кезеңінде жастар тез құбыл-малы, өзгермелі. Зырғыған заман ағымына ілесу де оңай емес. Алдыңғы буын ағалардың заманы мен қазіргі буынды салыстыруға болмайды. Олардың өмірлік ұста-нымдарындағы, құндылықтары мен қызығушылықтарындағы айырма-шылық та жер мен көктей.

Бүгінгінің жастары жаңашылдыққа бейім, жаңалыққа жаны құмар, өзін-өзі дамытуға дайын. Қызығушы-лықтары да, құндылықтары да индивидуализмге бағытталған – өмірлік қағидалары жеке бастың қамын ойлау, мансап қуу, материалдық қажеттіліктерді жабу секілді мазмұнда болып келеді. Бұл олар рухани құндылықтардан ада деген сөз емес. Керісінше, жастар – әлемге ашық, жалпыадамзаттық құндылықтарды қадірлейтін, өз өміріне жауапкершілікпен қарайтын толқын. Өзіне не керегін білетін, мақсатшыл, білім алуға, тіл үйренуге талпынатын, шығармашылық бағытта да дамығысы келетін, жеке қабілеттерін ашуға тырысып, сол тұрғыда қандай қарым-қатынасқа да ашық жастардың қатары көбейіп келеді. Қай салада, қай бағытта болсын жетістікке жетуді қалайды. Өскелең ұрпақтың осылай өзгеруін өзімшілдікке балап, мін тағып жататындар көп.

Осы орайда «Жастардың өзгерісіне әсер етіп жатқан не?» деген заңды сұрақ туады. Оған жауап та белгілі – жаһандану дәуірінің ұшқыр дамуы, өзге халықтардың мәдениетімен, құндылықтарымен танысуы, ақпараттық технологияның, әлеуметтік желілердің ықпалы. Әрі қазір шетелде білім алуға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік көп. Қазақ жастары әлемдік деңгейде білім жағынан бәсекеге қабілетті деуге толық негіз бар. Оған жастарымыздың дүниежүзіне танымал университеттерде оқуы, шетелдерде жұмыс істеуі дәлел. Мәселен, соңғы деректерге сүйенсек, жыл сайын ел жастарының 8 мыңға жуығы шетелге кетеді екен. Олардың басым бөлігі — жоғары білімді. Демек, қазақ жастарының білім деңгейі шетелде білімін жалғастыруға, жұмыс істеуге жетеді деген сөз. Бұл – қуанарлық жағдай.

Кейде «жастар кітап оқымайды» деген пікірлер айтылып жатады. Қазір кітап дүкендері бұрынғыдай емес, көбейді. Кітап оқып, оны талдайтын клубтар да баршылық. Жас буынның кітап таңдауы да, талғамдары да ерекше. Кітаптың қолжетімді түрін, аудиокітаптарды тыңдап, электронды нұсқасын оқитындар да жетерлік. Әлеуметтік желілерде де кітап оқитын жастардың көбейгенін байқауға болады. Кітаптың орны бөлек, сондықтан кітап оқуда да қазіргі жастардың белсенділігі өте жақсы.

ХХІ ғасырдың жастарына артылған сенім өте жоғары. Мемлекет пен халықтың жастардан күтетіні – жаһандану заманында басқа елдің мәдениетіне жұтылып кетпей, білімді, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті болып, дамыған елдің жастарынан қалыспау. Ал олардың бойында ұлтқа деген құрмет, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілік бар ма? Ол – екінші мәселе. Ұлттық құндылықтарды бала кезінен бойына сіңіріп өскен адамның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қалай анықтауға болады? Тілін, мәдениетін, дәстүрін, ата-бабадан келе жатқан ұлттық код ретінде қалыптасқан өзіндік ерекшеліктерімізді мойындай алатын, ұлтым үшін қызмет етем деген жастардың орны қашанда басқалардан биік тұратыны анық. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Ұлтына, жұртына қызмет қылу – білімнен емес, мінезден» дегенде, осыны меңзесе керек. Кезінде Алаш зиялылары білімі мен ұлттық негізде алған тәрбиесінің арқасында халыққа қызмет етті. Сондықтан да бойына ұлттық құндылықтарды сіңірген жастар ғана жаһандық бәсекеге қабілетті болады.

Түптеп келгенде, жастардан талап ете бермей, олардың нені қалайтынын, қажеттіліктерін біліп, бақылап отыру қажет.

Алаш ақыны Мағжан Жұмабаевтың: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылуға міндетті», деген сөзін ұран етіп ұстанған жастарымыз көп болса, қазақ жастары ұлттық мүддені бірінші орынға қойып, туған жерінің игілігі үшін қызмет етері анық. Туған жер, халық, отбасы, достық деген құндылықтарды да бүгінгі жастардың бойынан көруге болады. Жастар – болашақтың айнасы. «Жастарға қарап болашақ айқындалады» деп халық айтқандай, қазіргі жастардың мойнындағы жауапкершіліктің салмағы аз емес.

 

Лаура ХАЛЕЛ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.